Жақында Төлеңгіт ауылына ат басын бұрдық. Қостанайдан, ары кетсе 160 шақырымдай ғана жер. Екі сағат өтпей 145 шақырым жолды еңсеріп, ауылдық округ орталығы Ұзынағашқа кірдік. Ауыл тұрғындарының айтуынша, кейінгі екі жыл ішінде ауылдан 15 үй көшіп кеткен. Сиреп қалған үйлердің іргесі бір-бірінен 100–200 метрдей алшақ жатыр. Көршінің үйіне атпен баруға тура келеді. Ауыл іргесінен екі елді қақ жарып Тобыл өзені өтеді. Өзеннің арғы беті – сыңсыған орман. Қалың қарағайдың бір шетінде күмбезі көк тіреген үлкен шіркеуі бар іргелі елді мекен жарқырап көрінеді. Көк түтіндеткен мұржасының көптігіне қарап, бұл ауылда әжептәуір халық тұрады-ау деп түйдік. Бергі беттің келбеті арғы беттегідей емес, тым жұтаң. Қабырғасы ырсиып, шатыры шөккен бірді-екілі ескі үйлер, көшіп кеткен жұрттан қалған жермен-жексен үйлердің орны бір кездері бұл жерде түп-түзу көше болғанын меңзеп тұрғандай.
Біз келіп түскен үйдің қожайыны Аңсаған есімді еті тірі жігіт екен, иесіз қалған іргелес екі үйдің албарын қоршап, үлкен малқора жасап тастапты. Қораның қақ ортасына мая-мая шөп үйілген. Кем дегенде екі қысқа жетеді.
– Ес білгелі осы ауылда тұрып жатырмыз. Жағдайымыз жақсы. Жұрттың көбі қалаға кетті. Бірақ өз басым ешқайда көшпеймін. Осы ауылда біраз үлкен кісілер бар еді, ата-анасының денсаулығына алаңдаған балалары қалаға немесе аудан орталығына көшіріп алып жатыр. Көшіп кеткен кісілердің бәрі жазда бір келіп кетеді. Бас қосып, дүниеден озған жақындарына дұға бағыштап, өткенді еске алып, көздеріне жас алып, қимай-қимай қоштасады. Қазір ауылда 10-ақ үй қалды. Тұрған жеріміз мал ұстауға ыңғайлы, өмір сүруге қолайлы. Бір-екі жыл бұрын біраз малымды сатып, қаладан қызыма үй алып бердім. Биыл ұлым үйленген. Бұрын қалада тұратын еді, үйлене салып, келінімді жетектеп ауылға көшіп келді. Қуанып жатырмыз. Екеуі де мұғалім болып жұмыс істеп жүр. Мектебіміз осы ауылдан 15 шақырым жерде. Ауылға жастар көбірек келсе, нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы, бұл ауыл нағыз өмір сүретін жер. Адам азайған сайын ауылға аң-құс, жабайы жануар жақын жүреді екен. Қазір түлкі көп, азын-аулақ қазымызды қоймайды. Не иттен, не мылтықтың дауысынан қорықпайды. Бұрын сирек көзге түсетін бұғы, елік қазір жол жиегіне, ауыл маңына жиі келетін болды, – дейді Аңсаған.
Аңсағанның қаладан оралған ұлы мен келіні әлгінде біз өткен Ұзынағаштағы Оразалы Қозыбаев атындағы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Сайран технология пәнінен, Балауса психологиядан сабақ береді.
«Қостанайда тұрақты жұмысымыз болды. Сайран «Камлит кз» зауытында жұмыс істеді. Өзім Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университетте оқи жүріп, облыстық газетте қызмет еттім. Бізді ауылға келіңдер деп ешкім шақырған жоқ. Отау құрған соң, өзіміз ақылдасып-кеңесіп, әке-шешеміздің қасында болайық, ауылда жұмыс істейік, мұнда да еңбек етіп, тіршілік етуге болады деген ұйғарымға келдік. Қалада жұмыстың сыртында, шағын дәмханамыз болды. Табысымыз да жаман емес еді. Соны сатып, орнына біраз төл алдық. Ақырындап мал басын көбейткіміз келеді. Бұл жақта жайылым жетеді. Ауылды жастар көтеруі керек. Шекара шетіндегі елді мекендерде халық саны күрт азайып кеткеніне Президентіміз де алаңдайтынын білеміз. Шекара түбіндегі ауылдарға жеңілдік қарастыратын заң қабылдануы мүмкін деген жылы хабарды да естіп отырмыз. Сондықтан өз басым Төлеңгіт жабылады деп ойламаймын. Қайта келешекте ел қонып, еңселі ауылға айналады деген үмітіміз бар», дейді мұғалима Балауса.
