Қоғам • 25 Желтоқсан, 2025

«12 жылға дейін қамау»: Қазақстанда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға жаза бекітілді

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға қолданылатын жазалар белгілі болды. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мен Сенат депутаттары айыппұл мөлшерін Сенат кулуарында атады, деп хабарлайды Egemen.kz

«12 жылға дейін қамау»: Қазақстанда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға жаза бекітілді

Фото: pixabay

Сенатор Айнұр Арғынбекова медицина қызметкерлеріне және жедел жәрдем көлігінің жүргізушілеріне күш қолданамын деп қорқытқандарға 200-ден 500 АЕК-ке дейін (яғни 790 мыңнан 1,9 млн теңгеге дейін) айыппұл қарастырылғанын айтты.

Сонымен қатар, осындай әрекеттер үшін:

  • айыппұл мөлшеріне тең қоғамдық немесе түзеу жұмыстары;

  • 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;

  • жағдайдың ауырлығына қарай 2 жылдан 3 жылға дейін бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

«Егер дәрігердің өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолдану болса, 500-ден 1000 АЕК-ке дейін (шамамен 1,9 млн теңгеден 4 млн теңгеге дейін) айыппұл салынады. Сондай-ақ түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не болмаса 2–3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген. Ал егер бұл әрекет ауырлататын мән-жайлармен жасалса, жаза 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қамтиды. Өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданған жағдайда жаза 5 жылдан 10 жылға дейін, ал одан да ауыр қылмыс жасағандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», деп түсіндірді сенатор.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев 2019 жылдан бері медицина қызметкерлеріне 280 шабуыл жасалғанын айтты.

«Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, 2019–2020 жылдары жылына 5-10 шабуыл ғана болса, соңғы 2-3 жылда бұл сан 70-ке дейін, тіпті одан да көп. Биыл да түрлі оқиғалар тіркелді: 25 дәрігерге шабуыл жасалды, олардың екеуі – резиденттер. Орта медициналық персоналға 33 шабуыл, ал жедел жәрдем жүргізушілеріне 9 шабуыл жасалған», деді ол.

Еске салайық, қыркүйек айында Жамбыл облысында фельдшерге оқ атқан азамат жазаланған еді. Сондай-ақ 2025 жылғы 17 шілдеде дәрігерге шабуыл жасаған күдікті қамауға алынды.

Соңғы жаңалықтар