Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Бұл – Сәбит Мұқановтың Абай шығармашылығын талдаған «Жарық жұлдыз» атты монографиясына сонау 1945 жылы жазған арнауының түйіні.
Сәбеңнің сөзіне еліктеп, біз биыл жарық көрген «Алып Абай» атты кітабымыздың соңында былай жазғанбыз:
«Біздің де мақсатымыз – осы.
Абай атты алып бәйтеректің бір ғана бұтағын, ақын ұлылығының бір ғана сипатын – әдетте ауызға азырақ алынатын тәржімешілік талантын тұтастай ашып көрсетуге арналған кітабымызды Абай атамыздың 180 жылдығына шашуымыз деп қабыл алғайсыз, қолдан келгенге разы болғайсыз, ардақты оқырман».
Абай жылы да аяқталып келеді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Абай жылында қандай қомақты іс атқарғаны «Алып Абайдың» таяуда Ұлттық академиялық кітапханада өткен таныстырылымында жан-жақты айтылды, биылғы тынған істің бірі ретінде біздің еңбегіміз де аталды.
Жыл қорытылар тұста Абай шығармашылығынан, соның ішінде аудармашылығынан туындайтын кейбір ойларды ортаға салмақпыз.
Данышпандық дәрістері
«Абай атамыз» деп сөйлейміз. «Абай атамыз айтқандай» деп әңгіме бастаймыз. Сөз мәніне терең үңіліп қарасақ, бұл бір ғажап құбылыс. Бүкіл халықтың ақынды немесе жазушыны ата деп атауы, жанына соншалықты жақын тұтуы мына жұмыр Жердің бетінде қазақтан басқа халықта кездесе қоймаса керек. Кездессе де сирек екені анық.
Кейде ойлап отырсаңыз, Абай біз үшін ақын да, философ та, аудармашы да, композитор да емес, бәрінен бұрын өзіміздің жанымызға соншама жақын адамымыз, ағайынымыз ба, туысқанымыз ба, ағамыз ба, атамыз ба, әйтеуір, бір жақсы танитын адамымыз сияқты. Сол адаммен талай рет кездескен, сөйлескен, сырласқандаймыз, талай рет ақылын алғандаймыз, ал кейде не балалықпен, не шалалықпен алмай кеткендейміз. Біз өмірімізді Абайсыз елестете алмаймыз. Қуансаң да, қиналсаң да Абайдың алдына барасың. Жар сүйіп, бала сүйіп қуансаң да, жақыныңның азасына күйіп, қайғырсаң да Абай жаныңнан табылады. Иә, Абай атамыз бізге кәдімгі өзіміздің атамыз сияқты. Абаймен ақылдасамыз, Абаймен сырласамыз, Абайға мұңымызды шағамыз, Абайдан тағылым аламыз. Абай – біз үшін арамызда жүрген ақылман, даламызда жүрген данышпан.
Ақыл-білімі, парасат-тәжірибесі асқан кемеңгерді, даналық қасиеттерді бойына сіңірген адамды данышпан дейміз. Өзіндік «меннің» кеңістігін барынша кеңейткен, сан қилы дәуірлер өкілдерімен тілдесетін жоғары санаға жеткен аса жарқын тұлғаларға да қатыстырып осы сөзді айтуға болады.
Елінің елдігін дәлелдеген
Сәбит Мұқанов дәл айтқан: «Данышпанның бәрі ақын емес, ақынның бәрі данышпан емес. Ал Абайда осының екеуі де бар». Ақындық пен данышпандықтың бір адамның бойында тоғысуы – алыптықтың анық айғағы. Сондықтан да біз кітабымызды «Алып Абай» атадық. Бұл атауда Әбіш Кекілбаев мәдениеттанушылығы туралы жазылған «Абыз Әбіш» кітабына ұқсастық бары рас. Мұны даналар сабақтастығын тиянақтай түсетін жай деп білеміз.
Жақсы аударма – тіл қадірін танытудың да сенімді жолы. Аудармада төлтума мен телтума тайталасады, яғни автор мен аудармашы өзінше бір өнер жарысына түседі дейміз. Олай деп айту аздық етеді. Аудармада солар арқылы тіл мен тіл де жарысқа түседі. Тіл мен тілдің жарысы, түптеп келгенде, бейне бір ел мен елдің өнер жарысы десе де болады. Демек, аударма – ұлтыңның ұлылығын, еліңнің елдігін дәлелдеудің бір жолы. Абайдың аудармашылық алыптығы – ұлтының ұлылығын, елінің елдігін даусыз дәлелдеп берген ғажайып құбылыс.
