Премьера қонақтарының қатарында танымал актерлер Артур Аскарұлы, Санжар Мәди, белгілі актрисалар Әсел Қалиева, Нұрай Жеткерген, режиссер және продюсер Қуаныш Бейсек, продюсер әрі интервьюер Тимур Балымбетов, музыкант dudeontheguitar, әнші Ayau, стендап-комик Шыңғыс Ермек, сондай-ақ танымал блогерлер Азиза Айбадуллина, Біржан Әшім және басқа да өнер өкілдері болды. Сонымен қатар премьераға «Аватар: От пен күл» фильмінің дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев та қатысты.
«Біз үшін қазақстандық көрермендердің «Аватар: От пен күл» фильмін өз ана тілінде тамашалай алуы – ерекше маңызды. Бұл премьера – жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі. Ал біз үшін, дистрибьютор ретінде жылды ауқымды әрі бірлікке шақыратын шарамен қорытындылауға берілген мүмкіндік. Бұл фильм отбасын бір шаңырақ астына жинап, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады, отбасылық құндылықтардың маңызын еске салады. Әлемдік премьераны өз ана тілінде көру көрермен үшін шынымен де маңызды. Бұған Disney студиясының «Аңдар шаһары 2» анимациялық фильмінің қазақша дубляжының көрсеткіші дәлел бола алады. Фильм Қазақстандағы жалпы кассалық табыстың 15,7%-ын құрады. Бұл бұған дейінгі голливудтық фильмдердің қазақша нұсқаларынан жоғары нәтиже көрсетті. Қазақстандық көрермендердің визуалдық мүмкіндіктері, ауқымы мен еліктірер оқиғасы тәнті ететін осы бірегей тарихтың бір бөлігіне айналып жатқанын көру – біз үшін үлкен қуаныш», деді Ascar Cinema компаниясының маркетинг директоры Динара Чеканова.
![]()
«Енді әлемдік киноиндустрияның ең ауқымды жобаларының бірі – «Аватар» фильмінің үшінші бөлімін қазақ тілінде көреміз. Бұл – жай ғана аударма емес, қазақ тілінің жаһандық мәдени кеңістікте өз орны қалыптасып келе жатқанының белгісі. «Аватар» – тұтас өркениет пен философияны қамтитын әлем. Сол әлемнің қазақша сөйлеуі – тіліміздің мүмкіндігі мен әлеуетін арттырып, оны заманауи мәдениеттің толыққанды тіліне айналдырады деп сенеміз», деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.