Қоғам • Бүгін, 08:45

«Қарызсыз қоғам» жобасының шапағаты

30 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ қоғамы кейінгі онжылдықта түрлі несие шырмауына тәуелді болып қалды десек, артық айтқандық емес. Тұрғын үй, автокөлік, дәстүрлі той-томалақ тұрмақ, тұрмыстық техникадан бастап, киім-кешек, азық-түлікке дейін несиеге алу қалыпты өмір салтына айналды. Алайда бұл «қалыптылықтың» артында 8,5 миллионға жуық экономикалық белсенді халықтың қарызға батуы, оның ішінде 1,5 миллионнан астам адамның төлем мерзімін 90 күннен асырып алуы сияқты келеңсіз статистика тұр.

«Қарызсыз қоғам» жобасының шапағаты

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Осы тұрғыда «Amanat» пар­тия­­сы­ның бастамасымен қол­ға алын­ған «Қарызсыз қоғам» жо­ба­­сының іске қо­сыл­ғанына үш жылға жуық­та­ды. Бастапқыда, 2023 жылы қанатқақ­ты режімде бірнеше өңірде ғана бастал­ған жоба қысқа мерзім ішін­де өзінің өзектілігін дәлелдеді, әлеу­мет­тік жобадан үлкен ұлттық бағ­дар­ламаға айналды. Бірегей жоба­ның басты мақсаты – халықты қаржы­лық сауат­ты­лыққа оқыту арқылы қарыз құрсауынан шығу­дың жол­дарын көрсету, азамат-тардың несие жүктемесін азайту.

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыр­күйектегі «Әділетті Қазақ­стан­ның эко­но­микалық бағда­ры» атты халық­қа Жол­дауында «Қарыз­сыз қоғам» жоба­сына арнайы тоқ­талып, «Жобаның ар­қа­сында еліміздің 8 аймағында ­20 мың­нан астам адам қаржы­лық сауатын арттырды. Олар­дың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақыт­та өзі­нің тиімділігін көрсетті. Үкімет­ке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын», деген болатын.

Жақында өткен «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру ба­рысын қоры­тындылауға ар­налған жиында Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төраға­сы Ерлан Қошанов: «Қарызсыз қоғам» жобасы қалыпты даму жолынан өтті. Шағын ғана пар­тиялық бастамадан ауқымды мем­­лекеттік бағдарламаға айнал­ды. Президенттің, халықтың қол­дауына ие болды. Бұл жоба – түрлі жағ­дайға тап болған адамдар­ға көрсетілген нақты көмек. Өйт­кені шешімін тапқан әр мәселенің ­артында мыңдаған адамның тағ­ды­ры тұр. Ең бастысы, азамат­тар­дың үміті оянып, сенімі ныға­йып келеді. Жоба мұқтаж жан­дарға кешенді көмек көрсетудің бір­тұтас жүйесін құруға мүмкіндік бер­ді», деп атап өтті.

Бүгінде «Қарызсыз қоғам» жобасы жаңа деңгейге көтеріліп, қаржылық қиындыққа тап бол­ған азаматтарға кешенді қолдау көрсететін масштабты экожүйеге айналды. Биылғы маңызды оқиға – 18 наурызда қаржылық мони­торинг жөніндегі меморандум­ға ­қол қойылды. Бұл мәміле аза­мат­тар­­ды заңсыз микроқаржы ұйымдары, қар­жылық пирамидалар мен құмар ойын­дардан қорғауға бағытталған жаңа құрал­дарды іске қосты. Мемлекеттік органдар, қаржы секторы, азамат­тық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды күшейтті.

«Amanat» партиясы атынан жобаны жүзеге асырып жат­қан «Өңірлердің экономикасын тұрақты дамыту» қоғам­дық қорының директоры Олжас Ордабаев ұсынған деректерге сүйенсек, былтыр 780 мыңнан астам, биыл 862 084 адамның қары­зына қатысты жұмыстар жүр­гізілді. Жұмыстар еліміздің барлық өңіріндегі, оның ішінде Алматы, Астана, Шымкент қала­ларындағы қарыз мерзімі 90 күн­нен асқан D, E санатындағы азаматтарды қамтыды. Әлеумет­тік-демографиялық мәліметтер бо­йынша, қарыздар әйелдер – 517 689 (60,05%), ерлер – 344 395 адам (39,95%). Жас топтары: 18–35 жаста – 40,8%, 36–49 – 35,9%, 50–63 – 19,4%, 64+ – 3,9%. Ауыл­дық тұрғындар – 53%, қалалық – 47%. Жұмыс істейтіндер мен кәсіпкерлер – 59,5%. Әлеуметтік осал топ – 24%, жұмыссыздар – 12%, зейнеткерлер – 4,46%.

