Бұл жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым ордасы» РМК бастамасымен және Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен алғаш рет жүзеге асырылды.
Екіжақты бастама аясында қазақстандық тарап кітапхана қорына 250 дана кітапты сыйға тартты. Жаңа бұрышта қазақ әдебиеті, тарихы, мәдениеті мен ғылымына арналған басылымдар қойылды. Аталған еңбектер «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы, Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, сондай-ақ М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тарапынан ұсынылды.
Айта кету керек, Орталық ғылыми кітапхана – бүгінде Қазақстандағы ең ірі ғылыми кітапханалардың бірі, оның қоры шамамен 6 миллион сақтау бірлігін құрайды. Рами кітапханасында «Қазақстанның ғылыми-әдеби бұрышының» ашылуы – қазақ ғылымы мен әдебиетін әлемдік кеңістікте кеңінен танытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы рухани байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды мәдени бастама.