Экология • Бүгін, 09:30

Экология саласындағы елеулі көрсеткіштер

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Экология және табиғи ресурстар министрлігі жыл қорытындысын жариялап, бірқатар оң нәтижені атап өтті. Ведомство мәліметінше, 2022 жылмен салыстырғанда еліміздегі ірі кәсіпорындар бойынша нормативтік шығарындылар көлемі 7,2%-ға, яғни 148 мың тоннаға азайған.

Экология саласындағы елеулі көрсеткіштер

Деректердің ашықтығы мен бақылауда автоматтандырылған мониторинг жүйелері (АМЖ) маңызды рөл атқарады. Бүгінде кәсіпорындарда орнатылған 78 жүйенің 74-і ауа ластануы тура­лы деректерді нақты уақыт режімінде беріп отыр. Жыл сайын елімізде 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық түзіледі. 2024 жылы қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 25,8% болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 28,6%-ға дейін өскен.

Осылайша, утильалым қаражаты есебінен жобаларды жеңілдетілген қаржыландыру тетігі аясында қалдықтарды басқару саласында 63 жоба ма­құл­данып, олардың 22-сі 89,4 млрд теңге сомасына қар­жы­лан­ды­рылды (жалпы 185 млрд теңге қарастырылған). Бұл жобалар қоқыс тасымалдау техникасын, сұрыптау және қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымын қамтиды. Жоспарланған жобаларды іске асыру 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40%-ға жеткізуге мүмкіндік береді.

Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау және жою бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Ішкі істер органдарымен бірлескен рейдтер барысында 3 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған. Сондай-ақ ағымдағы жылы ғарыштық мониторинг нәти­жесінде 3 827 заңсыз қоқыс орны анықталып, олардың 3 464-і немесе 91%-ы жойылған.

Сонымен қатар Астана, Алматы және Шымкент қала­­ларында жалпы сомасы 293 млрд теңгені құрайтын инвестициялық келісімдер аясында үш қоқыс жағу зауытын салу жоспарланып отыр. Құрылыс мерзімі – 2-3 жыл.

Қазақстан Париж келісімі­нің тарапы және БҰҰ Кли­маттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының қатысушысы ретінде 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға қысқарту жөнінде міндеттеме алған. Бүгінгі таңда Үкімет 2035 жылға қарай шығарындыларды 17%-ға қысқартуды көздейтін Жаңартылған ұлттық үлесті (ЖҰҮ–3.0) мақұлдады.

Мемлекет басшысының елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы толық көлемде орындалған, яғни 2021–2025 жылдары 18,1 млн ағаш отырғызылды.

Сондай-ақ 2 млрд кө­шет отырғызу жөніндегі тап­сырманың іске асырылуы жалғасуда. 2021–2025 жылдары барлығы 1,5 млрд көшет егілді. Келесі жылы 208 млн-нан астам көшет отырғызу жоспарланып отыр.

«Біз тек орман отырғызу көлемін арттырып қана қоймай, қолданыстағы ормандарды өрттен қорғауды күшейтіп жатырмыз. 2025 жылы орман және табиғатты қорғау мекемелері үшін 355 бірлік өртке қарсы техника сатып алынды. Сонымен қатар 2026 жылдың бірінші тоқсанында тағы 697 бірлік өртке қарсы техника жеткізіледі. Келесі жылы еліміздің 11 өңіріндегі орман шаруашылықтарын техникамен және жабдықпен қамтамасыз ету толық аяқталады. Өртті ерте анықтау жүйесі 1,6 млн гектар аумақта енгізіліп, қамту көлемі 2,2 млн гектарға жеткізілді. Келесі жылы жүйе кеңейтіледі. Осылайша, 2026 жылдың соңына дейін өрт қаупі жоғары 5,4 млн гектар орман алқабы жүйемен қамтылады», деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

2026 жылдың басында еліміздің бес өңірінде жабық тамыр жүйесі бар отырғызу материалын өсіруге арнал­ған, жылына әрқайсысы 6 млн дана көшет өндіретін 6 питомник салу жоспарланған. 2021–2025 жылдары Арал теңізінің құрғаған табанында 920 мың гектардан астам аумақта орман-мелиорациялық жұ­мыстар жүргізілген еді. Бұл жұмыс­тар келесі жылы да жал­ғасады.

Ал Қазалы қаласында жылына 3 млн көшет өндіретін питомник салынды, сондай-ақ құрғаған теңіз табанында жаңа питомник құрылысы жүргізілуде. Қызылорда облысында ҚазОРҒЗИ филиалы құрылып, 1,3 млн гектардан астам аумақты қамтитын «Арал ормандары» табиғи резерватын құру шаралары қабылдануда. Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін зерттеу мақсатында Мемлекет басшысының бас­тамасымен Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты құрылды. Қазіргі уақытта Министрлік Каспий маңы елдерімен бірлесіп Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеу мәселесін пысықтап жатыр.

Сондай-ақ биоалуан­түр­лілікті сақтау бағытындағы жұмыстардың күшейтілгені атап өтілді. Елімізде арқар, қарақұйрық, құлан, тоғай бұғысы сияқты сирек кездесетін жануарлар саны артып келеді. Тұран жолбарысын және Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру бойынша ауқымды жобалар іске асырылуда. Прага қаласының зообағымен бірлесіп 2024–2025 жылдары Қазақстанға 14 бас Пржевальский жылқысы әкелінді. 2026 жылдың маусым айында тағы 7-8 бас жылқы әкелу жоспарлануда. Жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында Ресей Федерациясымен жасалған уағдаластыққа сәйкес, 2026 жылы Қазақстанға 3-4 жолбарыс әкелу күтіліп отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы бекітілді.

Аталған бастама аясында биыл 6,4 млн адамның қатысуымен 1 250 экологиялық іс-шара өткізілген. Атап айтсақ, 1 млн гектардан астам аумақ тазартылып, 795 мың тонна қалдық жиналды, 2,8 млн ағаш отырғызылды. Азаматтарды тарту мақсатында @TazaQazBot чат-боты іске қосылды. Оған 25 мың өтініш түсіп, оның 23,6 мыңы орындалды. Бұл құрал кері байланыс тетігі ретінде өзінің тиімділігін дәлелдеді.

Есептің соңында Е.Нысанбаев 2026 жылы Қазақстан климаттық және экологиялық сын-қатер­лер бойынша келісілген ше­шім­дер әзірлеу мақсатында Орталық Азия елдерінің өңір­лік экологиялық саммитін өткізетінін атап өтті. Саммит қоры­тындысы бойынша Мемлекет басшыларының де­к­ла­ра­циясы және 2026–2030 жылдарға арналған Іс-қимыл бағ­дарламасын қабылдау жос­парланып отыр.

Соңғы жаңалықтар

Асауға тұсау салынды ма?

Өнер • Бүгін, 10:00