Экономика • Кеше

Мұнайлы өлкенің әлеуметтік әлеуеті

20 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысы – елі­міз­дегі донор облыстың бірі. Халық санының өсуі жө­нінен де алдыңғы орында. Үш жылда жалпы өңір­лік өнім көрсеткіші тұ­рақ­­ты артқан. Былтыр 5,0 трлн теңге болса, 2030 жыл­ға дейін 8 трлн теңгеге жет­пек. Орталық коммуника­ция­лар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңір­дің әлеуметтік-эконо­ми­калық әлеуетін баян етті.

Мұнайлы өлкенің әлеуметтік әлеуеті

– Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті 2023–2027 жылдар аралығында 6,1 млрд теңгеге өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық, эко­ло­гиялық әрі технологиялық міндеттерін шешуге бағытталған ғылыми зерттеу жобалары мен бағдарламалары іске асырып жатыр. Өңірге кейінгі үш жылда 3 трлн теңгеге жуық негізгі капиталға инвестициялар, 3 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Жыл басынан бері 235 млрд теңгеге 19 инвести­ция­лық жоба іске қосылып, 612 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. 2026–2032 жылдары құны 10 трлн теңгеден астам 55 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының қызмет ету мерзімі 2053 жылға дейін ұзартылып, аумағы 7,9 мың га кеңейтіліп, жаңа 23 қызмет түрі енгізілді. Облыс экономикасының басым салаларында 8 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Жалпы құны – 22,1 млрд теңге, оның ішінде 13,9 млрд теңге – «Каспий» әлеуметтік-кәсіп­кер­­лік корпорациясынан, 8,2 млрд теңге – жеке инвесторлар мен өзге көздер есебінен. Бұл рет­те корпорация есебінен бөлі­нетін қаражаттың барлығы қайтарымды негізде ұсынылады, – деді Н.Қилыбай.

Өңірге келетін туристердің саны жыл сайын артып келе­ді. 2025 жылдың 9 айында 350 мыңнан астам турист келіп, оларға 17,2 млрд теңгеге жуық қызмет көрсетілді.

– Былтырғымен салыстыр­ған­да өсім 13%-ға жетті. Ақтау әуежайы жолаушыларды қа­был­дау, қызмет түрін ұсыну­да елімізде төртінші орында тұр. Кейінгі бес жылда әуежайдағы жолаушылар ағыны 70%-ға артып, 996 мыңнан 1,7 млн адамға өсті. Шетелдік туристерді қабылдау жөнінен – үшінші орында. 11 халықаралық бағыт­та рейстер жүзеге асырылып жатыр. Осы жылы Дубай, Нүкіс бағыттары жаңадан ашылып, 2026 жылдан бастап Қытайдың Үрімжі қаласына тікелей рейс ашылады. 2026 жылдың 2-жартыжылдығында жалпы өткізу қабілеттілігі шамамен 1,3 млн жолаушы қабылдайтын мүмкіндігі бар, Кендірлі әуежайының құрылысы аяқталады. Биыл құны 4,6 млрд теңгеге 4 жоба іске қосылды. Бозжыра бағытын дамыту мақ­сатында 13,2 шақырым жол­дың құрылысы басталды, 2026 жылы электр жүйесін тартамыз. 2026–2029 жылдары 17,5 млрд теңгеге 3 жоба іске асырылады. 2026 жылы Шерқала та­уында глэмпингтер құрылысымен автоүйлерге инфрақұрылым ұйымдастыру жобалары іске қосылады, – деді облыс әкімі.

Ақжолтай жаңалық, Ақтау қала­сында үш жылдан бері тоқ­тап тұрған санаторий-курорт­тық кешеннің құрылысы қай­та жанданды. Жобаны 2026 жыл­­дың аяғына дейін аяқтау жос­парланған.

Облыста халық санының өсімі кейінгі он жылда оң динамиканы көрсетті. Әсіресе балалар санатындағы жеткіншектер 2015 жылдан 2024 жылға дейін ­231 мыңнан 329 мыңға дейін өскен. Лагерь инфрақұрылымын дамыту мақсатында жаңа «Aqqu Resort&Camp» заманауи демалыс кешені пайдалануға беріледі.

Ауыл шаруашылығы саласында биыл 38 млрд теңге­нің өнімі өндірілген. Мал шаруашылығында өнім шығару көлемі 22,4%-ға көбейді. Жер­гілікті өнімнің қолжетім­ді­лігін арттыру мақсатында сыйым­дылығы 4 мың тонна болатын заманауи көкөніс сақтау қоймасы салынып жатыр.

Өңірде 95 мыңға жуық түйе басы тіркелген. Түйе сүтін терең өңдеуге бағытталған 3 ірі инвестициялық жобаны қолға алынған. Түйе сүтін құрғақ ұнтаққа айналдырып экспортқа шығару, сауын түйелердің санын 2 000 басқа дейін көбейту мақсатында «Қарағантүбек» ЖШС құны 1,6 млрд теңгені құрайтын зауыт салуды жоспарлап отыр. Жоба құрылысы 2026 жылы басталады. Зауыт жылына 100 тоннаға дейін түйе сүтін қайта өңдей алады.

Биыл түйе сүтін автомат­тан­дырылған әдіспен сауатын цех ашылды. Салада 2025–2027 жылдары 23,6 млрд теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба іске асырылады. Осы жылы 1,3 млрд теңгеге 43 ветеринарлық пункт салынып, барлық ветеринарлық ұйымдар қызметтік автокөлік, құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. 2022–2025 жылдары ветеринар маман­дар­дың жалақысы 100%-ға көте­рілді.

