Экономика • 29 Желтоқсан, 2025

Автокөліктерді қай өңір көбірек өндірді?

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2025 жылғы қараша айында 25,8 мың жеңіл автокөлік сатылып, рекорд жаңарып отыр. Оның 7,8 мыңы Қостанайда құрастырылған Chevrolet көліктеріне тиесілі. Одан кейін Hyundai (5,3 мың) және Kia (2 мың) маркалары тұр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Автокөліктерді қай өңір көбірек өндірді?

Фото: freepik.com

Отандық автозауыттар қанша көлік өндірді?

Жалпы, биылғы жылдың қаңтар-қараша айларында жеңіл автокөлік сатылымы 207,6 мың данаға жетіп, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,6%-ға артқан. Бұдан бөлек, 2025 жылдың 11 айында сатылған автокөліктер саны рекордтық 2024 жылдың толық көрсеткішінен 1,2%-ға асып отыр. Осылайша, былтырғы жеңіл автокөлік сатылымы бойынша рекорд қазірдің өзінде жаңартылды.

2025 жылғы қаңтар-қараша аралығында отандық автозауыттар 146,2 мың бірлік автокөлік техникасын өндірді, оның 132,7 мыңы жеңіл автокөліктерге тиесілі.

Көш бастап тұрған қай өңір?

Өндіріс көлемі бойынша Қостанай облысындағы Allur компаниясы көш бастап тұр: осы жылдың 11 айында 79,2 мың бірлік автотехника шығарылды, бұл ел бойынша салалық өндірістің 54,2%-ын құрайды.

«Astana Motors»: Отандық көлік өнеркәсібіндегі серпіліс

Келесі орындарда Алматы қаласындағы Hyundai Trans Kazakhstan және Hyundai Trans Almaty зауыттары – 48,5 мың бірлік. Сондай-ақ өндірістің елеулі көлемі Шығыс Қазақстан облысындағы «СемАЗ» және Daewoo Bus Kazakhstan кәсіпорындарына (3,7 мың бірлік), Қарағанды облысындағы QazTehna-ға (2,1 мың бірлік), Ақмола облысындағы «КАМАЗ-Инжиниринг» зауытына (1,1 мың бірлік) тиесілі.

Өндіріс сомасы қанша теңгені құрады?

2025 жылғы қарашада автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісінің ақшалай көлемі 311 млрд теңгені құрады, ал қаңтар-қараша айларындағы жалпы өндіріс 2 трлн теңгеден асты. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ақшалай мәнде 25,4%-ға көп (өнеркәсіптік өндіріс индексі – 115,2%).

Көлік нарығы көңіл көншіте ме?

Өндіріс көлемінің өсуі ел өнеркәсібі құрылымында автокөлік өнеркәсібінің рөлін күшейтіп отыр. Қаңтар-қараша қорытындысы бойынша автокөлік өнеркәсібі еліміздегі бүкіл машина жасау саласының 41,7%-ын қалыптастырды, бұл оның саланың негізгі сегментіне айналғанын көрсетеді. Сонымен қатар автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісінің үлесі өңдеуші өнеркәсіпте 7,5%-ға, ал жалпы өнеркәсіпте 3,7%-ға жетті. Бұл өнеркәсіптік өсімнің жоғары қосылған құны бар машина жасау және құрастыру өндірістеріне қарай ауысып жатқанын аңғартады.

Автомобиль өнеркәсібінің дамуына ең үлкен үлесті Қостанай облысы қосты. Мұнда негізгі өндірістік қуаттар (Allur) шоғырланған. Өңірге автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелердің жалпы өндіріс көлемінің шамамен жартысы тиесілі. Автокөлік өнеркәсібі облыстың өндірістік құрылымында үстем орынға ие: оның машина жасаудағы үлесі 81,6%-ға, өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі 45,4%-ға, ал жалпы өнеркәсіптегі үлесі шамамен үштен біріне жеткен. Бұл саланы Қостанай облысының негізгі өнеркәсіптік драйверіне айналдырады.

Алматы қаласын да атап өткен жөн. Мұнда автокөлік өнеркәсібі мегаполистің өнеркәсіптік құрылымында айтарлықтай үлеске ие. Қаладағы машина жасауда автопромның үлесі 80,3%-ды, өңдеуші өнеркәсіпте 37,6%-ды, ал жалпы өнеркәсіпте 32%-ды құрады. Бұл Алматыда автокөлік құрастыру өндірістерінің жоғары деңгейде шоғырланғанын көрсетеді.

Сонымен қатар, республикалық деңгейде де дәл Қостанай облысы автомобиль жасау сегментінде ерекше орын алады. Өңірдің автокөлік өнеркәсібі Қазақстандағы бүкіл машина жасаудың 20,5%-ын, өңдеуші өнеркәсіптің 3,7%-ын және елдің жалпы өнеркәсіп өндірісінің шамамен 2%-ын қамтамасыз етті. Салыстыру үшін айтсақ, басқа барлық өңірлердің жиынтық үлесі машина жасауда 21,2%, өңдеуші өнеркәсіпте 3,8% және жалпы өнеркәсіпте 1,9% болды. Бұл автопромның аумақтық тұрғыда жоғары деңгейде шоғырланғанын аңғартады.

Саладағы орташа айлық жалақы

Жалақы динамикасы автомобиль өнеркәсібінің экономикалық рөлінің өзгергенін көрсетеді. 2015 жылы автокөлік саласындағы орташа айлық жалақы ел бойынша орташа деңгейден небәрі 5,3%-ға ғана жоғары болды. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша айырмашылық айтарлықтай артты: саладағы орташа айлық жалақы республикалық орташа көрсеткіштен шамамен 1,5 есе жоғары болып, 579 мың теңгені құрады (ел бойынша орташа – 384,3 мың теңге).

Қазақстанда көлік бағасы қалай өзгереді?

Елдің негізгі автомобиль кластері саналатын Қостанай облысында 2015 жылы автокөлік өнеркәсібіндегі орташа айлық жалақы өңірлік орташа деңгейден 0,3%-ға төмен болса, 2024 жылы ол облыс бойынша орташа көрсеткіштен 29,1%-ға немесе 90,9 мың теңгеге жоғарылады: тиісінше 402,9 мың теңге және 312 мың теңге.

Қостанай облысында автомобиль өнеркәсібінің дамуы өңірдің экономикалық белсенділігін едәуір арттырып отыр. Бұл сала өнеркәсіптік өндірістің қомақты бөлігін қалыптастырып қана қоймай, қызметкерлердің табысын арттыру арқылы өңірдің өнеркәсіптік құрылымын және қосылған құнын күшейтіп жатыр. Автопром өңірлік экономиканың басты локомотиві ретінде танылып, саланың шоғырлануы өнімділіктің өсуіне ықпал етіп, жалпы ел экономикасына өзіндік әсері болған айқын үлгіге айналды.

Соңғы жаңалықтар

Екі дос

Қоғам • Кеше