Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Зерттеуде жеке факторларға, жұмыстағы қажеттілікке, мұғалімдерге берілетін ресурсқа, олардың нақты тәжірибесіне тікелей әсер ететін жағдайға назар аударылады. Сондай-ақ бұл факторлардың мұғалімдердің жұмысқа қанағаттануына, өз мансабына, болашағына қатысты жоспарына қалай ықпал ететінін қарастырады.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 6 жыл ішінде мұғалімдердің еңбегін бағалау, олардың жалақысы мен жұмыс жағдайын жақсарту бағытында нәтижеге қол жеткізуі Мемлекет басшысы бастаған үздіксіз реформалардың жемісі екенін атап өтті.
– Зерттеу деректеріне көз жүгіртсек, мұғалімдердің жалақыға қанағаттану деңгейі екі есе өсіп, 75 пайызға жеткен. Әсіресе мемлекеттік мектептердің ұстаздары жалақының жақсарғанын анық сезінген. Қалалық мектеп мұғалімдері де бұл пікірді растап отыр. Сонымен бірге мұғалім мамандығының қоғамдағы беделі артып келеді. Еліміздегі ұстаздардың 82 пайызы қоғам олардың еңбегін бағалайды деп санайды. 73 пайызы БАҚ мұғалімдердің жұмысын оң қырынан көрсетеді деп сенеді, ал 58 пайызы саясаткерлер де ұстаздардың еңбегін лайықты бағалайды деген пікірде. Оқушылардың жоғары жетістік көрсеткен үлесі де үш есеге артқан. Жас мұғалімдердің 78 пайызы «таңдау мүмкіндігі болса, мұғалімдікті қайта таңдар едім» деп жауап берген. Бұл – мамандықтың жас буын үшін тартымды бола түскенінің айқын белгісі. Мұғалімдердің кәсіби дамуға деген ынтасы да жоғары. Бүгінде ұстаздардың 64 пайызы түрлі кәсіби даму бағдарламаларын аяқтап, олардың өз педагогикалық тәжірибесіне үлкен ықпал жасағанын мойындайды. Жасанды интеллектіні қолдану да білім жүйесіне кеңінен еніп жатыр. Мұғалімдердің 59 пайызы ЖИ құралдарын өз жұмысында пайдаланады. Бұл көрсеткіш көптеген елдің орташа деңгейінен жоғары. «TALIS» нәтижелері мұғалімдерді қолдауға бағытталған реформалардың шынайы әсерін көрсетеді. «Педагог мәртебесі туралы» заңнан бастап, еңбек жағдайын жақсартуға дейінгі қадамдар нақты нәтиже беріп отыр, – деді министр.
Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы директоры Андреас Шляйхер жалақы маңызды фактор болғанымен, ең бастысы емес екенін айтады. Мұғалімдердің жұмысқа қанағаттануына шешуші әсер ететін мектептегі қарым-қатынас, басшылықпен байланыс, ортадағы кәсіби мәдениет. Ал зерттеу нәтижесінде, мұғалімдер ең басты қиындық ретінде қағазбастылықты атаған.
– Білім беру – коммерциялық транзакция емес, бұл ұстаз бен оқушы арасындағы тірі байланыс, бірге жүретін жол. Сол себепті мұғалімдерден «Неліктен ұстаз болуды таңдадыңыз?» деп сұрағанда, қазақстандық педагогтердің көпшілігі: «Жасөспірімдердің өмірін жақсартқым келеді» деп жауап берген. Бұл – өте маңызды мотивация. Ал стресс тудыратын факторларға келсек, Қазақстан мұғалімдеріндегі негізгі қиындық – жұмыс кестесі немесе сабақ саны емес. Олар үшін ең ауыр жүктің бірі – қағазбастылық, әкімшілік жұмыс, құжат толтыру. Болашақта жасанды интеллект осы жұмысты жеңілдетіп, мұғалімдерді артық бюрократиядан босатады деген сенім бар. Бүгінгі күрделі білім беру контексінде мұғалімдердің кәсіби дайындығы мен оларға қойылатын талаптардың арасындағы алшақтық байқалады. Талаптар тез өзгереді, технология жылдам дамиды, ал университеттегі дайындық бұл өзгеріске ілесе бермейді. Сондықтан мектеп мұғалімдерге тек сабақ өтетін жер ғана емес, күнделікті дамып, машықтанатын кәсіби орталыққа айналуы қажет. Жаңа дағдыларға, жаңа әдістерге дайын болу – қазіргі заманның талабы. Қазақстан бұл тұрғыда да жақсы жағынан көрінді. Мұғалімдердің басым көпшілігі магистрлік деңгейде білім алған. Алайда үздіксіз кәсіби даму әлі де өзекті, – деді ол.
