Фото: ашық дереккөз
Неге 1 қаңтар?
Біздің дәуірімізге дейінгі бесінші ғасырда Юлий Цезарь күнтізбені қайта қарауға пәрмен етті. Соның нәтижесінде «юлиан күнтізбесі» атанған жүйе пайда болды. Оны Александриялық астроном әрі математик Созиген жасаған. Ол жылды 365 күн деп алып, әр төрт жыл сайын бір рет қосымша күн енгізілетін жүйені ұсынды. Сол заман ғалымы жыл ұзақтығын шамамен 11 минутқа артық есептегенімен, бұл күнтізбе Күн қозғалысымен біршама дәл үйлесіп тұрды.
Цезарь енгізген жаңа күнтізбеде тағы бір маңызды жаңалық болды. Жыл басы 1 қаңтардан басталды. Бұл күн Римде атқарушы билікті жүргізетін консулдар қызметіне кірісетін уақытқа сәйкес келетін. Дегенмен юлиан күнтізбесі ғасырлар бойы қолданылғанына қарамастан, жаңа жылдың басталу күні әр кезеңде әрқалай белгіленіп отырды. Әсіресе христиан әлемінде Жаңа жылды түрлі күндерде қарсы алу тәжірибесі болған.
Неліктен шырша?
Мәңгі жасыл өсімдіктерді қастерлеу тым көне замандардан бастау алады. Шырша жаңа жылмен байланыспай тұрып-ақ, әлемнің әр түкпіріндегі халықтар оны өмір мен қайта жаңғырудың қуатты белгісі ретінде қабылдаған. Қыстың қақ ортасында, жапырақты ағаштар жалаңаштанып тұрған шақта, шырша, қарағай, майқарағай бәз кейпін сақтап қалады. Бұл табиғаттың айналымын, көктемнің қайта ораларын еске салған.
Ежелгі мысырлықтар қысқы күн тоқырауы кезінде үйлеріне жасыл пальма бұтақтарын әкеліп, оны өмірдің өлімді жеңуінің нышаны санаған. Римдіктер Сатурналия мерекесінде үйлерін бұтақтармен безендірген. Бұл мейрам егіншілік құдайына арналған еді. Ал кельт друидтері үшін мәңгі жасыл өсімдіктер мәңгілік пен өлмес өмірдің белгісі болды.
Қылқан жапырақты ағаштар герман тайпаларының наным-сенімінде айрықша орын алды. Олар ағаш бұтақтарында үйді жаман күштерден қорғайтын табиғат рухтары мекендейді деп сенген. Сол себепті адамдар жаңа жыл қарсаңында үйлері мен аулаларын шырша бұтақтарымен әшекейлеп, игі рухтарды шақырып, келер жылдан береке күтті.
Бұл пұттық ғұрыптар табиғат күштерімен байланыс орнатуға бағытталған еді. Мәңгі жасыл бұтақты немесе тұтас ағашты орнату жай сәндік әрекет емес, қорғау, молшылық пен өсіп-өркендеуді тілейтін магиялық рәсім саналды. Дәл осы сенім қабаты кейінгі дәуірлерде қалыптасқан қазіргі шырша дәстүрінің іргетасына айналды.
Түркілік дүниетанымда жалпы ағаш қасиетті саналған. Ол үш әлемді тұтастырып тұрған рухани портал. Тамыры әруақтар әлемімен, діңі тірілер әлемімен, бұтақтары тәңірлік әлеммен байланысады. Исламдық тұрғыда да шырша мен қарағайлардың мәңгі жасыл болуының себебі айтылады. Тақ Сүлейменге періштелер өлместің суын яки әбілхаятты әкеп береді. Бірақ ол өмірдің мәні өткіншілігімен ұғынылады деп суды өсіп тұрған шыршаларға шашып жіберіпті дейді. Сондықтан бұл ағаштар мәңгілік көгеріп тұрады.
Сенімге қайшы келмей ме?
Кей отандастарымыз жаңа жылға келгенде көңілі күпті болып, осы сұрақпен мазаланады. «Жаңа жыл атап өтсем дінге қайшы келе ме?» немесе «құдайға серік қосқан болмай ма?» дейді. Алайда мүфтият имамдары жаңа жылды атап өту барысында сенімге қайшы мотив жоқ екенін айтады. Зайырлы елдің қатырында болғаннан кейін Жаңа жыл ресми мереке ретінде тойланады.