Барлық қарызды реттеуге қа­тыс­ты жүйелі жұмыстар жүр­гі­зіл­ді. 422 421 азаматтың қарызы қай­­та құрылымдал­ды, 258 625 ­аза­маттың шоттары мен мүлік­тері бұғаттан алынды, 145 347 аза­мат­қа жұмысқа орналасу, коллекторлармен жұмыс, мемлекеттік органдарға жүгінуге көмек көрсе­тілді. Алаяқтық жөнінде 892 арыз тіркелді, оның 15-і сотқа жіберіл­ді. Сотсыз банкроттық рәсімінен ­34 483 адам, сот арқылы банкрот­тық рәсімінен 345 адам өтті. ­862 адамның төлем қабілеті қалпына келтірілді. Жалпы, 85% өтініштер банкроттық рәсі­мінсіз шешілді.

Жобаның қолжетімділігін арт­тыру мақ­сатында ауылдық аймақ­тарда мобильді топтар жұ­мыс істей бастады. Цифр­лық инфрақұрылым qogamfin.kz плат­формасы 350 000 адамға арнал­ған, 84 бейнесабақ бар. Күнделікті ­AI-боттар WhatsApp пен Telegram арқылы қызмет көр­сетеді, Call-центр 500 мың өті­нішке дейін өң­дей алады, мұн­да 180 қызмет­кер, ­оның ішін­де 130 өңірлік үйлес­тіруші,
­50 заңгер жұмыс істейді. Мемле­кет­­тік бағдарламалар жөнінде ­ 3825 ­адам кеңес алды. Платфор­малық эко­номика қызметкерлері 95 294 адамға құқық­тық көмек көрсетті.

Жоба жетекшілерінің ай­туын­­ша, қатысушылардың ба­сым бөлігі – көп­балалы аналар, ауыл тұрғындары, жұ­мыс­­сыз жастар. Олардың көп­ші­лігі несие келісімшартына қол қой­ғанда қаржылық терминдерді түсінбейтін, шарттарын оқы­май­тын деңгейде болған. Жоба­­­ның нәтижелерін барлау ба­­рысында біз экономис­тер мен әлеуметтанушылар­дың түр­лі дереккөздердегі пікірле­ріне үңілдік. Білікті мамандар мәсе­ленің түп-төркіні тек қаржы­лық сауатсыздықта емес екенін алға тартады. Эконо­мист-сарап­шы­лардың пікірінше, халықтың несиеге батуының басты факторы – нақты табыстың инфляцияға ілесе алмауы.

– Біз «тұтынушылық несие» дегенде, көбіне жаңа iPhone немесе қымбат көлік алғандар­ды елестетеміз. Бірақ «Қарыз­сыз қоғам» жобасының аясында жиналған деректер басқа шын­дықты көрсетті. Айталық, ауыл-аудандардағы, шағын қалалар­дағы адамдар несиені көмір алу­ға, балаларын мектепке киін­діруге, тіпті азық-түлікке де ала береді. Осы орайда адамдарға қаржылық сауат­ты­лықты үйрету өте маңызды, бірақ егер кіріс шығысты жаппаса, ең сауатты экономистің өзі қарызға батуға мәжбүр болады, – дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.

Әлеуметтанушылар мәселе­нің мен­тальды жағына баса назар аударады. ­Мәсе­лен, қазақ қоға­мындағы той мәдениеті несие жүктемесіне айтарлық­тай әсер етіп отыр. «Көптеген адам ел­ден қалмаймын деп, қалтасы көтермесе де несиеге той жасайды. Жоба аясын­дағы тренингтерде психологиялық блоктар да бар. Адамдарға өз мүмкіндігіне қарай өмір сүруді үйрету экономика­лық дәріс­тен де маңыздырақ болып тұр», дейді жоба менторлары.

«Қарызсыз қоғамның» ең үл­кен же­тіс­тігі тек оқыту емес, заң шығарушы орган­дарға ықпал етуі болды. Жоба барысында жинал­ған шағымдар мен нақты кейс­тер негізінде 2024 жылы «Кредиттеу кезінде тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң қабылданды. Заңның бірқатар артықшылық­ты тұсы бар. Айталық, егер азамат несиесін 90 күн бойы төлей алмаса, банктер мен микроқаржы ұйымдары оған пайыздар мен тұ­рақсыздық айыбын есептеуді тоқ­татуға міндеттеледі. Бұл – борыш­кер қарызының геометрия­лық прогреспен өсіп кетуін тоқтата­­тын тетік. Сонымен қатар азамат­тар­дың қары­зын коллектор­лық агенттіктерге сатуға екі жыл­ға де­йін мораторий енгізілді, кейін­нен ережелер қатаңдатылды. Бұл борышкерлерді психология­­лық қысым­нан қорғауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ алаяқтар­дың бөтен адамның атына несие рәсім­деуін тоқтату мақсатында енді онлайн несие алу кезінде био­метриялық сәйкестендіру міндеттеледі.