«Тек тамаша ақын ғана тамаша аудармашы бола алады» деген еді тәржіме классигі Вильгельм Левик. Абай аудармашылығы оның ақындығын да ұштағаны анық. Ақынның аудармашылыққа кіріскенге дейінгі өлеңдері мен аудармашылыққа кіріскеннен кейінгі өлеңдерінде айырма барын әркім-ақ аңғарады. Аударма арқылы қазақ поэзиясын тіл, түр, пішін, пішім жағынан да байытты Абай. Басқасын былай қойғанда, қазір екі өлеңнің бірінде қолданылатын шалыс ұйқастың (а-б-а-б) Абай аудармаларынан кейін орныққанын айтудың өзі жеткілікті. Оған дейін қара өлең ұйқасы (а-а-б-а) белең алып келгені белгілі.
Кітабымызда ақын шығармашылығын бір қырынан – аудармашылығы тұрғысынан ғана қарастырдық. Өйткені жалпы абайтану гуманитарлық ғылымның үлкен бір саласына айналғанымен, нақты Абай аудармашылығына тиісті көңіл бөлінбей келген еді. Бұл сөзімізге ақын аудармасы туралы алғашқы және жалғыз кітаптың – Зәки Ахметовтің «Лермонтов и Абай» монографиясының сонау... 1954 жылы жарияланғанын, онда, атынан да көрініп тұрғанындай, Абайдың Лермонтовтан жасаған аудармалары ғана қарастырылғанын, сонан бергі жетпіс жылдан астам уақытта бұл тақырыпқа тұтастай арналған авторлық еңбек тұрмақ, ұжымдық жинақ та шықпағанын айтудың өзі жеткілікті. Кітапты таза ғылыми зерттеу түрінде жазудан әдейі бас тарттық, көпшілік қауым, әдебиетке қызығатын әр адам еркін оқи алатындай етіп, ойымызды барынша ұғынықты тілмен, жөнді-жөнсіз теория тықпаламай қағазға түсірдік. Абайтануға ертелі-кеш үлес қосқан ғалымдардың, әдебиетшілердің еңбектерінен үзінділерді молынан келтіріп, тұжырымдарымызды тиянақтап отырдық. Кітап жазудағы әуелгі мақсат сол кітапты оқыту болуы керек. Зерттеудің қолжетімді, оқылымды шығуын қамдап, еңбекті тараушаларға да бөліп жаздық. Тараушаларға аударма өлеңдердің, мысалдардың аты немесе алғашқы жолы тақырып етіп қойылған. Тез табыла қалады. Көлемі 600 беттік еңбекте Абай аудармаларынан бір шығарма шашау қалдырылмай, түп-түгел талданып шықты, әр өлең, әр мысал атауы жеке-жеке тақырыпқа қойылып тұрып, хронологиялық ретпен сөз етілді. Жеткілікті жазылған делінетін Пушкиннен, Лермонтовтан, Крыловтан жасалған аудармалардың сыртында, Гётенің, Шиллердің, Байронның, Мицкевичтің, Буниннің, Дельвигтің, Полонскийдің, Р.Левенштейн – В. Крыловтың өлеңдері қазақша қалай өрілгеніне де көп көңіл бөлінді.
Осы кітапты оқыған адам Абай томын қайтадан қолға алса, ақын аудармаларының қадір-қасиетін тың тұрғыдан зердеге салса – ойдағымыздың орындалғаны.
Аударма – әдебиеттің өрелі биігі болса, аудармашылық – әдебиетшінің өрелі биігі.
Мықты әдебиетшінің бәрі бірдей мықты аудармашы бола алмайды. Орыстың сыншы ғалымдары Тютчевтің де, Блоктың да аудармашы ретінде бағы ашылмағанын жазып жатады. Талантқа қоса мұнда терең білім де керек. Ойдың жүйелілігі, қисындылығы, былайша айтқанда, тәртіптілігі де өте маңызды. Бұл арада тіпті таланттың өзі де басты өлшем емес. Тәржімешінің таланты тасып бара жатса да, түпнұсқаның ажарын өз тілінде толық аша алмауы әбден мүмкін. Ф. Батюшков: «Достоевскийдің таланты Тургеневтен кем емес еді, алайда Тургеневтің аудармалары артық, өйткені ол нағыз білімді адам еді, Батыстағы еуропалық мәдениетті жақсы білетін: Флобердің дара тұлғасын ол Достоевскийдің Бальзактың дара тұлғасын көргенінен айқынырақ, анығырақ көретін. Аса данышпандығының салдарынан өте субъективті пікірлерді оңды-солды айта беретін Толстойға да аудармашылықты онша сеніп тапсырудың қажеті шамалы», деп жазған. Қазақтың талай тамаша ақын-жазушыларының да аудармаға келгенде жүрісінен жаңылып қала беретіні аз кездеспеген.
