Ол 1943 жылы он сегізге толар-толмастан майданға аттанған. Орыс тілін білмейді, қазақ ауылынан шыққан бала. Бірақ табиғи зеректігімен тілді де, өзіне берілген команданы да бірден меңгеріп, соғыстың қайнаған ортасына түсіп жүре береді. ІІ Украин майданының 91-полкында міндетін атқарған ол қай күні қай қаланың түбінде соғысып, қай ауыл-село, қаланы алғандарын жаңылмай айтып бере алатын. Командирлерінің шенін ғана емес, аты-жөндерін де жаңылмай жеткізетін. Әңгіме айтқанда жаңылмай күніне дейін еске түсіретін. Украинаны, Чехославакияны азат етуге қатысып, соғыстың небір сұрапыл күндерін басынан кешкен. Жоғары Бас қолбасшының атынан 18 рет Алғысхат алған. Бірнеше медальмен марапатталған.
Соғыстан аман келген соң Петропавл педагогикалық училищесін бітіріп, Орман орта мектебінде мұғалім болып 33 жыл қызмет істеген. Өмірлік жары Айша Сағындыққызымен екеуі 9 ұл, бір қыз өсірген. Ағамыз 15 немере, 15 шөбере көріп кетті. Балаларының бәрі өзіне тартқан ағаш шебері, суретші, әнші болды. Салдырлаған ақкөңіл жан елге керемет сыйлы еді. Сұхбат алған журналистерді әңгімеге қарық қылатын. Жадының күштілігі сондай, ол 70–80 жыл бұрын болған оқиғаларды күні кешегідей еске түсіретін. Ақылды адамдардың, шешендер мен көсемдердің сөздерін жинаған 600 беттік сыр-күнделігі де бар екен. Олардың сөзін, ұзақ толғауларын, ақыл-кеңестерін еш жаңылмай, диктофонға жазылғандай жүйткітіп, айтып беретін еді. Ендігі міндет – балалары соны кітап қылып шығарып, бүгінгі ұрпақтың рухани азығына айналдыруы керек. Ұзақ жылдар өзге жұрт өкілдері көп қоныстанған Архангелка ауылында тұрып, мұндағы жұртты қазақыландырып, салт пен дәстүрді жандандырып, шүлдірлеп кеткен қазақтарды туған тіліне тарта білген.
Марқұмның 100 жылдығы С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханада аталып өтті. Онда ақылман қарттың алдын көрген інілері, жерлестері, шәкірттері естеліктер айтып, абзал жанды еске алды. Ақындар Қабдолла Бейісхан мен Диас Аяған арнау өлеңдерін оқыды. Архангелка ауылындағы «Жұлдыз-ай» хоры өнер көрсетті. Кешті рухани інісі, еңбек ардагері Жапар Бәриұлы ақсақал ұйымдастырды.
ПЕТРОПАВЛ