Өңір басшысы Президенттің Сыр өңіріне барған сапарында атқарылған жұмыстарға оң баға бергенін де атап өтті.
«Биылғы он бір айдың қорытындысында барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштің өсімі қамтамасыз етілді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн 100 млрд теңгеге жетті. Жыл соңына дейін 3 трлн 700 млрд теңгеге жеткізіп, 6,5% өсім қамтамасыз етіледі. Облыс бюджеті 851 млрд 300 млн теңгеге жетіп, 2021 жылдан бері 246%-ға өсті. Оның 56%-ы әлеуметтік салаға бағытталған. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд теңге болса, биыл 207 млрд теңгеге жетіп, 4,4 есеге артты», деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.
Бюджет қаражатын оңтайландыру мақсатында 2022 жылдан бастап әлеуметтік салаға терең талдау жүргізіліп, нәтижесінде 108 млрд теңге қаржы үнемделген. Оның ішінде білім саласынан 64 млрд 300 млн теңге, мәдениет, спорт саласынан 15 млрд 400 млн теңге, әлеуметтік қорғау саласынан 8 млрд 200 млн теңгенің мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеді. Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу барысында 20 млрд 100 млн теңге қаржы үнемделді. Қаражат аймақтың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталады. Өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасып, жаңа ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
«2022–2024 жылдары 1 трлн 600 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Биыл облысымызға 631 млрд 400 млн теңге инвестиция тарту жоспарланған. 11 айдың қорытындысында 717 млрд 900 млн теңге инвестиция тартылып, жоспар 13,7%-ға артығымен орындалды. Жыл аяғына дейін 750 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады. 2021 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 233%-ға артты. Жеке инвестицияның үлесі 70%-ға жетті. Биыл 300 млрд теңгеден астам қаржыға 27 инвестициялық жоба іске қосылды. Биылғы шілде айында 5 млрд теңгеге толық автоматтандырылған «Қызылорда Саз-М» серіктестігінің кірпіш зауыты ашылды. Зауыт жылына 90 млн кірпіш шығарып, жергілікті құрылысқа қажетті сұраныстың 90%ын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар «Қызылорда нан» серіктестігінің нан өндіру кешені іске қосылды. Кешеннің жалпы құны – 5 млрд 600 млн теңге. Мұнда нан-тоқаш, кондитерлік-макарон өнімдерін шығаратын 4 цех жұмыс істейді. Бұдан бөлек 753 млрд 300 млн теңгеге 14 ірі жобаның құрылысы басталды», деді Н.Нәлібаев.
Бірер күн бұрын испандық «Рока групп» компаниясымен жылына 500 мың бұйымға дейін санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын жоғары технологиялық зауыт салу жөнінде инвестициялық келісімге қол қойылған, елімізде алғаш салынатын зауыттың құны – 44 млрд теңге. Өндіріс орны іске қосылғанда 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Үкімет қаулысымен мамыр айында Қызылорда қаласында аумағы 550 га аумаққа «Қорқыт ата» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Кәсіпкерлікті қолдауға 2022–2024 жылдары әртүрлі көзден 203 млрд 81 млн теңгеге 16 634 жоба қаржыландырылғанын айтқан өңір басшысы оның ішінде 37 млрд 962 млн теңгесі мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау тапқанын атап өтті.
Биыл барлық қаржы көзінен 40 млрд теңгеге жеке кәсіпкерліктің 2 мың 464 жобасы қаржыландырылған. 2023–2025 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы аясында 100-ден аса елді мекенде 6 млрд 828 млн теңгеге 943 жоба жүзеге асырылып, 1303 жұмыс орны ашылды. 2022–2024 жылдары 133 мыңнан астам азамат, 2025 жылдың 11 айында 43 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру тапсырмасы 2022–2024 жылы 42%-ға артығымен орындалып, 37 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Биылғы 11 айда 12 032 жұмыс орны құрылып, биылғы жоспар 12,9%-ға артығымен орындалды. Облыста жұмыссыздық төмендеп келе жатыр.
