Өнер иесі 17 желтоқсанда ҚазҰМУ-ға барып, университеттің студенттері мен қызметкерлерімен кездесті. Іс-шара барысында университет ректоры Марат Шоранов Димаш Құдайбергеннің мәдениетті дамытуға, жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне қосқан үлесін және Қазақстанның халықаралық аренадағы оң имиджін насихаттаудағы еңбегін атап өтіп, оған тиісті атақты табыстады.
Болашақ дәрігерлерге арнаған сөзінде Димаш медициналық мамандықтың күрделілігі мен жауапкершілігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, медицина саласы үнемі өзін жетілдіруді, жоғары зейінді және үздіксіз білім алуды талап етеді. Сондай-ақ ол күн сайын адам өмірін құтқарып жүрген дәрігерлер нағыз жұлдыз атануға әбден лайық екенін айтты.
Кеш соңында Димаш Құдайберген мен ҚазҰМУ студенттері және «Дала сазы» ұлттық халық аспаптары ансамблінің мүшелері бірлесіп ортақ музыкалық өнер көрсетті. Олар сахна мен көрерменді бір арнаға тоғыстырған «Адай» күйін күмбірлетіп орындады.