– Өңірдің ерекше әлеуетті даму бағыттарының бірі – балық шаруашылығы. Салада биыл 286 тонна балық өсіру жоспарланған. Аквашаруашылықты дамыту бағытында 2025–2027 жылдары 4 ірі жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде, Орталық Азияда алғаш рет «Organic Fish» компаниясының құны 11,9 млрд теңгені құрайтын Каспий теңізінде 5 000 тоннаға дейін теңіз албырт тұқымдас балығын арнайы орында өсіру жобасы бар, – деді облыс әкімі.

Шағын және орта бизнес саласында кәсіпкерлік нысандар 1 трлн теңгеден астам өнім шығарды. Осы салада жұмыспен қамтылғандар саны – 147 400 адам, бұл – экономикалық белсенді халықтың 40%-ы. Биыл кәсіпкерлерге 16,3 млрд теңге бөлініп, 167 жобаға қолдау көрсетілген. Жеңілдетілген несие беру арқылы кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға ба­ғыт­талған «Өрлеу» жаңа бағ­дарламасы іске қосылып, 8,4 млрд теңгеге 70 жоба қолдау тапқан.

Жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының 97%-ы жақсы жағдайда. Бұл еліміздегі жоғары көрсеткіш деген өңір басшысы 2025–2026 жылдар аралығында облыс аумағында республикалық, сондай-ақ облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында жалпы ұзындығы 491 шақырымды қамтитын 16 жобаның құрылысы жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Облыста қоғамдық көлік маршрутында жаңартылған автобустардың үлесі 90%-ға жетті. 2021–2025 жылдар аралығында 333 жаңа автобус сатып алынып 35 жаңа маршрут ашылған. 2026 жылы тағы 75 автобус сатып алу жоспарда бар, нәтижесінде автобус паркі 100% жаңартылады.

Облыста ауызсу тапшылығы бірнеше жылдан бері тұрғын­дар­дың бас ауруына айналып, наразылық тудырып келген күрделі мәселе еді. Өңір басшысы бұл салада жүзеге асқан бір­қатар іргелі жобаны атап, облыс­та ауызсуға зәрулік жоқ екенін мәлім етті.

Өңірде халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 14 675 тұрғын бар. Жыл сайын аталған азаматтарға тұрғын үй беріліп келеді, биыл осы мақсатқа 552 пәтер сатып алынған.

«Келешек мектептері», «Ауыл – ел бесігі» жобалары, соны­мен қатар демеушілік есе­бінен облыс­та 14 мектептің құ­рылысы мен 2 мектепке қо­сымша ғимарат салынып, пайда­лануға берілді деген өңір басшысы былтыр үш ауысыммен бала оқытатын 10 мектеп болғанын айтты. Мұны түп­кі­лікті жою мақсатында 9 100 орынға арналған 8 мектеп пен 5 мектепке жапсаржай салудың құжаты әзірленіп жатқанын да атап өтті.

Ерекше балаларға жағдай жасау мақсатында мемлекет–жеке­меншік әріптестігі  механизмі арқылы облыста 2 бала­бақша салынып, 2027 жылы пайдалануға беріледі. Бейнеу ауылында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған оңал­ту орталығы ашылды. 2026 жылы кәмелет жасына толмаған бала­лар­ға арналған 100 орындық «Аутизм» орталығы өз жұмысын бастайды.

Денсаулық сақтау саласында аурухана, медициналық санитарлық көмек көрсету нысандары, позитронды эмиссиялық томография (ПЭТ) орталығы ашылғанын, Ақтау қаласында жедел жәрдем стансасының құ­ры­лысы аяқталғанын да атап өтті әкім. Жаңаөзен қаласына демеушілік есебінен 2 заманауи жедел жәрдем автокөлігі сыйға берілген. Тағы 20 санитарлық автокөлік сатып алынады.

Саладағы негізгі мәселенің бірі кадр тапшылығын шешу­ге биыл медицина саласына 164 грант бөлініп, 195 дәрігерге 1,2 млрд теңге сомасында біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілген. Әкімнің айтуынша, ауылдық жерлердегі медицина мекемесіне жұмыс істеуге барған 113 дәрігерге – 8,5 миллион, Ақтау қаласына қызметке келген 61 дәрігерге – 3 миллион, Жаңаөзенге жұмыс істеуге барған 21 дәрігерге 5 миллион теңгеден бір реттік көтермеақы берілген. Сонымен қатар 21 қызметтік пәтер сатып алынып, 20 маман шетелге оқуға жіберілген.

Өңір басшысы баяндама­сының соңында Ақтау қаласында жеке кәсіпкер «Жасыл Даму» АҚ арқылы 1 млрд теңгеге 25 қоқыс шығаратын көлік, 235 млн теңгеге 2 мың контейнер алып, жұмысын бастағанын да айтты. «Қазақстан Ғарыш Сапары» геопорталы арқылы биыл Маңғыстау облысында 61 нүктеде рұқсатсыз орналасқан қоқыстар анықталып, оның 91%-ы жойылды. Олардың қайта пайда болуының алдын алу мақсатында бейнебақылау камералары орнатылып жатыр.

Брифинг соңында облыс әкімі журналистердің сауалдарына жауап берді. 

Соңғы жаңалықтар