Өнер • Бүгін, 08:02

Жарқыра, жұлдыз!

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әр жыл әр саладағы айтулы оқиғалармен, жарқын жетістіктермен есте қалары анық. Атап айтсақ, биыл ұлтымыздың тарих тереңінен, ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын мәдениет саласында сүйінші жаңалықтар аз болған жоқ. Әсіресе өнерпаздардың әлемдік сахнада бағындырған биіктері жетерлік. Бақтары құрлық асып, жұлдыздары жарқырай түсті.

Жарқыра, жұлдыз!

Әлемдік сахна айбоздары

Иә, жыл басы Димаш Құдай­бергеннің Нью-Йорк төріндегі Madison Square Garden сахнасындағы жеке кешімен басталып, әншінің нағыз жанкүйерлерінің қошемет-қолпашына толды. Әлем халқының әнге, өнерге құмар жанын бір нүктеде тоғыс­тырды. Қазақ деген ұлтты таныстырды. Қазақ деген тілді естіртті. Бар әлемнің құлағы біздің Димаштың әнін тыңдап тұрғандай күй кештік.

Иә, бұл жыл жас өнерпаздар үшін жеміс­ті кезең болды. Олар әлемдегі ең ірі музыкалық бай­қауларда бақ сынап, жеңістің жүлдесін арқалап қайтты. Атап айтсақ, Ержан Максим Дубайда өткен «Sanremo Best Song – 2025» байқауының Гран-при иегері, Александр Лим Қазанда өткен XXI «Жаңа толқын – 2025» конкурсының Гран-при иегері, Алмагүл Батта­лиева XXXIV «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің Гран-при иегері, El Voice тобы Ставропольде өткен «Soldier’s Envelope – 2025» халықаралық фес­тивалінің Гран-при иегері, Алматы облысы Жамбыл ауданы Қайназар ауылы №1 орта мектебінің 7-сынып оқушысы Мирас Нағашыбай XXIII «Витебск» халықаралық балалар музыкалық байқауының жеңімпазы, Жасмин Түзелова Ресейдегі «Голос. Дети» музыкалық шоуы­ның фи­налисі, Ернар Садырбаев (Amre) Мәскеуде өткен «Интервидение – 2025» халықаралық байқауының финалисі атанды. Сондай-ақ «Ас­тана Опера» театрының жетекші солисі, Италиядағы La Scala театры академиясының студенті, Портофино қаласында өткен XI халықаралық «CLIP 2025» опера байқауының Гран-при иегері – Әйгерім Алтынбек, Ставропольде өткен «Soldier’s Envelope – 2025» халықаралық фестиваль-байқауының жеңімпазы, «El Voice» тобы мен Италиядағы «Open Italy – 2023» байқауында үздік деп танылған домбырашылар дуэті «Temirlan & Yernat» және басқа да дарынды жастар ел мерейін өсірді.

«Осы күнге дейін қолдау көр­сетіп келе жатқан еліме алғыс білдіремін. Кез келген жас өнерпаз үшін қолдау өте ма­ңызды. Мәде­ниет саласындағы әріптес­терім де Мемлекет басшысының жан-жақты қолдауын көріп келеді. Бұл шығар­машылыққа айтарлықтай әсер етеді. Сенім мен батылдық сыйлап, көп іске құлшындырады. Мен елімді одан әрі таныта беруге бар күш-жігерімді саламын», дейді әнші Ернар Садырбаев.

Жуырда белгілі күйші Жанғали Жүз­бай Түркияның Алания қала­сында өткен халықаралық іс-шарада Ысмайыл Гас­пралы атын­дағы беделді сыйлықпен мара­патталғаны да есімізде. Айта кетсек, бұл марапат түркі әлемінің бірлігі мен мәдени ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесі үшін табысталады. Бұған дейін аталған сыйлық «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін» атауымен түрлі сала өкілдеріне (саясаткерлерге, ғалым­дарға, өнер адамдарына, бұ­қаралық ақпарат құралдары қыз­меткерлеріне) беріліп келген. Ал биылдан бастап марапат ға­лымдар мен өнер­паздарға арнайы «Ысмайыл Гаспралы сый­лығы» атауымен табыстала бастады.

