«Еңбегім – еліме: адал еңбек, айқын мақсат» тақырыбында өткен форумда атаулы жылда атқарылған ауқымды жұмыс жан-жақты сараланып, үздіктер марапатталды.
- Жұмысшы мамандықтар жылы аяқталғанымен, еңбек адамына деген құрмет толастамайды. Білікті маман, отаншыл азаматтар қай кезде де еліміз үшін керек. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта жалғаса береді, деді облыс басшысы Е. Қарашөкеев форумның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
Атаулы жыл аясында өңірде бірқатар маңызды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, жергілікті бюджеттен 223 млн теңге бөлініп, 6 салалық хаб ашылды. «Knauf» ЖШС, «Алина» ЖШС, «Мерагро» ЖШС есебінен 4 колледжге жалпы құны 46 млн теңгенің заманауи құрал-жабдықтары алынды. Сондай-ақ өңірдегі колледждер, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасында 116 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл түлектердің жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін арттырып, мамандықтар бойынша оқу бағдарламаларын жаңартуға мүмкіндік берді.
Бүгінде облыс халқының саны 1 млн 200 мыңнан асады. Соның ішінде 357 мыңнан астамы – жастар. Яғни, жастар өңір тұрғындарының 29,2 пайызын құрайды. Биыл 24 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылып, жаңа мамандықтарды меңгерді.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңірде 4 халықаралық, 2 республикалық және 11 облыстық деңгейдегі түрлі іс-шара ұйымдастырылды.
Форум соңы марапаттау рәсіміне ұласты. Басқосуда «Ең үздік жұмыс берушілер» байқауы аясында «Инновация мен технологиядағы үздік серіктестік», «Үздік стратегиялық серіктестік», «Үздік әлеуметтік серіктестік», «Студенттерді қолдаудағы үздік серіктестік» номинациялары бойынша жеңімпаздар марапатталды.
Тараз