Андреас Шляйхер бұрынғы кеңестік елдерде сөзбен істің арасы алшақ болады деген ойын да ашық жеткізді. Оның айтуынша, мұғалімдер көбіне сауалдарға «бәрі жақсы» деп жауап беруге бейім. Ал шын мәнінде жағдай басқаша болады. «Мұғалімдер сауалнамада «бәрі жақсы» деп айтуы мүмкін, бірақ шынайы оқу нәтижесі бұған сәйкес келмей жатады. Себебі олар көбіне қалай болуы керек деп ойлағанын айтады, ал сыныптағы жағдай басқаша. Кәсіби еркіндік аз, жүйеге бейімделу көп. Оның үстіне бұрынғы кеңестік елдерде «бәрі жақсы» деу бұрыннан қалыптасқан дағды. Сондықтан сөз бен шындықтың арасында алшақтық пайда болады», дейді ол.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мұғалім болуға ынталы жастар қатары артқанын атап өтті. Министрдің сөзінше, педагогика саласына грантқа түсу шарттары да қатаңдай түскен.
– Бес жыл бұрын ғана педагогикалық бағытқа түсу көпшіліктің ойында «диплом алудың ең оңай жолы» ретінде қабылданып келгені рас. Бірақ бүгінде жағдай өзгерді, тіпті толық өзгерді деуге негіз бар. Ең алдымен, педагог даярлаудың барлық талабы қайта қаралды. Талаптар күшейтілді, жауапкершілік артты. Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша шекті ұпай көтерілді, әсіресе математика, физика сияқты маңызды пәндер бойынша талаптар жоғарылады. Біз талапкерлердің неліктен мұғалім болуды таңдағанына да ерекше мән бердік. Бұрын «алтын белгі» иегерлерінің үштен бірі ғана педагогиканы таңдаса, қазір бұл үрдіс өзгеріп келеді. 2021 жылмен салыстырғанда талапкердің қазіргі кәсіби дайындық деңгейі мен қажетті білім көлемі 75 пайызға артқан. Сонымен бірге жаңа міндетті кәсіби емтихан енгізілді. Бұл – талапкердің балалармен жұмыс істеу қабілетін, педагогикалық дайындықты тексеретін арнайы тест. Биыл осы емтиханнан 43 мың талапкер өтті, оның тек 21 мыңы ғана грантқа, яғни шәкіртақы алатын педагогикалық бағдарламаға қабылданды. Осы шаралардың арқасында талапкерлердің білім сапасы да айтарлықтай өзгерді. Мысалы, 2019 жылы педагогикалық бағытқа түсу үшін орташа есеппен 95 ұпай жеткілікті болса, бүгінде бұл көрсеткіш 115–120 ұпайға дейін көтерілді. Яғни ең жоғары ұпай жинаған жастар педагог болуға таласып жатыр. Алдағы жылдары мектепке ынтасы жоғары, сапалы жаңа буын ұстаздар келетінін күмәнсіз айта аламыз, – деді ол.
«Сәби» қорының негізін қалаушы, Ш.Уәлиханов атындағы мектептің мұғалімі Әсел Тасмағамбетованың айтуынша, егер әр оқушының қажеттілігіне негізделген жеке оқу траекториясы болса, олардың барлығы да жетістікке жете алады.
– Жекеменшік мектептер кейінгі жылдары басқа білім ұйымдарына қарағанда әлдеқайда қарқынды дамып келеді. Біздің мектебіміздің мақсаты тек жекеменшік секторда өсу емес. Нәтижелі білім моделін жасап, оны болашақта мемлекеттік мектептерге ұсыну. Мектепті дәл осы мақсатта құрдық. Біздің ең үлкен артықшылығымыз жекелендірілген – білім моделі. Әр баланың оқу деңгейі, қабілеті, қажеттілігі әртүрлі. Сол себепті оқушыларды «мықты», «әлсіз» деп жасанды топтарға бөліп тастау дұрыс емес. Бастысы әр оқушының жеке мүмкіндігін анықтау, оған жеке қолдау көрсету. Бұл тәсілдің нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Оқушыларымыз әлемдегі ең үздік ондыққа кіретін Гарвард, Чикаго, Беркли, UCLA сияқты әйгілі оқу орындарында оқып жүр. Бұл – дұрыс құрылған методологияның, нақты диагностика мен жеке оқу жоспарының, бейімделетін платформаның, кеңейтілген оқу кеңістіктігінің және оқушының жеке портфолиосын жүйелі жүргізудің нәтижесі. Бұның бәрі мұғалімдерді артық әкімшілік жұмыстан босатып, уақытын оқушыға бөлуге мүмкіндік береді, –дейді ол.
Жалпы, «TALIS» нәтижесі мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы мен беделінің артқанын аңғартады. Алайда шығармашылық еркіндіктің шектелуі мен қағазбастылықтың қолбайлау болуы мәселесі шешілмеген түйін қалпында қалғанын көрсетеді.