Қаладағы жайлы тұрмысты қиып, ауылға көшіп келген жас отбасының батыл шешімі көңіл сүйсінтеді. Алайда жалаң қолмен жауға қарсы шапқандай болған жалғыз жас отбасы бүгін-ертең жабылып қалайын деп тұрған жар шетіндегі ауылды құтқарып қала алар ма екен деген күдік те жоқ емес.
Ауылдың ең кішкентай тұрғыны бестіктен басқа баға алмайтын оқу озаты Әнел Алтай биыл 6-сыныпта оқып жүр. Ауылдың Әнелден кейінгі кішісі Ернар – 11-сыныпта. Ернар келесі жылы мектеп бітіріп, қалаға кетсе, Төлеңгітте жалғыз оқушы Әнел ғана қалады. Бес үйлі Байғожа ауылында да жалғыз оқушы қалып отыр. Санжар 10-сыныпта оқиды. Құлшықайда бастауыш мектеп бар. Бұл мектептің бірінші, үшінші сыныбы жоқ. Қазір екінші сыныпта 2, төртінші сыныпта 4 бала оқиды. Қысқасы, келесі жылы бұл мектеп те біржола жабылайын деп тұр. Қазір бұл ауылдан 12 бала Ұзынағашқа барып оқып жүр.
Ауыл тұрғындары бар мәселе жолда, жол жақсы болса, жұрт бұлайша үдере көшпес еді дейді. Мәселен, биылдың өзінде 6 отбасы көшіп кеткен.
«Жолдың жағдайын суретке, бейнежазбаға түсіріп, өткенде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына жібергенмін. Күте тұрыңыздар, грейдер жібереміз, бетін тегістеп береді деді. Өткен жылы Теңізге дейінгі жол жөнделді. Ал Ұзынағаш пен Төлеңгіттің арасына жол салу жоспарда жоқ. Бұл жолды жыл сайын көктемде бір, күзде бір тегістеп отырамыз», дейді Қарақоға ауылдық округінің әкімі Қолғанат Мырзағалиев.
Шекара түбіндегі үш ауылда байланыс мәселесі де ақсап тұр. Жергілікті тұрғындар бертінге дейін ресейлік sim-карта пайдаланып келген. Кейін көрші ел шектеу қойып тастап, байланысқа шығу қиындап кеткен. Ресей байланысын пайдалануға сол жақтың азаматының ЖСН-ы арқылы ресми тіркелу керек. Отандық «Билайн» байланысы әлсіз. Сондықтан жұрт жаппай үйлеріне жылдамдық күшейткіш қойып жатыр. Оның күші бір бөлмеден әрі аспайды. Жауын-шашынды, боранды күндері тұрғындар мүлде байланыссыз қалады.
Ауыл әкімі биыл «Аmanat» партиясына қанша адам тұрса да ауылды жаппау керек деген ұсыныс беріпті. Өйткені қазіргі заңға сәйкес, тұрғындар саны 50-ге жетпейтін болса, ол жойылған ауыл болып есептеледі.
«2026 жылы шекара маңындағы ауылдарды дамыту туралы жаңа заң шығып қалар деп отырмыз. Сол заңға ұсынысым еніп кетсе жақсы болар еді. Бұл өңір шаруашылыққа қолайлы, жері кең, жайылымы шұрайлы. Шекара түбі болған соң, халық тұруы керек. Бұлай көше берсе, ертең бос қалып қояды. Биыл, міне, бір ауылдан айырылып қалдық. Байғожаны жауып тастады. Қалған екі ауылды әзірге 100 адам деп көрсетіп, жабылмасын деп ұстап тұрмыз», дейді Қ.Мырзағалиев.
Осыдан екі-үш жыл бұрын ғана Қарақоға ауылдық округіне қарасты Байғожада 12 үй (50 адам), Құлшықайда 36 үй (116 адам), Төлеңгітте 26 үй (90 адам) болған. Тегінде, мектебі жабылған ауыл аты жаман дертке шалдыққан адам сияқты. Беті бері қарауы қиын, көз алдыңда азайып, шөге береді. Алайда Құлшықай мен Төлеңгіттегі аз ағайын мемлекет деген мықты дәрігердің шарапаты тисе ғайыптан тайып оңалып кетуіміз де мүмкін ғой деп отыр.
Қостанай облысы