«Облыс экономикасының негізгі саласы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға кейінгі 3 жылда 43 млрд теңге қаржы бөлінді. Шаруашылықтар есебінен 41 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығының машина-трактор паркі жаңартылып, 2022–2024 жылдары 21 млрд 800 млн теңгеге 647 дана техника алынды. Биыл да 4 млрд 700 млн теңгеге машина-трактор паркі 139 ауыл шаруашылығы техникасымен толықтырылды. Ауыл шаруашылығы саласында 10 млрд 700 млн теңгеге 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы өнім көлемі жыл сайын артып, осы жылы 234 млрд 800 млн теңгеге жетті. Қазір 6 млрд 400 млн теңге болатын 9 жоба іске қосылды», деді өңір басшысы.
Биыл 189 мың 600 га алқапқа егін егілсе, оның ішінде 80 900 га жерге күріш дақылы себіліп, әр гектардан 58,1 центнерден өнім алынды, 470 мың тоннаға жуық астық жиналды.
«Өңірде тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуда баспанамен қамту, инфрақұрылымдарды қайта жаңғырту бағытында тиісті шаралар қабылданып жатыр. Президенттің қолдауымен Қызылорда қаласында «Акса Энерджи» түрік инвесторы бөлген 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаватт жаңа жылу электр орталығы салынды. Бюджет есебінен 15 млрд теңгеге 45 шақырым газ құбыры жүргізілді. Жаңа орталық 240 мегаватт электр қуатын, 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Сонымен қатар қызылордалықтардың арманына айналған облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапты. Бұл мақсатқа 26 млрд 200 млн теңге қаржы бөлінді. 2022–2024 жылдары өңірімізде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 78 ауылда әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған 31 млрд 600 млн теңгеге 343 жоба жүзеге асырылды. Биыл 41 елді мекенде 66 жобаны іске асыруға 15 млрд 155 млн теңге бөлінді. Биыл барлық елді мекенге орталықтандырылған сапалы ауызсу тартылды», деді Н.Нәлібаев.
Аймаққа газ тартып, тұрғындарды көгілдір отынмен қамту 83%-ға жеткен, электр энергиясымен қамту бағытында 2022–2025 жылдары 24 млрд 200 млн теңгеге 71 жоба жүзеге асырылған. Облыста үш жылда автомобиль жолдарының 1600 шақырымы мен 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуден өткізуге 150 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Сонымен қатар мамыр айында Арал қаласында 3 млрд 140 млн теңгеге ұзындығы 940 метр аспалы жол салынса, шілде айында 1 млрд 400 млн теңгеге тұрғындардың ұзақ жыл күткен Жаңақорған кентіндегі теміржол үстінен өтетін көпір пайдалануға берілді.
«Ел игілігіне 300 жаңа автобус алынып, қоғамдық көлік мәселесі толығымен шешімін тапты. Облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеге 100 экотакси сатып алынып, халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді. 2022 жылдан бері халыққа қажетті 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынды. 2022–2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан аса пәтер табысталды. Үш жылда барлық ауданда жаңадан 1 800-ге жуық пәтер тұрғындарға берілді. Биыл 3600 пәтерлі тұрғын үй салуға бюджеттен 58 млрд 785 млн теңге бөлінді. Білім беру саласына кейінгі 3 жылда 812 млрд 245 млн теңге бөлінді. Былтыр 31 млрд 800 млн теңгеге 13 білім ұйымы ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд 391 млн теңгеге 10 жаңа мектеп пайдалануға берілді. 2023 жылдан бері 5 млрд 700 млн теңгеге 9 мектеп жанынан қосымша ғимарат бой көтерді. «Білімді қолдау қоры» арқылы 8 млрд 400 млн теңгеге физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты ашылды. Кәсіпкерлердің демеушілігімен Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апаттық мектептің орнына 500 млн теңгеге жаңа білім ордасы салынды. Кейінгі үш жылда 5 млрд 300 млн теңгеге 15 мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңіріміздің барлық ауданында 10 млрд 763 млн теңгеге 28 медициналық нысан салынды. Жалпы құны 5 млрд 400 млн теңгеге 4 аудандағы орталық ауруханалар жанынан жаңа қосымша ғимараттар салынды. Шиелі ауданында 2 млрд 300 млн теңгеге жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілді», деген өңір басшысы облыстың тыныс-тіршілігін баяндағаннан кейін, баспасөз мәслихатының соңында журналистердің сауалдарына жауап берді.