Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Іс-шараның шымылдығын Парламент сенатының депутаты, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп ашып, Баянғали Әлімжановтың «Айкөлдің жолы» кітабының мән-мағынасын көпшілікке түсіндірді. «Баянғали Әлімжанов «Айкөлдің жолы» кітабында қырғыздың ежелден келе жатқан дәстүрімен «Манас» эпосын өзінше жырлайды. Осылайша, қазақтан шыққан манасшы күллі адамзаттың мәдени қазынасы саналатын эпосты алғаш қағазға түсіріп, ғылыми айналымға енгізген Шоқан Уәлиханов пен кеңестік кезеңде «Манас» жырын қорғап, Мұхтар Әуезовтің жолын жалғап отыр. Сондықтан да манасшы ретінде эпостың көркеюіне сүбелі үлес қосып, ежелгі жырдың негізгі оқиға желісі мен рухын сақтай отырып, өзінше жалғастырған авторға ризашылық білдіреміз», деді өз сөзінде.
Бұдан кейін Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев бейнетаспа арқылы құттықтау лебізін жеткізіп, Баянғали Әлімжановтың туыс екі халықты жақындастыру жолында етіп жатқан еңбегіне алғыс айтты.
Тұсаукесер алдында Баянғали Әлімжанов 1995 жылы «Манас» эпосының 1000 жылдығына арналған Халықаралық манасшылар конкурсына қатысып, жүлдегер атанған сәтін еске алды. «Осыдан отыз жыл бұрын алғаш қырғыз-қазақ жыршыларының байқауына қатысқанымда аты аңызға айналған ақсақал манасшыларды Қырғыз халқының беткеұстар манасшыларымен түгелдей танысып, білістім. Екі манасшы ағамыз – Базарбай Солпиев пен Асанхан Жұманалиев маған ыстық ықыластарын білдіріп, бір қызық әңгіме айтты:
«Манасшылар жырды тек жаттап қана айтпайды, өз жанынан шығарып, өз нұсқасын жасайды. Әр манасшы «Манас» жырына өзінің салымын қосады. Сен өзің қазақсың, сондықтан қазақ жырын – Ер Көкшені көбірек жырлап берсең, жақсы болар еді!», деді. Салым деген не? Жырды өз тарапынан жаңғыртып, байытып, қосып айту, яғни үлес қосу. Ойланып қалдым. Бірақ көпке дейін тәуекел ете алмадым. Себебі: «Мен қалай өз жанымнан жыр қосып, «Манасты» өзгертемін?» деген ойдың шырмауынан шыға алмадым.
Бұл әңгіме көп жылдар бойы ойымнан шықпай жүрді. Ақырында ұлы жырды өзімше жырлай бастадым. Бірнеше жыл бұрын «Манас. Семетей. Сейтек» эпос – трилогиясын қазіргі заман оқырмандарына ыңғайлап, ықшамдап, түгел қазақ тіліне аударып, жеке кітап етіп шығардым. Сонда бірнеше тақырыбына өз нұсқамды қостым. Қырғыз бауырларымыз бұл еңбегімді жоғары бағалап: «Сіз қырғыздан басқа сегіз миллиард адамзаттан шыққан жалғыз манасшысыз және «Манас. Семетей. Сейтекті» түгел аударып, бір кітап етіп шығарған әлемдегі бірінші ақынсыз!», деп ризашылықтарын білдірді.
Кейінгі бір-екі жылдың ішінде жырдың біраз тарауларын өзімше жырлайтын болдым. Айтқым келген ойларымды, құйылып келген жыр ағынын қағазға түсіре бердім. Сөйтіп, басқа да қазақша, орысша жазып жүрген шығармаларыммен бірге «Манас» жырының жиырма алты тақырыбы қазақ тілінде дүниеге келді. Қырғыз бен қазақтың, Айкөл Манас пен Ер Көкшенің достығын, Тұранның тұтастығын, даналығын, Қосай мен Бақай абыздардың ақыл-ой биігін, Әлмәмбет, Шуақ, Сырғақ және басқа да батырлардың ел қорғаған ерліктерін, бірлік пен алауыздықтың, адалдық пен сатқындықтың, соғыс және бейбітшіліктің қайшылығын, тартысын, елге арналған өмірдің мәнін жырладым. Ғайыптан келіп, қиялымнан туған он мың жолдан астам менің жырым ұлы эпосқа үлес болып қосылғанына қуанышпен шүкіршілік қыламын», деді қазақ манасшысы Баянғали Әлімжанов.
«Манас» жырын өзге халық ақынының төл поэтикалық тілімен, көркем өрнегімен жырлауы қырғыз тарапынан ескерусіз қалмаған. Бұл туралы Қырғызстанның Қазақстандағы елшісі Кұдайберген Базарбаев кеңірек әңгімелеп берді. Ал «Манас» ұлттық театрының директоры Нұрбек Талантбеков Баянғали Әлімжановтың еңбегіне тәнті болған қырғыз халқы ақынға Бішкек қаласынан екі бөлмелі пәтер сыйлағанын мәлімдеді.
Сондай-ақ әдеби іс-шарада Серік Негимов, Айгүл Кемелбаева, Аманжол Әлтаев, Абай Тасболатов, Несіп Жүнісбаев сынды белгілі тұлғалар сөз алып, ақынның шығармашылығына кеңінен тоқталды.