Сурет: navstat.uz
Ал отандық өндірушілермен жасалатын офтейк-келісімшарттар сатып алу көлемінің кемінде 10% болуға тиіс. Алайда шынайы көрініс бұл бағытта әлі де жүйелі қиындықтар бар екенін көрсетеді.
QazaqGaz, Энергетика министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Самұрық-Қазына Контракт, Қазақстан машина жасаушыларының одағы және жетекші отандық кәсіпорындар өкілдерінің қатысуымен отандық тауар өндірушілерді қолдау және дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді. Талқылаудың негізгі тақырыбы – отандық өндіріске қатысты осы түйінді шешу.
Бағамдап қарасақ, Қазақстан машина жасаушыларының одағы мен ірі ұлттық компаниялар арасындағы ынтымақтастық бар. Бірақ шектеулі. Одақ бұл бағытта белсенді рөл атқаруға дайын екенін ашық мәлімдеді. Отандық өндірісті дамытуға әрі қарай да жәрдемдесуге, QazaqGaz бен машина жасау кәсіпорындары арасындағы байланыстырушы буын болуға ниетті екенін жеткізді. Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев келтірген деректер оң динамиканы көрсетеді.
«2023 жылы 924,2 млн теңгеге 17 офтейк-келісімшарт жасалды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 5,3 млрд теңгеге 41 келісімшартқа жетті. Ал 2025 жылдың 11 айында 41 келісімшарт жасалып, жалпы сомасы 4,9 млрд теңгеден асты. Осы кезеңде шамамен 11,2 млрд теңгеге 99 офтейк-келісімшарт жасалды», деді ол.
Айтылған сандар отандық машина жасау саласына сұраныс бар екенін көрсетеді. Бірақ осы көрсеткіштердің өзі жалпы нарық ауқымымен салыстырғанда әлі де мардымсыз. Мәселенің екінші қыры импортқа тәуелділікке байланысты. 2025 жылдың 9 айында машина жасау өнімдерінің импорты шамамен 20 млрд долларды құрады. Бұл елдің жалпы импортының 43%-ы деген сөз. Яғни еліміз өз ішінде өндіре алатын немесе өндіруге әлеуеті бар тауарларды әлі де сырттан алып отыр.
Мұнда парадокс бар. Бір жағынан отандық кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндігі жеткілікті деп айтылады. Екінші жағынан оларды толық іске қосуға сатып алу көлемінің шағын болуы мен техникалық құжаттаманың жетіспеуі кедергі келтіріп отыр. Яғни сұраныс бар, десе де тұрақты әрі ұзақмерзімді емес. Ал өнеркәсіп үшін ең маңыздысы – дәл осы тұрақтылық. QazaqGaz басқарма төрағасы Әлібек Жамауов сатып алу жүйесін өзгертпейінше, бұл түйткіл шешілмейтінін атап өтті.
«Жаңа ережелерге сәйкес, сатып алулар электрондық форматта жүргізілуге тиіс. Бұл рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді, әлеуетті жеткізушілер арасында адал бәсекелестікті күшейтеді, сатып алу кезінде сөз байласудың алдын алуға мүмкіндік береді», деді ол.
Өзгеріс шын мәнінде маңызды. Себебі жабық сатып алу мен түсініксіз талаптар отандық өндірушілер үшін ең үлкен тосқауылдың бірі болып келген. Сонымен қатар жергілікті қамту үлесін арттыру тек бір компанияның немесе бір саланың міндеті емес екені де айтылды. Бұл жұмыс салалық министрліктердің, «Атамекен» ҰКП мен Қазақстан машина жасаушыларының одағының бірлескен қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Бірақ бұл қолдау нақты өндірістік тапсырысқа айналмаса, оның әсері шектеулі болып қала береді.
Газды қайта өңдеу және магистральдық құбыржолдарын салу жобалары осы тұрғыдан ерекше маңызға ие. Салада ұзақмерзімді әрі көлемді тапсырыстар бар. Демек, отандық өндірушілер үшін нақты мүмкіндік те осында. Бірақ ол үшін техникалық талаптар алдын ала беріліп, кәсіпорындар соған дайындалуы керек. Осы бағытта офтейк-келісімшарттар негізгі құралға айналып отыр. Олар отандық кәсіпорынға өндірісті жоспарлауға, инвестиция салуға, технологияны дамытуға мүмкіндік береді. Қол қойылған келісімдер соның алғашқы қадамы ғана. Жұмыстың алдағы нәтижесі уақыт пен жүйелі шешімдерге тікелей байланысты.