Фото: egemen.kz/ Ерлан Омар
«Өнеркәсіп министрлігіне келесі жылдың қаңтар айынан бастап өңдеу өнеркәсібінде өндірістік қуатты жаңғырту үшін лизингтік қаржыландыруды іске қосуды тапсырамын. Микро және шағын бизнес өкілдері қосымша кепілдіксіз 300 миллион теңгеге дейін өз өндірістерін жаңғырту мүмкіндігіне ие болады. Өндірісті қайта жабдықтау кәсіпорындардың өнімділігін ұлғайтып, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді», деді Олжас Бектенов.
Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, шағын бизнес үшін салық есептілігін автоматты түрде толтыруды қамтамасыз етеді.
Олжас Бектенов осы бағытта тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, салықтық әкімшілендірудің сервистік моделін енгізудің маңыздылығына тоқталды.
«Бизнесті оңайлатылған декларация режимін қолданатын жеткізушілермен жұмыс кезінде шығыстарды шегеруге тыйым салу мәселесі алаңдатып отыр. Бұл шамамен 400 мың шағын және микробизнес өкілінің мүддесіне қатысы бар. Аталған санаттағы кәсіпкерлер өз кәсібінің болашағына алаңдамауы тиіс. Қаржы министрлігі салықтық әкімшілендірудің сервистік моделін енгізіп, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы оларды қолдап отыруы қажет. Сонымен қатар Ұлттық банкпен бірлесіп, шағын бизнес үшін салық есептілігін автоматты түрде толтыруды жедел түрде қамтамасыз етсін», деді Олжас Бектенов.
Еске салайық, бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы қаралды. Бағдарлама өңірлерде, әсіресе ауылдық жерлерде және шағын қалаларда бизнес қажеттіліктерін дер кезінде өтеуге бағытталған.
Елімізде кәсіпкерлерге арналған «Халық бухгалтері» акциясы басталады.