Фото: istokphoto.com
Мерекенің тыныш, қауіпсіз әрі оқыс оқиғаларсыз өтуіне бағытталған бұл шаралар 20 желтоқсаннан 3 қаңтарға дейін жалғасады. Аталған іс-шаралардың басты мақсаты – қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау.
Полиция басқа да қызметтермен бірлесіп, көшелерде, аулаларда, сауда орындарында және адамдар көп жиналатын жерлерде патрульдеуді күшейтті.
Жасөспірімдер мен жастар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, жол қозғалысы ережелерінің, көші-қон заңнамасының сақталуына бақылау жасалып жатыр, содай-ақ алкогольдің, есірткінің және өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына тосқауыл қойылды. Дәл жаңа жыл қарсаңында отшашу мен петардаларды дұрыс қолданбаудың салдарынан жарақат алу, өрт шығу және жазатайым оқиғалар саны күрт артады.
Осыған байланысты полиция өртке қарсы қызметпен бірлесіп, пиротехникалық бұйымдардың айналымын бақылау бойынша жыл сайын арнайы іс-шаралар өткізеді. Биыл төрт мыңнан астам тексеру жүргізіліп, шамамен бес жүз заң бұзушылық анықталды, сегіз мыңнан астам сертификатталмаған әрі қауіпті пиротехникалық өнім тәркіленді.
«Пиротехникалық бұйымдарды тек арнайы және ресми сауда орындарынан ғана сатып алу қажет. Сәйкестік сертификатының болуына назар аударыңыздар, қолдану нұсқаулығын мұқият оқып шығып, өнімнің жарамдылық мерзімін міндетті түрде тексеру қажет», делінген хабарламада.
Мерзімі өткен пиротехниканы қолдануға, сондай-ақ оны балалардың ересектердің бақылауынсыз пайдалануына қатаң тыйым салынады.