Энергетика • 29 Желтоқсан, 2025

Қазақстан АҚШ-пен бірлесіп атом энергетикасы саласына қажетті кадрлар дайындайды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары азаматтық атом энергетикасы саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп отыр. АҚШ Мемлекеттік департаментінің шағын модульдік реактор (SMR) технологиясын жауапты пайдалану инфрақұрылымын дамытуға арналған FIRST бағдарламасы аясында елімізде бірқатар маңызды бастама жүзеге асырылады, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстан АҚШ-пен бірлесіп атом энергетикасы саласына қажетті кадрлар дайындайды

Фото: Ашық дереккөзден

Атап айтқанда, Алматы қаласындағы Ядролық физика институтына америкалық Holtec International мен WSC Inc. (Curtiss-Wright компаниясының еншілес кәсіпорны) компаниялары ұсынған шағын модульдік реактордың оқу-сыныптық симуляторы орнатылады.

Жобаны Халықаралық ғылым және технология орталығы (ISTC) іске асырады. Бұл симулятор Орталық Азия өңіріндегі SMR технологияларын қауіпсіз әрі сенімді енгізуге бағытталған аймақтық оқу-тренинг орталығы қызметін атқарады. Жаңа оқу базасы атом энергетикасы саласына қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын болады. Ол ядролық қауіпсіздік, сақтық пен таратпау талаптарының ең жоғары стандарттарына сай келетін сенімді жеткізушілермен бірлесе отырып, америкалық SMR технологияларын енгізу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Бұған қоса FIRST бағдарламасы АҚШ-тың ядролық энергетика саласындағы жетекші компаниясы Sargent & Lundy-мен әріптестікте біздің елде шағын модульдік реакторларды орналастыру мүмкіндіктерін зерттеуге арналған техникалық-экономикалық негіздеме (feasibility study) жобасын бастады. Зерттеу барысында еліміздің әлеуетті алаңдарына лайықты америкалық SMR нұсқаларының қысқаша тізімі айқындалатын болады.

Қазақстан мен АҚШ Бірлескен мәлімдемеге қол қойды

Айта кетейік, Қазақстан FIRST бағдарламасының белсенді серіктесі ретінде 2022 жылдан бері қатысып келеді және бұл бағдарлама бойынша Орталық Азиядағы алғашқы әріптес ел саналады. 2019 жылы іске қосылған FIRST бастамасы әлем бойынша шағын модульдік реакторларды ең жоғары ядролық қауіпсіздік, қорғаныс пен таратпау талаптарына сай енгізуді жеделдетуге бағытталған.

Бұл қадам еліміздің атом энергетикасын дамытудағы ашық, қауіпсіз әрі технологиялық тұрғыдан озық жолды таңдағанын көрсетіп, халықаралық әріптестікті нығайта түсері анық.

Соңғы жаңалықтар