Digital • Бүгін, 08:20

Тиімділігі жоғары стартаптар

40 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Astana Hub» алаңын­да «Astana Innovations Accelerator» бағдарлама­сының «Demo Day» іс-шарасы өтті. Бұл жиында 13 стартап өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Мұндағы мақсат – қала­ның түрлі саласына тиімді технологиялық шешім­дерді енгізу. Пилот­тық тестілеу мектеп, аурухана, әлеуметтік мекеме және қалалық сервистер базасында жүзеге асырылады.

Тиімділігі жоғары стартаптар

Бағдарламаға IT-қауым­дастық жоғары қызы­ғушылық танытты. Бар­лығы 160 өтінім қабылда­нып, іріктеу нәтижесінде 21 жоба бағдарламаға өткен еді, ал 13 стартап «Demo Day» аясында қаланың нақты міндеттеріне бейімделген қанатқақты жобаларын таныстырды. Нәтижесін­де, әлеуеті жоғары 8 стартап SAFE келісімдері шеңберінде 5 млн теңгелік қаржылай қол­­дауға ие болды. Олардың қата­рында «OTA», «OQ.AI», «Artisan Education», «Soyleseiyk», «Dronly», «Aman», «Ascle» және «U-Drone» стартаптары бар.

«Мұндай бастамалар елорда­ның нақты мәселелерін шешіп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Былтыр акселератордың алғашқы легі стартаптардың жемісті нәтижесін көрсетіп, бірқатар шешім қала­лық қызметке енгізілді. Биыл жасанды интеллектіні қолдануға ерекше мән беріп, қаланың негізгі бағыттарының тиімділігін арттыруға жаңа қадам жасадық. Біз ынтымақтастыққа ашықпыз, стартаптарға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз», деді «Астана Innovations» АҚ басқарма төраға­сы Ғизат Әмірғали.

Түсіндіре кетейік, акселератор дегеніміз – стартаптарды қысқа мерзімде ширатып, идеясын нақты өнімге айналдырып, оны практикада сынап көруге көмектесетін арнайы бағдарлама. Ең бастысы, стартап өз шешімін қағаз жүзінде ғана емес, нақты ортада іске қосып, тиімділігін дәлелдесе, кейін нарыққа енгізілуі мүмкін.

«Demo Day» іс-шарасындағы үздік жобаларға тоқталсақ, 13 стар­тап қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім, туризм және қала­лық сервистерді дамыту секілді салаларды қамтыды.

«U-Drone» стартапы жол-көлік оқиғаларын дрон арқылы жедел тіркеп, кептелісті азайтуға бағытталған цифрлық шешім ұсынды. Яғни апат туралы хабар түскен сәтте дрон оқиға орны­на жедел барып, аумақты әуе­ден толық түсіреді, деректер 3D-схемаға айналып, хаттама мен қажетті құжаттар авто­­матты түрде қалыптасып, бір­­ден полиция жүйесіне жібері­леді. Осылайша, апаттарды ресімдеу бірнеше сағатқа созылмай, 20–30 минутта аяқталып, көліктерді жолдан дер кезінде алып тастауға болады. Жоба «Astana Innovations Accelerator» аясында Астана қаласының полиция департаментімен, сондай-ақ «Kazakhtelecom», «KazGIDromet» секілді ұйымдармен бірлесіп сынақтан өтіп, 3D-схемалардың дәлдігі мен цифрлық фиксация­ның техникалық және құқықтық тұрғыда қолдануға жарамды екенін көрсеткен.

«AMAN» стартапы балалар қауіпсіздігін тәулік бойы бақылап, буллинг пен психологиялық қысымды ерте анықтауға бағыт­талған цифрлық платформа ұсынды. Қосымша арқылы ата-ана баланың қозғалысын, қауіп­ті аймақтарға кіруін, мінез-құлқы мен эмоциялық күйіндегі өзгерістерді және жедел қауіп туралы хабарламаларды смартфоннан көре алады.

Денсаулық сақтау саласында «Ascle» атты дәрігердің жасанды интеллект негізіндегі көмекшісі қалалық №4 емханада қанатқақты режімде енгізілді. Жоба авторларының айтуынша, бүгінде дәрігер уақытының 40 пайыздан астамы құжат тол­тыруға кетеді, бұл кәсіби күйзе­ліске және пациенттің 1–2 апта кезек күтуіне алып келеді. Сон­дықтан бұл шешім күнделікті үдерістің бірқатарын автоматтандырып, дәрігердің уақытын үнемдейді. Сынақ барысында мыңнан астам сессия өткізіліп, шешімнің медициналық мекеме жағдайындағы тиімділігі дәлелденген.

Сол секілді «EmAI» стартапы ЖИ-телемедицина платформасын жасап, пациенттің шағымын жасанды интеллект арқылы талдап, содан кейін ғана дәрігерге жолдайды. Осылайша, дәрігер қабылдауға дейін дайын дерекпен алдын ала танысып, уақытын тиімді жұмсайды, ал онлайн консультация мен ұсыныс жүйеде сақталады.

