Қоғам • Бүгін, 08:13

Қамқорлық аясы кеңейіп келеді

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жол­дауында еліміздегі адам капитал­ын дамыту мақсатында әділ әлеу­­меттік саясат жүргізудің ма­ңызды тұстары нақты атап өтіл­ді. Ақмола өңірінде Президент тап­сыр­масын жүзеге асыру барысында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

Қамқорлық аясы кеңейіп келеді

Облыс көлемінде жұмыспен қам­туды үйлестіру, аймақ тұр­ғындарының өмір сапасын арттыру бағытында бірқатар жұмыс қолға алынған. Алдымен әлеуметтік саясатта адам капиталының ма­ңыздылығы зор екендігін айта кетуге тиіспіз. Дарқан даланың даналығын бойына сіңірген арыдағы жұрт «Қарты бардың қазынасы бар» деп тегін айтпаған. Тәрбие төркіні де өмірден көргені, түйгені көп қариялардың көкірегін­де. Жас толқын алдыңғы буын ағалар­дың ғибратты ғұмырын өміршең өнеге ретінде пайдаланса құба-құп. Сол тұрғыда екі буын­ның арасында жанды байланыс орнатқан ләзім. Бүгінгі ат жалын тартып мінген жастар еліне еңбегі сіңген ардагерлердің маңдай терін сыйлап, құрмет көрсетсе қоғамды ізгілендіре­тін де осы ықылас. Адамгершілікке негіздел­­ген ізгі қасиеттер тереңге тамыр жайсын десек, жастарды қарттарды сыйлауға, оларға жан-жақты қамқорлық көрсетуге тәрбиелеудің маңызы зор.

Өңірде жыл сайын қазан айында Қарт­тарды қолдау айлығы өткізіліп, ауқымды шаралар ұтымды үйлестіріледі. Биыл айлық барысында 2400-ден астам іс-шара өткізіліп, оған орташа есеппен алғанда 54 мың адам қатысты. Бір мезеттік шара болса да қариялар өздерін елеп-ескеріп, жанды қамқорлық көрсеткен жастарға дән риза болып, бір жадырап қалды. Концерттік бағ­дарламалар мен мазмұнды кездесулерден бастап, медициналық тексерулердің әсері мол болды. Қарт адамдарға коммуналдық-тұрмыстық мәселелерінде әлеуметтік қолдау көрсетілді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджет­тен 910 миллион теңге қаражат бөлініп, облыс­тың 35 мың зейнеткеріне бір реттік көмек, 1200 адамға санаторийлық-курорт­тық емделуге жол­дама берілді. Көкшетау қаласының ­31 мың зейнеткерінің қоғамдық көлікте тегін ­жүруі қамтамасыз етіліп, 322 тұрғынға отын-көмір алуға көмек көрсетілді.

пр

– Президент Жолдауында нақты көрсе­тілгеніндей, әлеуметтік қолдау тек бюджет есебінен ғана емес, белсенді, жанашыр азаматтардың қатысуымен жүзеге асқанда ғана нәтижелі болады, – дейді об­лыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина. – Бұл ретте кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдардың 122 млн теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетуі өңірде әлеуметтік жауапкершілікті түсіне білетін адамдар қатары аз еместігін айғақтайды. Соның арқасында әлеуметтік қолдаумен қамтылғандар саны жыл сайын көбейіп келеді. Әлеуметтік саясаттың басты ұстанымы – әлеуметтік қолдаудың әділдігі мен қолжетімділігі. Бүгінде 81 мыңға жуық азамат мемлекеттік қолдаумен қамтылып отыр. Сонымен қатар 46 әлеуметтік мекемеде 1300 адам тұрақты түрде қолдау-көмек алады. Облыстағы жалғыз соғыс ардагері Нұрғасым Әжітаев пен 1 216 тыл ардагеріне ерекше қамқорлық көрсетілді.

Облыс көлемінде мүгедектігі бар азаматтар­ды қолдау, өмір сүру сапасын жақсарту бары­сында нақты қадамдар жасалып жатыр. Өңір­де 29 мыңнан астам азамат осындай санатқа ­жатады. Олардың 13 мыңына оңалту құ­рал­дары мен әрқилы қызметтер ұсынылған. Мәсе­лен, «Инватакси» қызметі 9 аудан мен қала­да қол­жетімді, биыл 32 мың адамға тасымал қыз­меті көрсетілді. Мүгедектер күніне орай ­300 млн теңгеден астам бір жолғы төлем жасал­ды.

Облыс аумағындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының жұмысы ин­клюзивті қызмет көрсетудің маңызды буы­ны. Бұл орталықтар қарым-қатынас, спорт, шығармашылық арқылы әлеуметтік бейім­делудің тиімді алаңына айналған.

Өңірде жыл басынан бері 31 мың­нан астам жұмыс орны ашылып, жұмыс­сыздық деңгейі 4,5%-ға қысқарды. «Күміс жас», «Жастар прак­тикасы» сынды бағ­дар­ламалардың нәти­жесі айқын байқалып отыр. Осы бағдар­лама­лар аясында көп­теген тұрғын тұрақ­ты жұмыс­пен қамты­лып, жас мамандар қажетті тәжірибе жинақ­тайды. Мұның өзі көп-көрім көмек. Мемлекет тарапынан субсидияланатын қоғам­дық жұмыстар 2,4 мың адамның жұмыс­пен қамтылуына сеп болды.

юю

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шағын кәсіпкерлікке гранттар беру жалғасып келеді. Биыл бизнес идеяларды қолдауға 175 грант беріліп, кәсіпкерлер 267,8 млн теңге көлемінде қаржыландырылды. Бұл жұмыс істеймін деп алға ұмтылғандардың өз ісін бастауына мүмкіндік беріп, алдарынан кең жол ашады.

Өңірде көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды қолдау форматын заман талабына сай жетілдіру тұрғысында да айта қаларлықтай тың серпіліс бар. Жыл басынан бері барлығы 1475 отбасына 709,7 млн теңге көлемінде ­атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. ­Сондай-ақ әлеуметтік келісімшарт аясында 115 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 539 ­көпбалалы отбасы мен 2138 бала түрлі әлеумет­тік төлемдермен қамтылды.

Президент Жолдауында мемлекеттік қызметтердің ашықтығы, цифрландыру, әлеуметтік көмектің дәлдігі басты назарға алынған. Алдағы жылдың жоспары осы бағыттарды толық қамтып, ілкімділіктің мейлінше нәтижелі болуын көздейді. Атап айтқанда, әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігін арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу, бизнес бастамаларды қолдау, әлеуметтік қызметтерді толық цифрландыру күн тәртібіндегі мәселелер.

– Бұл аталған жұмыс тәсілдерінің бар­лығы дерлік әлеуметтік қолдауды неғұр­лым мақсатты, әділ етуге мүмкіндік береді, – дейді басқарма басшысы Ш.Рахматуллина.

Қарттарды қолдау, инклюзивті қоғам қа­лып­тастыру, көпбалалы отбасыларды демеу, сондай-ақ қолынан іс келетін азаматтар­дың кәсіппен шұғылдануына мүмкіндік тудыру әлеуметтік саясаттың өзегі. Осы міндеттер нақты орындалып, ел ішіндегі бірлік-береке артса, көкіректердегі сенім де нығая түседі.

 

Ақмола облысы 

Соңғы жаңалықтар

Ақсайда келешек мектебі ашылды

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ішкі нарықты қорғау міндеті

Саясат • Бүгін, 09:05

Оңтайлысы онлайн төлем бе?

Қаржы • Бүгін, 09:00