Экономика • Кеше

Қазақстанда алғаш рет сирек жер металдарын өндіретін ірі кен орны анықталды

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында елдің минералдық-шикізат әлеуетін жаңа деңгейге көтеретін сирек кездесетін жер металдарының ауқымды әлеуетті алаңы анықталды. «Жаңа Қазақстан» деп аталған жаңа кен орны – тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі геологиялық жаңалықтардың бірі, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда алғаш рет сирек жер металдарын өндіретін ірі кен орны анықталды

Қазақстанда бірнеше жылдан бері алғаш рет ұлттық маңызы бар геологиялық жаңалық жасалды. 2022–2024 жылдарға арналған жер қойнауын геологиялық зерделеу жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында Қарағанды облысының аумағында сирек кездесетін жер элементтеріне бай әлеуеті зор алаң айқындалып, оған «Жаңа Қазақстан» атауы берілді. Геология комитетінің мәліметінше, бұл аумақ әлемдік сұранысы қарқынды өсіп келе жатқан стратегиялық металдарды өндірудің жаңа орталығына айналуы мүмкін.

Барлау жұмыстары Күйректікөл учаскесінде мердігер ұйым – «Центргеолсъемка» ЖШС тарапынан жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде Дос-1, Дос-2, Дос-3 және Ырғыз деп аталатын төрт перспективалы аймақ белгіленіп, олардың шегінде сирек металды және сирек жер минералдануына қанық тоғыз рудалы дене анықталды. Сонымен қатар аталған аумақтарды қамтитын, көлемі әлдеқайда кең болжамды аймақ бөлініп, оған «Жаңа Қазақстан» атауы берілді.

Мамандардың айтуынша, дәл осы аумақта жалпы көлемі 134,6 шаршы шақырымды құрайтын сирек элементтердің ірі геохимиялық ореолдары тіркелген. Бұл көрсеткіш учаскенің өнеркәсіптік тұрғыда игерілу әлеуеті жоғары екенін және Қазақстандағы алғашқы толыққанды сирек металлды кен орнына айналу мүмкіндігін көрсетеді.

Орталық Қазақстан өңіраралық геология департаменті – «Центрказнедра» басшысының орынбасары Асылхан Жүнісов бұл жаңалықтың бірегей екенін атап өтті.

– Бұл – тәуелсіздіктің 34 жылында сирек кездесетін жер металдары бойынша тіркелген алғашқы ірі көрініс. Учаске шегінде жекелеген элементтер бойынша ондаған миллион тоннаға жететін болжамды ресурстар анықталды. Әзірге бұл қор санатына жатпайды, алайда әлеуеті өте жоғары, - деді ол.

Барлау жұмыстары 300 метрге дейінгі тереңдікте жүргізілді. Алдын ала зертханалық талдаулар электроникада, «жасыл» энергетикада және аккумулятор өндірісінде кеңінен қолданылатын лантан және өзге де сирек жер элементтерінің мөлшері жоғары екенін көрсетті.

– Қазіргі таңда сирек жер элементтеріне деген сұраныс әлем бойынша қарқынды артып келеді – электромобильдерден бастап күн және жел энергетикасына дейін. Сондықтан мұндай кен орнының ашылуы Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие, - деп атап өтті Асылхан Жүнісов.

Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі учаскеге геологиялық барлау жүргізу лицензиясы «Таукен-Самұрық» АҚ-ға берілгенін хабарлады. Алдағы жылдары компания бұрғылау, зертханалық талдау және қорларды есептеу жұмыстарын қамтитын кешенді геологиялық барлау кезеңін жүзеге асырады.

Барлау мерзімі алты жылға жоспарланған. Қорлар расталғаннан кейін ғана жобаның экономикалық тиімділігі айқындалып, инфрақұрылым салу және сирек жер шикізатын өңдейтін өндірістерді құру мәселелері қаралады.

Министрлік ірі халықаралық серіктестерді тарту мүмкіндігін де қарастырып отыр. Бұл тұрақты өндіру технологияларын трансферттеуге, бірлескен инвестициялар арқылы тәуекелдерді бөлісуге, ұзақмерзімді оффтейк-келісімшарттар жасасуға және өндірістік инфрақұрылымды жедел дамытуға мүмкіндік береді.

Шетелдік инвесторларды тарту жоспары сирек жер металдарын өндіру және байыту технологиялары бүгінде ең алдымен АҚШ пен Қытайда жоғары деңгейде дамығанымен байланысты.

«Жаңа Қазақстан» кен орнының ашылуы елде толыққанды сирек жер металдары кластерін қалыптастыруға серпін беруі мүмкін. Бұл металдар заманауи «жасыл» экономиканың негізгі тірегіне айналған: онсыз аккумуляторлар, электромобильдер, жел және күн электр станциялары, смартфондар мен жоғары технологиялық электроника өндірісін дамыту мүмкін емес.

Қазақстан үшін бұл – жаһандық нарықта жаңа стратегиялық тауашаға шығуға және аса маңызды ресурстар саласындағы экономикалық әрі технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға берілген мүмкіндік.

Соңғы жаңалықтар