Махамбет аудандық сотында ауруханаға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігімен қозғалған әкімшілік іс қаралды.
«Аурухана жоғары тәуекел дәрежесіне жататын нысан болғандықтан, 25 ақпан-5 наурыз аралығында аурузанаға өрт қауіпсіздігі іс-шараларының орындалуына профилактикалық бақылау жүргізіліп, 20 бұзушылық анықталған. Оны орындауға 10 шілдеге дейін уақыт берілген. Алайда, 1 тамыздағы тексеру кезінде бұзушылықтардың сегізі орындалмаған», деп хабарлады аудандық соттан.
Сот отырысында аурухана өкілі кінәсін мойындап, жеңіл жаза қолдануды сұраған. ️Сот аурухананың 20 бұзушылықтың 12-сін жойғанын ескерді.
«Ал, 8 бұзушылықтың орындалмағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 829-11-бабының 2-бөлігіне сәйкес, салынатын айыппұлдың жалпы сомасының отыз пайызын қысқартты. Махамбет аудандық ауруханасына 1 млн 376 мың 200 теңге әкімшілік айыппұл жазасы тағайындалды», деп мәлім етті соттан.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.