«OQ.AI» стартапы болса, оқушылардың оқу сауаттылығы мен сыни ойлауын дамытуға арналған жасанды интеллект платформасын жасап шығарған. Қосымшада оқушы мәтінді немесе кітапты ыңғайлы форматта оқып, соңынан жасанды интеллект қоятын сұрақтарға жауап береді. Сұрақтар баланың түсіну, талдау, пайымдау деңгейін айқын­­дап, әлсіз тұстарын көрсе­тіп, соған сай тапсырма ұсынады. Жоба «Astana Innovations» қол­дауы­мен Астананың екі ауда­нын­да қанатқақты режімде іске асырылып, оқу арқылы түсіну көрсеткіші балаларда 60 пайызға артқаны, мұғалімдердің тексеру мен талдауға кететін уақыты әлдеқайда қысқарғаны анықталған.

Білім саласындағы тағы бір стартап – «BizoSchool». Бұл жоба әр оқушыға бейімделген контент арқылы балалардың назарын ұстап отыратын платформаны ұсынды. Жүйе аудио, бейнежазба негізінде сабақтарды автоматты түрде құрастырып, педагог ауыс­са да, мектепте жинақталған әдістеменің жоғалмауына кө­мектеседі.

Ал «Soyleseiyk» стартапы сөйлеу қабілеті дамымаған балаларға өз ойын, эмоциясын жеткізуге көмектесетін балама коммуникация қосымшасын әзірлеген. Бала планшеттен суреттерді таңдап, сөз тіркесі не сөйлем құрастырып, дыбыс­тау батырмасы арқылы өз ойын сыртқа шығарады. Қосымша 7 ұйым базасында сынақтан өтіп, 50-ден астам бала қатысқан тәжірибе нәтижесінде олардың сөздік қоры 75 пайызға артқаны, сөйлем құрау жылдамдығы 57 пайызға өскені анықталған.

Бағдарлама аясында инже­нер­лік және қолданбалы дағды­ларды дамытуға да ерекше назар аударылды. Мәселен, «DRONLY» стартапы дрондарды  ұшырумен ғана шектелмей, олар­ды бағдарламалау арқылы оқу­шы­лардың инженерлік ойлауын дамытатын білім  эко­жүйесін ұсынды. Қанатқақты жобаға 35 оқушы мен 5 педагог қатысқан. Сонымен қатар жоба «NIS IB Astana» мектептері үшін кешенді шешім ұсынып, Орал қаласындағы екі мектепке енгізілген.

Ал «Artisan Education» стартапы мектептердегі инженерлік және роботтехникалық сабақ­тарды жеңілдетіп, STEM-білім­ді қолжетімді етуді көздей­тін мо­дульдік платформаны ұсын­ды. Қосымшаның арқасын­да оқу­шының назары құрал-жаб­дыққа емес, инженерлік ой­лау­ға ауады. «Artisan Edu­cation» платформасы Астана­ның төрт мемлекеттік мекте­бінде «PiBody» аппараттық жиын­тық­тарын пайдалана отырып сынақ­тан өтті. Жобаға 11 педагог пен 7–10 сыныптардан 234 оқу­шы қатысқан. Алынған нәтиже­лер оқушылардың жоға­ры қызығушылығын көрсетсе, педагогтер сабаққа дайындалу уақытының қысқарғанын атап өтті.

«OTA» стартапы болса «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығымен бірлесіп қанатқақты жобаны жүзеге асырды. Жоба аясында қала картасы, маршруттар және негізгі туристік нысандарды қамтитын веб-виджет әзірленді. Сынақ кезеңінде бұл қызметті 60-тан астам турист пайдаланып, оның қолайлылығы мен практикалық тиімділігі жоғары бағаланды.

Ал «WeGlobal» стартапы мектеп психологтеріне көмек­тесетін ЖИ-платформа жасап, оқушылардың күйзеліс деңгейі мен мінез-құлқын нақты анықтайды. Оқушылар қо­сымша арқылы тест тапсырып, өз жағдайын бақылап, кәсіби бағдар алады. Аталған жоба еліміздегі 930-дан астам мектепте қолданылып жатыр.

«Smart Lighting» жобасы болса көше шамдарын қа­шықтан бақылап, басқаруға және жарық қуатын автоматты түрде төмендете алатын жүйе­ні ұсынып, электр энер­гия­сы­ның артық шығынын азайту­ға бағытталған. Астананың Сары­арқа ауданында енгізілген осы бір жүйе электр энергиясын 23 пайызға үнемдейді.

Осыған ұқсас «Esep AI» стартапы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық төлемдерін ашық әрі түсінікті етуге арналған бірыңғай цифрлық платформаны ұсынды. Мобильді қосымша арқылы тұрғындар төлемнің қалай есептелгенін көріп отырады, қажет болса, консультанттан нақты жауап алады. Жобаның игілігін қазірдің өзінде 2 мың қолданушы көріп отыр.

Айта кетейік, «Astana Innova­tions Accelerator» бағдарламасын «Astana Hub», Астана қаласының әкімдігі және «Астана Innovations» АҚ бірлесіп жүзеге асырды.

«Акселератор жыл сайын тиімділігін нақты нәтижелермен дәлелдеп келеді. Осындай үздік стартаптарды қаржыландыру сол жобалардың дамуын тоқтатпай, әрі қарай өсуіне үлкен серпін береді. Қалалық ортада инновацияларды дамыту бүгінде аса маңызды, бұл ретте Астананың тәжірибесі өзге қалаларға жарқын мысал бола алады», деді «Astana Hub» басқарушы директоры Таңат Өскембаев.

Соңғы жаңалықтар