Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
«Адалдыққа үндеу – мемлекеттің дамуы мен азаматтардың мемлекеттік органдарға сенімін арттыратын шешуші тетік. Сыбайлас жемқорлық қоғам сенімін әлсіретеді, экономиканың дамуын тежеп, мемлекеттік ресурсты әділ бөлуге кесірін тигізеді. Біз құқықбұзушылыққа қарсы жұмыс істеп қана қоймай, сыбайлас жемқорлыққа көз жұмып қарауға болмайтын мәдениет қалыптастыруды көздейміз», дейді Шынарай Әлімхан.
Сарапшының айтуынша, жемқорлыққа қарсы білім беру негізгі басымдыққа айналып, бұл бағыттағы жұмыс оқушылар, студенттер және мемлекеттік қызмет саласын қамтып отыр. Осы орайда мектептер мен жоғары оқу орындарында заңды құрметтеу, адалдық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Адал ұрпақ», «Адал білім», «Саналы ұрпақ» жобалары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар студенттер мен оқушылар сыбайлас жемқорлыққа бастайтын тәуекелдерді айқындауға арналған интерактивті тренингтер мен практикалық сабақтарға қатысады.
Екінші маңызды бағыт – мемлекеттік қызметтің этикалық нормаларын нығайту. Әдеп кодексі мемлекеттік қызметкердің азаматтармен, әріптестермен қарым-қатынасы мен шешім қабылдау кезіндегі әрекетін реттейтін күнделікті өмірде қолданатын құрал екені белгілі. Әсіресе кейінгі оқиғалар мүдделер қақтығысына жол бермеу, үдерістердің ашықтығы мен қызметтік қарым-қатынас мәдениетін дамыту жағына да ерекше назар аудару қажеттігін көрсетіп берді.
«Сыбайлас жемқорлық – сыйлық алуға құмарлық, қызметтік өкілеттігін жеке мақсатқа пайдалану сияқты күнделікті өмірдегі ұсақ құқықбұзушылықтан басталады. Әрбір қызметкер мұндай әрекеттері үшін жауапқа тартылатынын түсінуге тиіс», дейді Ш.Әлімхан.
Әр қызметкердің жеке жауапкершілігі артып, мемлекеттік органның басшыларына қойылатын талап күшейе түспек. Бұл қадамдар мемлекеттік қызметшілер арасында адалдық мәдениетін дамытуды, этикалық нормалар мен жемқорлық жөнінде білімін арттыруды, басшылардың ұжым алдындағы жауапкершілігін күшейтуді, мемлекеттік органдарға ашық әрі түсінікті регламент енгізуді қарастырады.
Ал Этикалық кодекстің рөліне келетін болсақ, Алматы қаласы әкімі аппаратының этика жөніндегі уәкілі Мамай Ахетов мемлекеттік қызметшілердің Этикалық кодексі – мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің кәсіби мінез-құлқын, олардың елмен, әріптестерімен қарым-қатынасын, заңдылықты сақтау талаптарын айқындайтын негізгі құжат екенін еске салды.
Этика жөніндегі уәкілдер институты 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір Алматыда 9 уәкіл қызмет атқарса, оның біреуі – штаттық негізде, 8 уәкілге қосымша міндеттеме жүктелген. Олар қажет жағдайда елге кеңес беріп, заңсыздықтардың алдын алып, заңнама нормаларын түсіндіріп, ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды қолдауға тиіс.
Биыл әдеп уәкілдері қалалық басқармалар мен аудандық әкімдіктерде шамамен 400 дәріс пен семинар өткізіп, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға 700-ден аса кеңес берген. Қала мен аудан әкімдіктерінде 396 жеке қабылдау өткізген. Бұл іс-шаралардың басым бөлігін Алматы қалалық Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментімен бірлесіп ұйымдастырылған.
Осы орайда М.Ахетов құмар ойындарға тәуелділік қаржылық тапшылықтарға, сыбайлас жемқорлыққа апаруы мүмкін екеніне тоқтала келе: «Құмар ойындарға тәуелділік қызметкерді заңсыз әрекетке итермелеуі мүмкін, сондықтан оның алдын алуды жүйелі түрде жүргізіп отыруымыз керек», деді.
Сондай-ақ этика жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметте зайырлылық қағидатын сақтаудың маңызын атап өтті. Мемлекеттік қызметшілерге діни топтардың сойылын соғуға, діни үгіт жүргізуге немесе жұмыс орнын діни материалдарды тарату үшін пайдалануға тыйым салынған. М.Ахетов бүлдіргі ағымдардың ықпалын тежеу мақсатында ақпараттық-түсіндіру тұрғысындағы кездесулер, қауіп-қатерді бақылау, Дін істері басқармасы мамандарының қатысуымен діни сауатты арттыру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
Спикердің сөзіне сенсек, мемлекеттік қызмет меритократия, ашық бәсеке мен тиімділікті объективті бағалау қағидатына сай дамып жатыр. Осы мәселеде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру азаматтар мен қызметкерлер арасындағы тікелей байланысты азайтып, сыбайлас жемқорлықтың жолын кеседі. Дегенмен басқару мәдениеті, басшылардың жауапкершілігі мен этикалық нормаларды сақтау маңызды бағыт болып қала бермек.
АЛМАТЫ