Қоғам • Бүгін, 10:40

Кеңгір ауылы газға қосылып, таза ауыз сумен қамтылды

80 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлытау облысының Кеңгір ауылында көгілдір отынды ресми іске қосу рәсімі өтті. Аталған маңызды инфрақұрылымдық жоба нәтижесінде елді мекендегі 442 тұрғын үй мен жеті әлеуметтік нысан табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Ұзындығы 25 шақырымды құрайтын газ тарату желілерінің құрылысы биылғы сәуір айында басталып, қысқа мерзімде толық аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кеңгір ауылы газға қосылып, таза ауыз сумен қамтылды

Сонымен қатар, Кеңгір ауылы тұрғындарына Есқұла жер асты су көзінен таза ауыз су берілді.

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков жергілікті халықты қуанышты жаңалықпен құттықтап:

«Қазіргі уақытта газдандыру жобасы аясында Жезқазған және Қаражал қалаларында, сондай-ақ Атасу мен Жәйрем кенттерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Ұлытау ауылы, Жезді кенті және Сәтбаев қаласы бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар мемлекеттік сараптамаға енгізілді. Көгілдір отын өңіріміздегі экологиялық ахуалды жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді», деп атап өтті облыс әкімі.

Ұлытау облысында 2030 жылға дейінгі өңірлік схема шеңберінде тоғыз елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланған.

Жақында Үкіметтің қолдауымен Қаражал қаласы мен Жәйрем кентін газдандыруға қосымша 2,4 млрд. теңге бөлінді.

Жоспарланған инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.

Ұлытау облысы

Соңғы жаңалықтар

Доллар бағамы арзандады

Қаржы • Бүгін, 18:00