Пікір • Кеше

Жастарды жасқаған баспана

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан бірнеше жыл бұрын бас құра­ған екі жас шетелдік дипломдарымен елге келіп жұмыс іздеді. Тәуірін тапты-ақ. Бірақ береке таппады. Өйткені тәжірибесіз
ма­манға беретін жалақының жартысы пәтер­ жалдаудан, жартысы жүріп-тұру мен тамақтан артылмайды. Ақыры шетел­ге кетті, бақшаға барып жидек терді.

Сол ерлі-зайыпты танысымыз үш аптадан бері Астанадан үй ала алмай сенделіп жүр. Екі жыл қатарынан шекара асып, шетелдіктерге жалданып, әр барғанда әрқайсысы 5 млн теңгедей қаржыдан қор жинап келді. Екі бөлмелі пәтер құнының жартысына жетеді-ау дегенде, сәт санап шарықтап бара жатқан үй бағасы арманын алыстатып барады.

«Біз елдегі айлықпен екі жылда үйдің жарты ақшасын жинай алмаушы едік. 10-20 жылдап пәтер жалдап жүрген адамдар көп айналамызда. Шетелде қарапайым жұмысшыға жақсы жағдай жасаған, адамның еңбегін жемейді, керісінше жоғары бағалайды. Біз тәуекел етіп былтыр да, биыл да мұхит асып, шетелдік дипломымызды сандыққа салып қойып, қара жұмыс істеп, екі жылда 20 миллион теңгенің басын қостық. Енді 40 млн теңгеге тым болмаса екі бөлмелі пәтер алсақ деп жүгіріп жүргенімізге, міне, екі апта болды. Бірақ әр қадамда бір кедергі кездесіп жатыр. Пайызы аз деп Отбасы банкке бардық. Бұл банктің талабы бойынша үйдің 50 пайызын салып бақандай жарты жыл күтуіміз керек екен, мұндай уақытта пәтер бағасы қаншалықты шарықтайтынын Құдай білсін. Жарайды, күттік делік, соның өзінде алатын үйіңнің құнына тең немесе артық болатын тағы бір жылжымайтын мүлікті қосымша кепілге қоюға тиіс екенбіз. Қазір кім алған үйін кепілге қояды дейсің. Құрылыс компанияларының кейбір екінші деңгейлі банктермен бірлесіп жасаған бағдарламалары бар, жарты жыл күтпестен ала бересің, алайда олардың пайы­зы сұмдық, олар да қосымша кепілді талап етеді», дейді шарасыздықтан шаршаған екеу.

Елордада туыстарын жағалап жүрген олар көп күнге қалуға тағы ыңғайсызданып әлек. Көмектескіміз келген ниетпен Отбасы банкінің «Жас отбасы» деген бағдарламасы бар екенін айттық. Есімізге түскені сол еді. Өйткені бұл бағдарламада үйдің 50 пайызын бірден салуың керек, оларда жинаулы, сондықтан ұсынып көрдік. Сөйтсек, онда да кедергі. «Бақсам, бақа екен» демекші, табыс растау деген бар, одан қалды, «Жас отбасы» бойынша үйдің қалған жарты ақшасын ипоте­каға алғанда бар-жоғы тек 9 жылға ғана береді екен ғой. Кредиттің берілетін жылы аз болған сайын айына төлейтін сомаң көп болады. Сонда 20 млн теңгені 9 жылға алғанда айына 300 мың теңгеден айналады, бұл – тәжірибесіз маманның тұтас бір жалақысы. Бар тапқанын ипотекаға құйса, қайтіп күн көреді?

Өткенде ресми БАҚ-қа шыққан бір сарапшының «Қазіргі тұрғын үй нарығындағы қымбатшылық – уақытша құбылыс. Кейде мүдделі топтар әдейі дүрліктіреді, адамдар тезірек, кейінге қалдырмай сатып алсын деп қолдан жасайды. Сондықтан жаңа жылда жаңа ипотекалық бағдарламалардың шығуын күткен дұрыс», деген пікірін үй мәселесін шеше алмай, салы суға кеткен әлгі танысыма жібердім. Ол маған жауапқа бір жылжымайтын мүлік компаниясының хабар­ланды­руын скрин жасап жіберіпті. Онда әлдебір «комфорт+» санатындағы тұрғын үйге жеңіл­дік жүріп жатқаны, сол акцияға үлгерсе, 40 шар­шы метр бір бөлмелі пәтерді 40 млн теңге­ге алатыны жазылыпты. Бизнес, элит санатындағы үйлердің бағасын ойлаудың өзі қорқынышты. Сонда байтақ жерімізде бір шаршы метрді млн теңгеге сатып алып жатырмыз ғой.

Мынадан кейін жас жұпты енді қайтіп үміттендірерімді білмедім. Ауылға барып қой бақ деуге қимайсың, шетелдік дипломынан, сұраныстағы мамандығынан ұят... Екеуі де 4 тілде ағып тұр, ағылшынтілді, қытайтілді компанияларда істеуге толық әлеуеті жете­тінін көріп, кеудеден итерудің өзі – күнә. Ал бұндай жастар осы жұп қана ма? Біздіңше, жоқ... Көп, өте көп және жылдан жылға сондай таныс-туыстарымыз көбейіп те бара жатқанын байқап жүрміз. Мұның себебі жас отбасыға арналған тиімді, басқасынан артықшылығы бар, шаршы метрінің бағасы бақыланатын бағдарлама жоқ. Шетелдерде жас отбасын үймен қамту жүйелі жолға қойыл­­ған, бұл туралы газетіміздің 2022 жылғы 22 ақпанындағы нөмірінде шыққан «Шар­шы метрге байланған шаңырақ» атты мақалада толықтырып жазғанбыз. Өткір түйткілдің кесірі қаншама шаңырақтың шайқа­луына себеп болғанын да мәселе етіп көтергенбіз, 3 жылдан асты, алайда өзгеріс жоқ...

...Бір қаладан бір қалаға жол жүрсең, игерілмей жатқан иен даланың шеті мен шегі көрінбей көз талады. Бірақ бәрібір әйтеуір кең жерге сыймай келеміз...

Соңғы жаңалықтар