Аймақтар • Бүгін, 08:08

Мұз өткелі маусымы қашан басталады?

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мамандардың айтуынша, Ертіс өзеніндегі мұз қабаты қазіргі уақытта мейлінше жұқа, тиісті нормативке жетпеген. Автокөліктер жүруіне мұздың қалыңдығы кемінде 25 см болуы керек.

Мұз өткелі маусымы қашан басталады?

Сурет облыстық төтенше жағдайлар департаментінен алынды

Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Ертіс өзенінің Павлодар облысы бөлігінде мұз өткелдері әзірге ашылған жоқ. Қысқы уақытта өзен жаға­лауындағы ауылдарға жемшөп, отын тасуға пайдаланылатын мұз жолдары әдетте алты бірдей ауданда жұмыс істейді. Аудандар арасы жақындай түсіп, алыс-беріс артады.

– Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйрығына сәйкес, мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден асса автокөліктердің өтуіне, 10 сантиметрден асса жаяу адамның жүруіне рұқсат беріледі. Анықтағанымыздай, барлық жерде мұз қабаты белгіленген нормативтік қалыңдыққа жете қоймаған. Ауа температурасының тұрақты түрде төмендеуіне, су айдындарында мұз қату үдерісінің әрі қарай жалғасуына байланысты өңірде мұз өткелдерін кезең-кезеңімен ашу жоспарланған. Департамент жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мұз өткелдерін ұйымдастыру, ашуға ар­налған орындарды айқындайды. Әзірге бұл мүмкін емес, – деп мәлімдеді департаменттен.

2024–2025 жылы қыс кезеңінде облыс аумағында 13 мұз өткелі жұмыс істеген. Оның 8-і автокөлікке, өзгесі жаяу жүргіншілер мен жүк көліктеріне арналған. Атап айтқанда, Май ауданында – 2, Аққулыда – 1, Тереңкөлде – 4, Ертісте – 1, Железинде – 4, Павлодар ауданында 1 өткел ашық болған.

тт

Әрбір мұз өткелін ашу уәкілетті мекемелердің мұз қалыңдығын өлшеу, тексеру жұмысын жүргізіп, тиісті рұқсатын алғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Ресми түрде ашылғанға дейін аталған жерлерде мұз үстіне шығуға қатаң тыйым салынады. Министрлік бекіткен арнайы бұйрықта өткелдерден түсетін жерлерде екі жақтан да орнатылған қалқандарда арнайы қысқы құрал-жабдықтар (ілгектер, сатылар, құтқару шеңберлері, бөренелер) қойылуы керектігі ескертілген. Бұған қоса кіреберістерде өткелдің атауы, жұмыс уақыты, оны құру мен ұстауға жауаптылардың деректері көрсетілген маңдайшалар орнатылады. Сол тұрғыда барлығы талапқа сай болмаса, мұз өткелдері ашылмайтынын ескеру керек. Бұл жұмыстарға жергілікті атқарушы органдар жауапты.

Құтқару қызметтері тұрғындарға мұз өткелдерінің ашылу мерзімі ауа райы жағдайына, мұздың қалыптасу қарқынына тікелей байланысты екенін ескертеді. Кереку өңірінде желтоқсан айында қатты аяздар бола қойған жоқ. Қаңтар аязды болса, Ертіс өзенінің мұзы қалыңдап, өткелдермен жолаушылардың әрлі-берлі қатынауына мүмкіндік туады.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Тәртіпті тізгінші

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:58

Жұмыс орны және өңірлік карта

Аймақтар • Бүгін, 09:55