«Қарызсыз қоғам» жобасы жұмыс барысында тағы бір қа­уіп­ті дерттің бетін ашты. Несие­ге белшесінен батқан жас­тардың едәуір бөлігі, сондай-ақ ақыл тоқ­­татқан егде адамдар­дың өзі қа­ражатты тұтынуға емес, бук­ме­керлік кеңселер, онлайн-казинолар сынды құмар ойындар­ға жұмсаған. Сарапшылар­дың дерегінше, лудомания мен несие­­лік тәуелділік егіз ұғымға айналған. Оңай олжаға кенелу үмі­тімен несие алғандар ұтылған соң, оны жабамын деп тағы несие алады. Жоба аясында заңгер­лер осын­дай азаматтармен, олар­дың отбасыларымен күрделі жұмыс­тар жүргізді. Нәтижесінде, лудо­маниямен күрес заңнамасы да қатаң­­датылды. Сондай-ақ қар­­жылық кибер-алаяқтық құрбандарына құқықтық көмек көрсетілді. ­Жоба заңгерлері 100 мың­нан астам азаматқа тегін ке­ңес беріп, ­олар­дың біразының шоттарын бұғаттан шығаруға, төлем кестесін ыңғайлы мерзімге ауыстыруға көмектесті.

Жобаның келесі бір кезеңі – қаржы­лық мәдениетті институттандыру. Қазір­де «Қарызсыз қо­ғам» оқулықтары әзір­леніп, мектептер мен жоғары оқу орын­дарының бағдарламасына енгізі­ле бастады. Бұл – стратегиялық қа­дам. «Біз қазіргі ересек буын­­ның қарызын реттеумен айналы­сып жатырмыз. Болашақта мұн­дай келеңсіздік қайталанбасын десек, бүгінгі мектеп оқушысы ақша­ның құнын, жинақ пен ин­вес­тиция­ның маңы­зын біліп өсуі керек», ­дейді жоба үйлестірушілері.

Сонымен қатар Enbek.kz порталы арқылы курсты бітірген жұ­мыссыз аза­маттарға бос жұ­мыс орындары ұсыны­лады неме­се шағын кәсіп ашуға 2,5% жеңіл­де­тілген несие, гранттар беріледі.

– Жобаның жақын жоспарлары негізінен оның ауқымын кеңейтуге, қолжетімділігін арт­тыруға бағытталған. Біз келер жылы цифрлық платформа­лар­ды жетілдіру арқылы 350 мың аза­матқа қаржылық, құқықтық білім беру, ауыл­дық жерлерде мобильді топтарды іске қосу арқылы қолжетімділікті арт­ты­ру, азаматтарды заңсыз мик­ро­кре­дит ұйымдарынан, қаржы­лық пирамида­лардан, алаяқтық әре­­кет­терден қор­ғау, жоғары оқу орын­дарының құқық­тық кли­ни­каларын тарту арқылы аза­­мат­тар­ға банкроттық пен құқық­­­тық мәселелер жөнінде қол­дау көрсету, ақпараттық нау­қандар мен тренингтер өткізу арқы­лы қаржылық сауатты арттыру жұ­мыс­тарын жалғастыруды жос­парлап отырмыз, – деп түйін­деді «Өңірлердің экономикасын тұ­рақты дамыту» қоғамдық қоры­ның директоры О.Ордабаев.

«Қарызсыз қоғам» – еліміз та­рихын­дағы ең ауқымды әрі нақты нәтижеге бағытталған әлеуметтік жобалардың бірі. Ол бүгінде билік пен қоғам арасындағы ашық ­диалог алаңына айналды. Соның арқасында халықтың қаржы­лық сауа­ты артты. Банктер мен мик­ро­қаржы ұйым­дарының қатал саясатына заң жү­зінде тосқауыл қойылды. Қоғамдағы «қарыз алу – қалыпты жағдай» деген түсінік «қарыз – жауапкершілік» деген көзқарасқа ­ауыса бастады.

Дегенмен бұл жоба барлық мәсе­лені бір сәтте шеше сала­тын сиқырлы таяқ­ша емес. Сарап­шы­лардың сөзімен түйін­десек, «Қа­рызсыз қоғам» жобасы ха­лық­қа қаржылық сауаттылықты үйрет­­ті, құқықтық қорғалу тетік­те­рін бекем­деді. Ендігі кезекте қа­лыпты жұмыс істеу, табысты арт­тыру – әр азаматтың жеке жауап­кер­шілігіндегі мәселе. Түп­теп келгенде, қарызсыз қоғам – мемле­кеттік саясаттың, елдің әлеумет­тік-эконо­микалық дамуының басты бағыты, нақ­ты ұстанымы, ал қарызсыз адам – сол қоғам­ның қарым-қабілеті қалыпты, ойы ор­нықты, ісі келісті, толыққанды мүшесі.

Соңғы жаңалықтар

Доллар бағамы арзандады

Қаржы • Бүгін, 18:00