Фото: Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы өз сөзінде Хиросима, Нагасаки және Семей қасіреті ядролық қаруға жауапкершілікпен қарап, ұстамдылық танытудың қаншалықты маңызды екенін айтты.
«Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл біздің осалдығымыз емес. Керісінше, стратегиялық көрегендік танытып, осы арқылы бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігі маңызды екенін көрсеттік. Арада отыз жылдан аса уақыт өтсе де, осы ұстанымнан айныған жоқпыз: жаһандық қауіпсіздік жүйесін ядролық қарумен ұстап тұруға болмайды. Халықаралық қоғамдастық жаппай ядролық қарусыздану бағытында белсенді әрекет етіп, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне үлес қосуға тиіс. Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруы бар алпауыт елдер арасындағы жоғары деңгейлі диалогты қайта бастауға үндейді. Сондай-ақ ядролық қаруды қолдану немесе сынау қаупін жою үшін анағұрлым батыл әрі көпжақты әрекетке шақырады. Қазақстан мен Жапонияның бұл тұрғыда әлем алдында жүзі жарқын. Елдеріміз ядролық алпауыт мемлекеттер мәмілеге келе алмай жатқан кезде қарама-қайшылықтарды реттеп, прагматикалық тұрғыдан көшбасшы екенін көрсете алар еді», деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ университеті ЖИ саласындағы халықаралық зерттеулерді ілгерілетуде бірегей мүмкіндікке ие екенін айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы бастама көтергенін еске салды. Сондай-ақ БҰҰ университетіне осы ізгі істі қолдап, ғылыми зерттеулерге белсенді атсалысуды ұсынды.
Келешек туралы ой қозғаған Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні қазіргі заман келбетін қалыптастыратын шешуші күштің бірі деп атады.
Әйтсе де, оның пікірінше, ЖИ-дің қаупі де жоқ емес. Оған жұртшылықтың теңдей қол жеткізе алмауы және теріс пиғылда, соның ішінде әскери мақсатта қолдануы себеп болуы ықтимал.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы кезінде ядролық қауіпсіздік пен азаматтық авиация салаларында жалпыға бірдей нормаларды қалыптастырды. Сол секілді енді бұл істе де негізгі үйлестіруші рөлін атқаруға тиіс. Әлемнің жетекші технологиялық орталықтарының бірінде орналасқан жаһандық оқу орны ретінде БҰҰ университеті ЖИ-дің әлеуетіне, қауіп-қатеріне және оны басқаруға қатысты халықаралық зерттеулерді ілгерілетуде бірегей мүмкіндікке ие», деді Президент.Айта кетейік Мемлекет басшысы Токио қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы университетіне барып, «Дүрбелеңге толы дәуірдегі стратегиялық сенімді қалпына келтіру: әділетті әрі тұрақты әлем құру жолындағы Қазақстанның ұстанымы» тақырыбында дәріс оқыды.