Осы мақсатта Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қаржы министрлігі және Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы индустриялық сертификат иелерін қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу жөніндегі Жол картасына қол қойды.
Қолданыстағы индустриялық сертификаты бар кәсіпорындар Атамекен ҰКП ұсынған деректер негізінде техникалық оператор – Электрондық қаржы орталығы арқылы автоматты түрде тізілімге енгізіледі.
Алайда компаниялар өз мәртебесін сақтау үшін 2026 жылғы 30 қаңтарға дейін жүйеде қажетті мәліметтерді толтырып, өтінім тапсыруы және цифрлық тексеруден өтуі тиіс. Бұл талаптар орындалмаса, кәсіпорын тізілімнен шығарылады.
Мәртебені сақтаудың басты шарты – нақты өндірістік қызметтің дәлелденуі. Сонымен бірге индустриялық сертификаты жоқ өзге компаниялар да өтінім беріп, қажетті технологиялық операциялардың орындалуын растай алса, тізілімге ену мүмкіндігіне ие.
Жаңа тәртіп отандық өндірушіні анықтауда ашықтықты күшейтіп, мемлекеттік қолдау тетіктерін нақты өндіріс субъектілеріне бағыттауға мүмкіндік береді.