Суретті түсірген – автор
Аймақта асыл тұқымды сиыр өсірумен айналысатын 168-ден астам шаруашылық болса, олардың қолында 74 мыңнан астам ірі қара бар. Ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малдан қазақтың ақбас тұқымы, герефорд, абердин-ангус, әулиекөл тұқымдарын, ал сүт бағытындағылардан симментал, голштин, қызыл дала тұқымдары кең таралған.
2025 жылы Еуропадан және Ресейден сүт бағытындағы 812 бас голштино-фриз тұқымды ірі қара әкелінген.
– Мал шаруашылығын субсидиялау қағидасына сәйкес, ТМД елдерінен сатып алынған сүтті және сүтті-етті бағыттағы асыл тұқымды сиыр сатып алғаны үшін 225 мың теңге, Еуропа елдерінен жеткізілгендерге 400 мың теңге субсидия қарастырылған, – дейді өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев.
Қазіргі уақытта аймақта 471,6 мың сиыр бар. Оның ішінде 417,6 мыңы – сүт бағытында. Ірі қараны импорттау арқасында жануарлардың өнімділігі де артып келеді. 2025 жыл соңында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында бір сауынды сиырдан алынатын орташа сүт өнімі 5 413 кг-дан 5 869 кг-ға дейін өскені байқалған. Жыл басынан 220,5 мың тонна сүт өндіріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,4 %-ға артқан.
– 2024 жылы мал шаруашылығын субсидиялау үшін шаруа қожалықтарына 7,2 млрд теңге субсидия берілді (оның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін 3,3 млрд теңге), ал биыл 7,7 млрд теңге (асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін 2,7 млрд теңге) төленді. Тауарлық сүт фермасын салу бойынша құны 10 млрд теңгеге 2 жоба іске қосылды. Тағы біреуінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады, – деп қосты басқарма өкілі.
Мамандар асыл тұқымды шаруашылықтар ет бойынша жоспарды артығымен орындап отырғанын айтады. Жыл сайын шамамен 26 мың тоннаға жуық ет өндіріледі. Ал өңір тұрғындарының жылдық сұранысы – 15,1 мың тонна. Яғни облыс халқының тұтыну қажеттілігі 172 %-ға орындалып отыр деген сөз.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кейінгі үш жылда еліміздегі фермерлерге 2,5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріліп келеді. Жеңілдетілген бағдарламаның шарапатын сезінгендердің бірі – «Agro Trade-PV» ЖШС. Тап-тұйнақтай фермадан айналадағы 3 ауылдан 70-тен астам адам жұмыс тауып отыр. Мұнда 1200-дей сиыр ұсталады. Күніне 40 тоннадан астам сүт сауылып, облыс орталығындағы «Сүт» АҚ-на тапсырылады.
«Сиырлар 305 күндей үзбей сауылып, одан соң 60 күн тыңаяды. Бұл уақытта бұзаулап үлгереді. Жалпы, асыл тұқымды сиырлар әрі кетсе 5 жыл, орташа 3 жыл ғана өнімді сүт береді, одан әрі сүтінің қасиеті төмендеп, сұйылады. Сондықтан селекция жұмыстарымен үзбей айналысып, асыл тұқымды малдың ұрпақ жалғастыруын ұйымдастырудамыз. Жас төлдерді өзге шаруашылықтарға сатамыз. Мемлекеттен 2,5 пайызбен 257 млн теңге қаражат алып, 200-ден аса сиыр сатып алғанбыз. Оның арқасында кеңейіп, сиыр санын көбейттік», дейді ферма басшысы Қуаныш Темірғалин.
Фермадағы шеңберлі сауу жүйесінде сиырлар күніне 3 мәрте сауылады. Сүттің майлылығы – 4,5 пайыз. Мұндай сапасы жоғары шикізатты зауыттар бірден қабылдауға бейім.
Павлодар облысы