Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Қос «Қызыл Жұлдызды» майдангер

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыста бейбіт өмір жолында қасіретті қырғынның от-жалынын кешкен ержүрек жауынгерлердің бірі – Нұртай Әлиманов.

Қос «Қызыл Жұлдызды» майдангер

Нұртай Әлиманов 1905 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Сарыобалы ауылында Қарадөң деген жерде туған. Ата-анасынан бес жасында жетім қалған. Кеңес өкіметі орнағанда өз бетімен сауат ашып, шаруашылық жұмысына етене араласқан. 1922 жылғы Тұрар Рысқұлов ұйым­дас­тыр­ған аштарға көмек қорының ауылдағы басқармасы ретінде тарыққан ағайынға көп көмек көр­сетеді. Ел іші дүрбелеңге толы 30-жылдары ферма меңгеру­ші­сі болып еңбек етеді.

1942  жылы  Қарқаралы  аудандық әскери бөлімінің шақыртуымен соғысқа аттанады. 109-атқыштар дивизиясының 602-атқыштар полкі құрамында майданға кіреді. 1448-эвакуациялық госпитальға жараланып түскені туралы дерек, қызыл әскердің картотекасы сақталған. 1944 жылғы наурызда 87-эвакуациялық госпитальдің әскери іріктеу пунктінен Ленин­град қаласына жіберіледі. Жалпы, бұл соғысқа бір әулеттен жеті бірдей азамат қатысып, алтауы аман-есен елге оралады. Атап айт­қанда, Нұртай Әлиманов, інілері Жақан Игіліков, Мықтыбай Мұсатаев, Дөкей Мұсатаев, Ілияс Ауанов, Қапан Ысқақов, Қалиасқар Игіліков. Ресейдің соғыс тақырыбына арналған «Халық ерлігі» сайтында Н.Әлиманов тура­лы мынадай дерек келтіріледі:

«Нұртай Әлиманов – гвардия кіші лейтенанты. Ленин орденді Красносельский Қызыл тулы 45-гвардиялық атқыштар дивизиясының 131-полкында пулеметші болған. 1944 жылғы 6 мамыр күні ескі Алакөл ауда­нында болған шайқаста қызыл әскерлерді жауға қарсы шабуылға көтеріп, үлгі көрсетті. Өзі пулеметімен жаудың төрт ату нүктесін жойды. Сол арқылы майдандас жолдастарының өмірін сақтап, бөлімшенің алдына қойған міндетін көп шығынсыз атқаруына жол ашты. Осы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды».

Нұртай Әлиманов соғыстағы ерлігі үшін екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», жауынгерлік «Қызыл Ту», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен, көптеген мерекелік медальмен марапатталған.

Майдангер 1944 жылы 26 наурызда әскер қатарынан босатылған. Туған жерге аман-есен оралған соң бейбіт өмірге белсене араласады. Ферма бастығы, кейін қойма меңгерушісі міндеттерін атқарады. Соғыстан соң тұралап қалған халық шаруашылығын қалпына келтіруге, ауылды өркендетуге лайықты үлес қосады. Ел ішінде адалдығымен, әділдігімен, көл­гір­лікке төзбейтіндігімен, шын­шыл­дығымен беделге, құр­мет­ке ие болған. Ауыл мекте­бін­­дегі мемориалдық тақтада суреті, өмір жолы бедерленген. Жыл сайын Жеңіс күні мерекесіне орай, соғыс ардагерлері қатарында өмірбаяны кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде әңгімеленіп отырады.

Туған елімен тығыз байланыста өмір сүріп, тыныс-тіршілігіне бар ықы­ласымен араласқан аптал азамат отбасында асыл жар, ардақ­ты әке де бола білді. Өмірлік жары, 100 жасқа жақындап барып дүние салған Мәрия ана екеуі төрт ұл, бір қыз бала тәрбиелеп өсірді. Бала­ла­рының бәрі ата-ананың тәлімді тәрбие­сіне сай, есті-басты, ер намысты болып өсті. Олардан тара­ған ұрпақтары бүгінде Қарағанды, Балқаш қалаларында тұра­ды.

Майдангер 1971 жылы бақиға озды. Сарыобалы ауылы Қызылжал деген жерге, ата-баба қорымына жерленді. Сұрапыл соғыста жауға қарсы күрескен әрбір ардагердің өмірі – тарихтың бір парағы, ерлікке толы тағдыр. Сол тұрғыда Н.Әлиманов сынды майдангер, ардагерлердің асыл рухын ардақтап, құрмет көрсете беру елдің рухани кемел­ді­гін танытады. Ардагердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды, ол – өткеннің аманаты, бүгіннің абыройы, болашақтың үлгісі. 

Соңғы жаңалықтар

Доллар бағамы арзандады

Қаржы • Бүгін, 18:00