Фото: narkesken.kz
Марапаттау іс-шарасына министрлік аппаратының басшысы Болат Төкежанов қатысып, жедел жәрдем фельдшерлеріне жанқиярлық еңбегі, ерлігі мен мамандыққа адалдығы үшін алғысын білдірді.
«Бүгін біз медицинаның алдыңғы шебінде еңбек етіп, санаулы минуттар ішінде шешім қабылдап, төтенше жағдайларда адам өмірін сақтап қалатын жедел жәрдем фельдшерлеріне құрмет көрсету үшін жиналдық. Бұл – жай ғана марапаттау рәсімі емес, терең алғыс пен қоғамдық мойындаудың көрінісі», деді Денсаулық сақтау министрлігінің аппарат басшысы Болат Төкежанов.
Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес 24 фельдшерге ведомстволық награда табысталды.
Атап айтқанда, 4 фельдшер «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін, 11 фельдшер «Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» белгісін (оның ішінде біреуі қайтыс болғаннан кейін) иеленді. Ал 9 фельдшер Құрмет грамотасымен марапатталды.
Айта кетейік, бұған дейін елордада фельдшер Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылған еді.
Сондай-ақ Астанада медициналық колледждегі дәрісханаға Ұлдана Мырзуанның есімі берілетіні хабарланған.