Медицина • Кеше

Алғаш рет жүрек алмастырды

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қалалық кардиологиялық орталығында алғаш рет жүрек ауыстыру операциясы жасалып, терминалдық кезеңдегі созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан 34 жастағы азаматқа донорлық жүрек салынды.

Алғаш рет жүрек алмастырды

Ауруы асқынып, әбден шарасы таусылған науқасқа шұғыл жүрек трансплантациясы қажет болғандықтан, мамандар оны республикалық күту парақшасына енгізген еді. Донор – артериялық гипертензияның ауыр түріне шалдығып, инсульт алған 50 жастағы әйел адам. Науқас жедел түрде Орталық қалалық клиникалық ауру­ха­наға жеткізілгенде дәрігерлер кон­силиумы оның миы семгенін анық­тап, қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа жарамдылығын растады. Марқұмның туыстары келісімін берген соң, жедел донорлық жү­ректі алу операциясы басталды. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Трансплантация және жо­ғары технологиялық меди­ци­налық қызметтерді үйлес­тіру жөнін­дегі республикалық орталық осы үдерістің барлық кезеңін өз мін­детіне алды.

Алматы қалалық кардиоло­гия­лық орталығы жүргізген алғаш­қы жүрек ауыстыру операциясы бес сағаттан астам уақытқа созы­лып, ойдағыдай аяқталды. Транс­план­та­циялық операцияны орталық пен UMC корпоративтік қорының мамандарынан құралған кәсіби дәрігерлер жасады. Күрделі үдеріске қалалық жүрек орталығының директоры Ермағанбет Қуатбаев пен UMC басқарма төрағасы, профессор Юрий Пя жетекшілік етті. Айта кету керек, UMC командасы ақпарат түскен бойда Алматыдағы әріптестеріне қолдау көрсету мақ­сатында жедел түрде ұшып келді.

Юрий Владимирович орталық ұжы­мын тари­хи оқиғамен құт­­тық­тап, оның Алматыдағы кар­дио­­хи­рургияның жаңа кезеңге қадам басуы­на жол ашқанын атап өтті. Сондай-ақ ол донордың жақын­дарына көңіл айта отырып, олардың шешімі талай жанның өмірін сақтап қалғанына ерекше тоқталды.

Осы қараша айында ғана ресми түрде жүрек трансплантация­сын жүргізуге құқылы меди­циналық ұйымдар тізіміне енгізілген Алматы қалалық кардиологиялық орталы­ғында барлық жағдай жасалған, ха­­лықаралық стандарттарға сай жаб­­­дықтар орнатылған. Диагнос­тика мен емдеудің озық тәсілдері қол­данылады. Жоғары білікті кардиолог, кардиохирург, анестезиолог-реани­ма­толог, перфузиологтер, операция жасасуға бейімделген білікті мейірбикелер қызмет етеді.

– Трансплантология бағдарла­ма­сына қосылу – пациенттердің өмірін ұзартуға, сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл тек медицинаның даму деңгейін емес, қоғамның да донорлық мәдениетке дайын екендігін көрсетеді, – дейді Е.Қуатбаев.

Туыстарының рұқсатымен өзге донорлық ағзалар да пайдаланылды. Қос бүйрегі Ұлттық ғылыми хирургия орталығына жөнелтіліп, біреуі 15 жастағы қыздың, екіншісі 30 жастағы әйелдің өмірін сақтап қалды. Екі көздің қасаң қабықтары Орталық қалалық клиникалық ауру­ханасында трансплантацияланды.

Жалпы, бұл – биыл Алматы қалалық клиникалық ауруханасында тіркелген төртінші мультиорганды донор. Бірінші мәйіттік донор нау­рыз айында шығып, екі бүйрегі мен жүрегі жаңа иелерін тапты. Екінші жағдай маусым айында тіркелді. Донор бес пациенттің өмірін сақтап қалды. Оның да жүрек, бүйрек, сондай-ақ қасаң қабықтары трансплантацияланды. Бұл кератоплас­тика арқылы екі операция жасауға мүмкіндік берді. Үшінші мультиор­­­ган­ды донорлық үдеріс қазан айын­да жүзеге асты. 1962 жылы туған әйелдің донорлығының арқасында алты пациент аман қалды. Оның жүрегі, бауыры, екі бүйрегі, көздің қасаң қабықтары әртүрлі жастағы науқастарға салынды.

Бұл игі істі ұйымдастыруда ауру­ха­наның стационарлық транс­плантология үйлестірушісі Ғалымжан Пірмағамбетовтің қажыр-қайраты ерен. Білікті маман донордың туыстарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, келісім алу мен барлық медициналық қызметтің өзара байланысын реттеп отырады.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар