Оның айтуынша, тексеруді ІІМ-нің күзет қызметін бақылау департаменті өткен аптада бастаған.
«Нақты музейлер тізбесі бар. Ұлттық және мемлекеттік музейлердің бір бөлігі полиция қызметкерлері мен мамандандырылған күзет қызметінің бақылауында. Ал кейбір музейлер жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді. Біз жұмысты келесі аптаның соңына дейін толық аяқтап, Үкімет арқылы тиісті ұсыныс енгіземіз», деді Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында.
Вице-министрдің атап өтуінше, еліміздегі мәдени нысандардың қауіпсіздігін күшейту қажет. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі әкімдіктерге мәдени құндылықтарға қарсы заңсыз әрекеттердің алдын алу бойынша арнайы ұсынымдар әзірлейді.
Еске салайық, биыл қазан айында Париждегі Лувр музейінде ірі тонау дерегі тіркелген болатын. Қылмыскерлер жеті минуттың ішінде жалпы құны шамамен 88 млн еуро болатын тарихи жәдігерлерді алып кеткен. Кейін сегіз күдікті ұсталғанымен, бұрын француз корольдік әулетінің мүшелеріне тиесілі болған бірқатар құнды бұйымдар әлі күнге дейін табылған жоқ.