Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов биыл Қазақстанда туристік ағынның өсуі байқалғанын айтты.
«2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша елімізге туристік мақсатта 12,1 млн шетел азаматы келген. Олардың 8,6 миллионы елде бір тәуліктен астам уақыт болған шетелдік туристер ретінде жіктелген. Орналастыру орындарының қызметін 1 млн шетелдік және 6,7 млн ішкі турист пайдаланған, бұл сырттан келген туризм мен ішкі туризмнің тұрақты өсімін көрсетеді», деді министр.
Ведомство деректеріне сәйкес, елімізде бір мезгілде 243,5 мыңнан астам жатын орынға есептелген 4 499 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Қонақ үйлер мен өзге де орналастыру нысандарының жиынтық табысы 268 млрд теңгеге жетіп, өңірлердегі іскерлік белсенділік пен туристік тұтынудың артқанын көрсетті.
2025 жылдың қаңтар-қазан айларында туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 38,1%-ға өсіп, 923 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар елдің 20 өңірінде 147 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл салаға жеке және институционалдық капиталдың жоғары қызығушылығын дәлелдейді.