Іс-шараға қатысқан музыка мамандары аталған жинақ өңірдің аспаптық музыкасына арналған алғашқы іргелі еңбектің бірі екенін айтып отыр. Күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбайдың айтуынша, қазіргі күйтанымдағы Арқа, Шығыс Қазақстан, Қаратау, Жетісу, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Сыр бойы деп жіктелетін жеті мектеп қазақтың аспаптық музыкасының кемелдігін, домбыра күйлерінің кенендігін көрсетеді. Алайда түрлі себептерге байланысты осы мектептердің сыртында бірқатар күйшілік үлгілер елеусіз қалды.
«Мысалы, Қытай жеріндегі Іле, Тарбағатай, Моңғолиядағы Байөлке, Түркістанның күнгейіндегі Қызылқұм секілді күйшілік дәстүрлер аймақтық бай мұра бола тұра кезінде зерттелмеді, қолға алынбады. Бұл мектептер тәуелсіздік алғаннан кейін қайта жаңғырды, күй антологияларына енді, ноталары хаттала бастады. Ал енді, байырғы Торғай жеріндегі күйшілік дәстүрдің жөні бөлек. Торғай төкпелері – жоғарыда біз түгендеген барша мектептің бәрін сіңірген классикалық машық, сонымен бірге ежелден қазақ санасында жаңғыра дамыған киелі күй мектебі. Торғай мен Тобыл күйлерінің зерттелуі негізінде ертеректе басталған, патшалық Ресей заманындағы орыс ғалымдары мен кейінгі кеңес дәуіріндегі Затаевичтер бастаған музыкатанушылар легі Торғайдың домбырашылық дәстүріне тамсанған, сондықтан бұл жердің фольклорында қағазға түскен деректер қоры да жеткілікті. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, Торғай өңірінде күйшіліктің дамыған үш түрі болған, домбыра, сыбызғы, қобыз күйлерінің ең көне түрлері осы өңірде сақталған. Қазақта сирек кездесетін қамыс сырнайдың күйлері осы өңірде беріге дейін болған. Қазбек Әбеновтің қобыз бен сыбызғы, сырнай күйлерін құйқылжытатыны содан болар деп ойлаймыз. Біз болашақта ел арасында сақталған мұраларды, әсіресе қобыз күйлерін жинақтау маңызды екенін айтқымыз келеді. Қойлыбай, Тілеп секілді абыздар өткен жер ғой», деді Жанғали Жүзбай.

Ғалымның айтуынша, жаңа жинаққа енген күйлердің дені – эпостық әрі тарихи туындылар.
«Осы жерде Торғайдың жыр күйлерінің үлгілері («Көрұғылының әуені», «Қыз Жібектің» мақам күйі) туралы айтпасқа болмайды, Сыр бойы, Ырғыз жағасынан Торғайға дейін жалғасқан аспаптық-эпикалық стиль дами келе «Жыр күйлері» деп аталатын музыкалық жанрға ұласқан секілді. Желдірмелете, керім қағыспен тартылатын қоңыр төкпелердің ырғақ-екпіні жыршының мақамы секілді, кейде мұңды, кейде салтанатты, жыр күйлердің композициялық құрылымы күрделі, әуезі шешен. Авторлық күйлердің де осы жинаққа енуі замандық күйтаным ғылымы үшін жаңалық боларына бек сенімдіміз. Торғайлық сарынның Қапақ сал, Нұрхан ақын заманынан осы күнге дейін әуезі еш өзгеріссіз үзілмей келе жатқанын сезе аламыз. Жазушы Төлен Әбдіктің, композитор Айтбай Мұздаханның күйлері осының куәсі. Жалпы, жинақтың ұлт руханияты мен мәдениетіміз үшін берері мол. Ұлы істер осындай сүйекті ізденістерден тұрады», дейді ғалым.
Өңірдің мәдени өміріндегі елеулі оқиға ретінде бағаланған жаңа кітаптың Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асановтың тікелей қолдауымен жарыққа шыққанын айта кету керек. Жинаққа Ахмет Байтұрсынұлының «Арман» күйі, Міржақып Дулатұлының «Әуез» күйі, Нұрхан Ахметбековтің «Жеңіс» (1, 2 нұсқасы), «Июнь жарлығы» сияқты күйлері де енген. Сонымен қатар бұған дейін ешбір жинақта жарияланбаған Қазбек Әбенов, Қапақ сал, Жұман Шалбаев, Қасымхан Алдабергенов, Назар Қапақов, Тоқтарбай Тұрсынов, Қажығали Омаров, Айтан Сейдахметов, Қасым Тортаев, Кенжеболат Ахметов, Бекзат Ғазезов тәрізді күйшілердің шығармалары көпшілік қауымның назарына алғаш рет ұсынылып отыр.
«Аталған күйші-домбырашылардың шығармалары Тобыл-Торғай домбыра дәстүрінің стильдік ерекшеліктерін, жанрлық-тақырыптық бағыттарын, орындаушылық дәстүрін әр қырынан көрсетеді. Сондықтан аталған жинақ тек ноталық жарияланым ретінде ғана емес, сонымен бірге ғылыми зерттеу нысаны ретінде де маңызды. Кітаптың алғашқы бөлімінде осы бағыттағы зерттеушілердің мақалалары мен сілтемелік материалдары ұсынылған. Соңғы қосымша бөлімде күйлері сақталмаса да, есімдері есінде жүрген өнерпаздарға қатысты деректер берілді. Әрине, осы өңірден шыққан көптеген күйші туралы нақты деректер жеткіліксіз болғандықтан, олардың барлығын толық қамтыдық деп айта алмаймыз», дейді құрастырушылар.
Салтанатты іс-шараға қатысқан зиялы қауым жаңа кітап хақында ой толғап, құрастырушыларға жылы лебіз арнады. Жергілікті өнерпаздар Ахмет Байтұрсынұлының «Арман», Қапақ салдың «Кекілік», Қайырғали Əбішевтің «Сарыжайлау», халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің «Жеңіс» күйлерін орындады. Қала əкімі Əмірхан Асанов жиынға арнайы келген ақсақалдар мен құрастырушыларға алғыс айтып, сый-құрмет көрсетті.
Әкім алдағы жылы Арқалықта «Тобыл-Торғай күйлері» кітабы бойынша күйшілер байқауын өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.
Қостанай облысы