Аудармашы таланты – айрықша талант. Адамның өзін толқытқан, тебіренткен жайды қағазға түсіруі, өлеңге айналдыруы – табиғи жай. Ал өзгенің жазғанына толқуы, тебіренуі, өзі бастан өткергендей күй кешуі, сол сезімге елдестерім, тілдестерім де ортақтассын деп қолға қалам алуы, сөйте жүріп ұлтының, халқының сөз өнерін өрге сүйреуі, жаңа көкжиек ашуы, жаңа асқарларға шақыруы тек табиғи жай емес, бұл үшін ақындық шеберлікке қоса, жалпақ жұртқа жақсылық жасауға ұмтылатын ұлы жүрек керек.
Сол ұлы жүрек иесі – Абай. Сол ұлы жүрек Абайды ұлы ақын ғана емес, ұлы аудармашы да етті. Осыдан бес жыл бұрынғы бір конференцияда: «Егер Абай өз бетінше бірде-бір жол өлең, бірде-бір жол қара сөз жазбаған болса, егер ол тек таза аудармашылықпен ғана шұғылданып, әлемдік поэзия классиктерінің ғажайып шығармаларын төл тілімізге төгілтіп түсірумен тоқтаған болса, онда біз бұл күндері ұлы аудармашы Абайдың туғанына 175 жыл толуын атап өтіп жатар едік...» дегеніміз бар-ды. Біз өз кітабымызбен осы ойды дәлелдеуге тырыстық.
Ұлы жүрек ұлағаты
Абай – адамзаттық ауқымдағы алып тұлға. Адамзат алыптары алуан қырлы ақ алмас сияқты болады. Олар әр қырынан қараған сайын құбыла құлпырып, жаңаша жарқырай береді. Қазақ елі ұлттың ұлы ұстазын ұлықтаудың үйренерліктей үлгісін келісті көрсете алады. Абайдың бар айшығы айқара ашылатын заман да, жалпыадамзаттық суреткер, жаһандық ойшыл екені дәлелденетін уақыт та келеді әлі. Қазақ елі Абай аманатын ақтайтын, өркениеттің биігіне көтерілетін, еңбекті сүйетін, әділетті ел болады әлі. Сенеміз соған.
Тану – тағылым тұту
Абай аманатының бірі – «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Біз баршаны бауырға басатын далалық дана дәстүрімізден айнымауымыз керек. Ел бірлігі дегеніміз қазақтың ғана бірлігі емес. Ел бірлігі дегеніміз – барша қазақстандықтардың, бізді тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған сан түрлі этнос өкілдерінің де бірлігі. Ел бірлігінің басты шарты – ұлт бірлігі. Ұлт бірлігі – ұлы бірлік. Біреуді зор, біреуді қор санап жүріп, тілі бойынша алалап жүріп, елінің ішін алатайдай бүлдіріп алатындай, ақыр аяғында жерінен айырылып қалатындай сұмдықтар да болуы мүмкін мына беті қатты заманда. «Болуы мүмкін» деп сақтана сөйлейміз ғой, әйтпесе, сол сұмдық, мысалы, бір елде болғалы да тұр расында. Ауыз өзімдікі екен деп ұлтаралық, мемлекетаралық мәселелерге беталды араласа берудің, айналаға алаңдамай сөйлеудің, шамаға қарамай шалқақтаудың аяғы жақсылыққа апармайды.
«Әр қадамымызды анық басып, әлемде және елімізде болып жатқан оқиғаларды байыппен сараптай білуіміз қажет. Тұрақтылық пен дамуымыздың кепілі болған татулық пен бірлікті бәрінен жоғары қойған абзал» (Қасым-Жомарт Тоқаев).
Абай аударма жасау арқылы ел мен елді жақындастыруды, тіл мен тілді туыстыруды, діл мен ділді жұғыстыруды да мақсат тұтқанын ұмытпауымыз керек.
Абайды әлемге танытуды жиі айтамыз, мақсат етіп қоямыз. Дұрыс мақсат. Сонымен бірге біздің түпкі мақсатымыз Абай арқылы қазақты әлемге таныту болуы керек. Ал бұл Абайды танытудан анағұрлым қиын.
Өзің толық танымайтынды өзгеге там-тұмдап та таныта алмайсың.