 

«Қазақ өнерін әлемге танытқым келеді»

Осы орайда «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Ита­­­лиядағы La Scala театры ака­де­миясының студенті, Пор­то­фино қаласында өткен XI ха­лық­аралық «CLIP 2025» опера байқауының Гран-при иегері Әйгерім Алтынбекпен тілдесудің сәті түсті. Әлем сахнасын бағын­дырған өнерпаз­бен опера туралы, толқыныстар мен толға­ныстар туралы сөз ағыттық.

– XI халықаралық «CLIP 2025» опера байқауының Гран-при иегері атандыңыз. Бұл байқауға жолыңыз қалай түсті?

– CLIP байқауы әлемдегі ең беделді опера байқауларының бірі екенін бұрыннан білетінмін. Сондықтан оған қатысу мен үшін үлкен мәртебе еді. Байқау бірнеше іріктеу кезеңінен тұрады. Алдымен халықаралық комиссияға бейнежазбалар мен репертуар жібердім, содан кейін Портофиноға ресми шақырту алдым. Бұл – айлар бойғы дайындықтың, ұстаздарыммен үздіксіз жұмыстың және үлкен еңбектің нәтижесі. Ең бастысы, бұл сахнаға Қазақстан атынан шығу үлкен жауапкершілік екенін жүрегіммен сезіндім.

– Қандай шығарма орын­дадыңыз? Қандай толқулы сәттер болды?

– Байқау барысында әр кезеңде түрлі стильдегі ариялар орындау қажет екен. Мен Дж.Пуччинидің «La Bohème» операсынан Мимидің ариясын, Дж.Вердидің «IІ Trovatore» операсынан Леонораның ариясын және алты әртүрлі характердегі
ариялар орындадым. Ең толқулы сәт финал алдында сахна сыртындағы күту болды. Залда әлемнің ең беделді агенттері мен театр өкілдері отырды. Бірақ сахнаға шыққан сәттен бастап толқу тоқтап, тек образ бен музыканы жеткізу және партияны абыроймен жоғарғы деңгейде орындап шығуды ғана ойладым.

– Осындай әлемдік сахнадағы үлкен байқаулар жас өнерпазға не береді?

– Мұндай байқаулар ең алдымен жас әрі жаңа бастап келе жатқан опера әншісі үшін үлкен кәсіби мектеп екені рас. Онда қысқа уақытта түрлі стильде ариялар айтасың. Психологиялық тұрғыда кез келген жағдайға дайын болуға әрі үлкен сахнаға бейімделуге үйретеді. Сондай-ақ бұл әлемдік кәсіби ортаға ену мүмкіндігі деп айтар едім, өйт­кені сені театр директорлары, агенттер, дирижерлер көреді, жаңа жобаларға, операларға, концерттерге шақыру аласың. Бірақ, ең бастысы, өзіңе деген сенімділікті нығайтады.

– Сүйікті операңыз қандай?

– Джузеппе Вердидің «La Traviata» операсы. Бұл шығарма мен үшін тек әдемі музыка ғана емес, адам жанының тереңдігін, махаббат пен құрбандықтың шынайы мәнін көрсететін үлкен фи­лософиялық туынды. Онда музыка мен драматургия бір-бірімен өте нәзік байланысқан, әрбір ария кейіпкердің ішкі әлемін ашып береді. Мен үшін әрқашан жаңаша ашылатын, әр орындаған сайын жаңа қырын көрсететін ерекше шығарма.

– Алдағы шығармашылық жос­пар қандай?

– Қазір басты мақсатым – репертуарымды кеңейту. Кейінгі уақытта көптеген Еуропа театрларына шақыру келіп жатыр. Жақында ғана әлемге әйгілі Ла Скала театрында дебют жасадым. Керемет спектакль қойылды. Содан кейін де көптеген шақыру түсті. Әрине, өз елімде де белсенді өнер көрсетіп, жастарға арналған шеберлік сабақтарын өткізгім келеді. Алдағы уақытта Еуро­памен ғана шектелмей, әлемнің жетекші опера театрларының сахнасында тұрақты өнер көрсетіп, қазақ өнерін әлемге танытқым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет. Сәттілік тілейміз.

Соңғы жаңалықтар