Еркін күрес шеберлері арасында ең үздік нәтиже Асылжан Есенгелдіге тиесілі. 61 кг салмақта күш сынасып жүрген қандасымыз UWW тізімінде төртінші орында тұр. Расында да биылғы маусым Асылжан үшін табысты болды. Ол бірқатар маңызды жарыста жүлде алып, Хорватияның астанасы – Загребте ұйымдастырылған әлем чемпионатында қола медальді мойнында жарқыратты.
92 кг салмақ дәрежесіндегі Камиль Круглиев сегізінші сатыға жайғасса, 70 кг салмақтағы Нұрқожа Қайпанов тоғызыншы орынға тұрақтады. Бір кереметі, Нұрқожаның қоржынында дүниежүзілік доданың толық жүлде жиынтығы бар. Атап айтсақ, 2019 жылы ол Астанада күміспен күптелсе, 2024 жылы Тиранада топ жарды. Ал 2025 жылы Загребте қолаға қол созды. Сондай-ақ Қайпановтың Азияның үш дүркін чемпионы деген атағы тағы бар.
Биыл грек-рим күресінен әлем чемпионы атанып, Алаш жұртының талай жылғы арманын орындаған Айдос Сұлтанғали (60 кг) бесінші орынды иеленді. Соңғы рет «классиктер» дүниежүзілік додада сонау 1999 жылы дараланған еді. Ол кезде Афинада Мкхитар Манукян топ жарды. Міне, енді ширек ғасырдан аса уақыттан кейін Хорватияның бас шаһарында Айдостың асығы алшысынан түсті. Ал Мерей Мәулетқанов (72 кг) пен Ислам Евлоев (87 кг) алтыншы және Әлімхан Сыздықов (130 кг) 10-орынға табан тіреді.
Әйелдер күресінен еліміздің ең үздік балуаны Жәмиля Бақбергенова (72 кг) UWW рейтингінде алтыншы орында тұр. Биылғы маусым қазақ қызы үшін аса сәтті болды деуге келмес. Себебі осыған дейінгі әлем чемпионаттарында үш күміс пен бір қоланы олжалаған Жәмиляның Загребтен қоржыны бос қайтты. Ал Виктория Хусаинова (59 кг) тоғызыншы орынды еншілесе, Елмира Сыздықова (76 кг) үздік ондықты түйіндеді.