Тану тағылым тұтудан басталады. Сағат Әшімбаев былай жазған еді: «Абайды тағылым тұту дегеніміз – Абай тағылымынан шындап үлгі-өнеге алу, тәлім-тәрбие көру. Абай айтқан жаныңа жара салар жамандықтардан, яғни кеселді әрекет, кесірлі пейіл, кесапат мінездерден бойыңды да, ойыңды да көш бойы аулақ ұстау, оларға жол бермеу, жол бергенге сенікі жөн деп айтпау деп білеміз. Екінші жағынан, Абай тағылымына тағзым ету – Абай айтқан адам баласына тән сыры мен сымбаты тең түскен жақсы қасиеттерге «болмасақ та ұқсап бағып» оларды қастерлей білу, жақсылыққа жол ашу, парасатқа құштарлықты дәріптеу, адалдық пен шындық мүддесі жолында мүлт кетпеу, адам тағдырына аяушылықпен қарай білу, азаматтық һәм адамгершілік дәстүрлерді көзіміздің қарашығындай қорғай білу болып табылады. Қысқасы, Абай тағылымынан үйрену деген сөз өз өміріңе және өзгелерге де Абайдың көзімен әділ баға беруге үйрену, барыңды да, жоғыңды да Абай таразысына салып өлшеп көру, Абай көрсеткен кемшіліктерге кеңшілік бермеу дегенді баса айтқымыз келеді. Абайдың бізге беретіні сол, біздің одан тек батпандап ала білуіміз ғана».
Қазақтың Абайды тануын тежеп тұрған мәселенің мәселесі – бар қазақтың бірдей Абайды қазақша оқымауы, оқи алмауы, талайының Абайды аудармадан оқуы. «Қазақ жаппай қазақша үйренгенде ғана Абай қазақтың бар баласына құшағын айқара ашады» (Бауыржан Омарұлы).
Мұхтар Мағауиннің «Абай өзінің ұлылығымен қазақты танытты. Алаштың асып туған перзенті екен. Қандай құрметке де лайық екен. Сол Абайға біз лайық бола алдық па?.. Ұлт алдындағы, ұлы перзент алдындағы парызымызды ұғынып, қарызымызды өтей алдық па?..» деген сауалы – біздің алдымыздан дәйім шыға беретін, шыға беретін сауал. Бұл сауалдың жауабын ешбір жеке адам қайтара алмақ емес. Бұл сауалға жауапты бүкіл халық қана қайтара алады. Оған да уақыт, көп уақыт қажет.
Ұлт алдындағы, ұлы перзент алдындағы парызымызды ұғынып, қарызымызды өтеудің жолы – ең алдымен Абай аманатына адал болу. Ал Абай аманатына адал болу деген не? Өте оңайлатып айтып көрейікші. Өлең жаттауға ебі келмейтін, тіпті қолына кітап ала бермейтін адамға есептеп, барынша оңайлатып сөйлейікші. Абай айтқан бес дұшпан мен бес асыл істі бір сөйлемге сыйғызып көрейікші.
Егер әрбір жан ӨСЕКке жақын жүрмесе, ӨТІРІК айтпаса, МАҚТАНШАҚтыққа бой ұрмаса, ЕРІНШЕКтікке салынбаса, БЕКЕР МАЛ ШАШПАҚты тыйса, осыларды бес дұшпаным деп білсе, ТАЛАПты болса, ЕҢБЕК етсе, ТЕРЕҢ ОЙмен жүрсе, ҚАНАҒАТшыл болса, РАҚЫМшылық жасаса, осыларды бес асыл іс деп көнсе, осының өзі Абай аманатына адалдықтың басы. Тек осыны жасасақ та бірте-бірте сана да өзгереді, адам да өзгереді, қоғам да өзгереді, заман да өзгереді. Осы бір сөйлемге сыйып кеткен ақын сөзін жадында жаттап, жүрегінде сақтап жүрген жанның өзі-ақ мына өмірде талай нәрсеге қол жеткізеді.
Абай бәрін де айтып кетті. «Адам бол, мал тап» – тап осы төрт сөзде өмір сүрудің бар кілті, яғни жүрегіңді ұстаудың жолы да, шаруаңды ұштаудың жолы да тұрған жоқ па?
Абайымызды тұқыртқысы келетін, Абайымыздан айырғысы келетін күштер болған, бар және алда да бола береді. Абай – халықтың, ұлттың балама атауы. Абайға шабуылдың астарында («Абай өмірде болмаған» деген сандырақ сөздің, «Абай атынан ол шығармаларды басқалар жазған» деген алжыған әңгіменің тасқа басылғанын мына шыққыр көздің көргеніне көп уақыт өте қойған жоқ) халыққа, ұлтқа, ділге, тілге шабуыл жататынын, Абай ардақтаған достыққа, Абай шақырған бірлікке сына қағу жататынын ұмытпайық.
Абайсыз жұрт – абайсыз жұрт. Абайсыз жұрттың да, абайламайтын адамның да адасуы оңай.
«Абай – бізге Құдайдан берілген адам. Мұндай терең, алдын көргіш, данышпан адам бұрын туған жоқ. Біз Абай жолынан ажырамауымыз керек» (Мекемтас Мырзахметұлы).
Біз халқымыз сол жолға, Абай айтатын ғаділет жолына түскеніне, Әділетті ту етіп ұстағанына тәубе дейміз.
Абай жолы адастырмайды.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты