Суретті түсірген – Мәди ҒҰБАЙДУЛЛИН
Жаңа орталықта пластикалық, реконструктивті гинекология, жамбас түбі және ағзаны сақтауға арналған операциялар жасалады. Сондай-ақ урогинекология, іш қуыс хирургиясы мен бедеуліктің алдын алуға арналған ем-шара жүргізіледі. Өңірде тұңғыш рет миома мен эндометриоз кезінде радиожиілік абляциясы қолданыла бастады.
– «Uniserv medical center» клиникасы Орал қаласында 2019 жылы ашылды. Клиника ұлттық аккредиттеуден сәтті өтіп, медициналық орталыққа жоғары санат берілді. Бұл санат елімізде бірді-екілі медорталықта ғана бар. Мұнда 3000-нан астам медициналық қызмет көрсетіледі. Тұрғындар МӘМС аясында да ем-дом алады. Орталыққа келген адам бір жерден барлық дәрігерге қарала алады. Жалпы, реконструктивті гинекология орталығын ашу – жоғары санатты акушер-гинеколог дәрігер Ерлан Мұқановтың идеясы. Бүгін міне, өңірдегі қыз-келіншектердің денсаулығына қызмет ететін зәулім орталыққа қол жеткіздік, – деді «Uniserv» компаниялар тобы бақылау кеңесінің төрағасы, ІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Нұрғазы Сәтбаев.
Клиника швейцариялық жабдықтармен, халықаралық стандарттарға сай еуропалық құралдармен қамтамасыз етілген. 15 орындық стационар, операциялық блок, жан сақтау бөлмесі бар. Гинекология бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, акушер-гинеколог, эндохирург Ерлан Мұқановтың айтуынша, радиожиіліктік абляция миоманы, эндометриозды емдеудің заманауи әдісі. Ол ультрадыбыстық бақылаумен теріні инемен тесу арқылы жасалады. Операцияға 20-30 минут, әрі кеткенде бір сағат уақыт кетеді, тіліксіз жасалады, жатырды алып тастамайды. Оңалту мерзімі де қысқа, науқас ертеңіне үйіне орала алады. Әйелдің репродуктивті функциясы сақталады.
– Қазірдің өзінде 16 науқасқа операция жасалды. Жатыр ауруларын мұндай жолмен емдеу болашақта ана болғысы келетін қыз-келіншектерге қауіпсіз. Бүгінде 15-18 жастағы қыздарда да бұл дерт кездесетінін ескерсек, орталық қызметінің барынша өзекті екенін көреміз, – дейді Ерлан Тілегенұлы.
Батыс Қазақстан облысы