Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Өндіріс алаңындағы өнімді іс
Президент ең алдымен «Tausogar» зауытына барды. №1 Индустриялық паркте орналасқан кәсіпорын құрылыс саласын заманауи жүк көтергіш машиналармен және механизмдермен қамтамасыз етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі ірі құрылыс компанияларына қажетті мұнара крандары мен эскалаторлар өндірісімен танысты.
Қазір «Tausogar» зауытында жоғары білікті 44 маман еңбек етеді. Өндіріс орны жылына 200 лифт, 70 эскалатор және 70 мұнара кранын шығара алады.
Мемлекет басшысы еңбек ұжымымен әңгімелесу барысында кәсіпорынның ел инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, оның алдағы уақытта бәсекеге қабілеттілігі арта түсетініне сенім білдірді.

Бұдан соң Президент Астананың №1 Индустриялық паркінде орналасқан бірқатар кәсіпорынның қызметімен танысты.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа винилді гипскартон панелін шығаратын «Гипсвинил», өрт дабылдары, бейнекамералар мен домофондар өндіретін «QR Systems» зауыттарының өнімдері көрсетілді. Сондай-ақ көрмеде «Астана электртехника» зауытының, «Арыстан» Астана құбыр» зауытының, құрылыс және жол химиясына маманданған ARGP кәсіпорнының қызметі жөнінде мағлұматтар ұсынылған.
Бұған қоса Президентке мемлекет-жеке меншік серіктестік қағидаты бойынша пайдалануға берілетін №2 Индустриалдық паркінің даму перспективасы жайында баяндалды. Аталған алаңда жалпы құны 500 млрд теңгеден асатын және 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 100-ден аса жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар логистикалық инфрақұрылымды ілгерілету бағытында белсенді жұмыс атқарылуда. Соның ішінде «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағында логистикалық парк құрылады.
Астананың жалпыұлттық пулы аясында 1,9 трлн теңгеге 120 жоба жүзеге асырылады. Осы арқылы 22 мыңға тарта жұмыс орнын ашу көзделген.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы шынжыр табанды және дөңгелекті бронды машиналар шығаратын, сондай-ақ оларға техникалық қызмет көрсететін «Besqaru» зауытына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев цехтардағы құрастыру жұмыстарын аралап көріп, қорғаныс өнеркәсібі кешеніне қарасты кәсіпорынның технологиялық процестерімен, өндірістік мүмкіндіктерімен танысты.
Компания жылына 200 бронды техника құрастырады. Олардың қатарында суды кешіп өте алатын, дөңгелекті Taimas8x8, Aibar 4x4 бронды машиналары, сондай-ақ Tulpar шынжыр табанды техникасы бар. «Besqaru» компаниясы өз өнімін Қорғаныс министрлігі мен басқа да күштік құрылымдарға арнап шығарады. Өндіріс алаңы биыл ақпан айында іске қосылды. Жалпы құны 13,5 млрд теңге болатын жоба аясында 134 жұмыс орны ашылды.
Мемлекет басшысы зауыт қызметкерлерімен әңгімелесіп, олардың еңбегі өнімді болуына тілектестік білдірді.
Балаларға барлық жағдай жасалған
Президент тоқтаған келесі нысан – Tanym көпфункционалды кешені.
Мемлекет басшысы оқу сыныптарын, хореографиялық залды, коворкинг-орталықты, жасанды интеллектінің инновациялық жүйесі енгізілген жүзу бассейнін, кеме модельдеу шеберханасын, театр өнері студиясы мен спорт залды аралады.
750 балаға қызмет көрсететін бұл орталық балалар мен жастардың талантын шыңдауға, көшбасшылық қабілетін, ғылыми ойлау жүйесі мен шығармашылық әлеуетін жетілдіруге мүмкіндік береді. Жоба балаларға заманауи білімді, технологияны, мәдениет пен спортты қолжетімді етуге бағытталған. Қазір кешенде 100-ден астам жоғары білікті педагог жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев орталықтың ұстаздарымен, оқушыларымен әңгімелесіп, балалар мен жастар шығармашылығын дамытудың маңызына тоқталды. Сонымен қатар балаларға табыс тіледі.
Елорда нысандарын аралау барысында Мемлекет басшысы Нұра ауданында орналасқан New Generation School Astana жеке меншік білім мекемесінің жұмысымен танысты.
1320 оқушыға есептелген мектеп жаратылыстану-математика және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттарында білім береді. Әсіресе, математика мен ағылшын тілі тереңдетіп оқытылады. Оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруға қажетті барлық жағдай жасалған. Оқушылар үш мезгіл тамақтандырылады. Ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларға қолайлы орта қарастырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа мектеп құрылысының бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары аясында бой көтергені жөнінде баяндалды. Қаржының 40 пайызын «Даму» қоры кредит ретінде бөлген.
Президент оқу кабинеттерін, кітапхананы, спорт залын аралап көрді.
Содан соң Мемлекет басшысы Инклюзивті спорт орталығының қызметімен танысты. Бұл – еліміздегі мүгедектігі бар адамдарға арналған спорттық, медициналық, оңалту және білім беру инфрақұрылымын біріктірген алғашқы кешен.
Астанада мүмкіндігі шектеулі 42 мыңға жуық азамат тұрады. Олардың басым көпшілігі – балалар, жастар мен еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Олар орталықта спортпен тұрақты түрде шұғылданып, оңалту курсынан өте алады. Осылайша, әлеуметтік ортаға бой үйретеді.
Мекемеде көп функционалды спорт залы, реабилитация блогі, 15 медициналық кабинет, конференц-зал, сондай-ақ алты бөлмелі қонақүй секторы қарастырылған. Мұнда оқу-жаттығу жиыны, жарыстар мен білім бағдарламалары кезінде параспортшылар жайғасады. Орталықта спорттың 12 бейімделген түрінен жаттығу жүргізіледі.
Спорт және білім салаларында мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін маман даярлауға айрықша мән беріледі.