Фото: ашық дереккөз
Биылдың айтулы оқиғаларының бірі – азаматтық сектормен бірлесіп өткізген ауқымды диалог алаңдары. Ең негізгісі – Қазақстанның XII Азаматтық форумы болды. Оған 1 000-нан астам ҮЕҰ өкілі қатысты. Бұл іс-шараға дейін 20 өңірлік форум және министрліктермен 14 салалық кездесулер ұйымдастырылған-ды. Нәтижесінде 400 ұсыныс әзірленіп, іс-қимыл жоспарына енді.
Сонымен қатар мемлекеттік және үкіметтік емес сектор арасындағы серіктестікті дамыту бойынша да бірқатар жұмыс жүргізілген. Жыл ішінде республикалық Қоғамдық кеңестер мәжілісі, Халықаралық ҮЕҰ конференциясы және Қайырымдылық форумы өткізілді.

Осы жылы 73 үкіметтік емес ұйым ҮЕҰ сыйлығының лауреаты атанса, 12 ұйымға «Таңдау» сыйлығы табысталды. Ал 33 қайырымдылық қоры мен бірлестігі қайырымдылық саласындағы марапатқа ие болды. Сондай-ақ 1 000-ға жуық ҮЕҰ жобалық басқару форматында әлеуметтік бастамаларды іске асырды.
Жалпы республика көлемінде 2 292 жоба жасалды. Оның ішінде 2 185 жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында, 102 жоба гранттық қаржыландыру және 5 жоба стратегиялық серіктестік негізінде жүзеге асты. 40-тан астам ресурс орталықтары қызмет етеді. Олар облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейде жұмыс істейді.

Айта кетерлігі кейінгі бес жылда әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаражат шамамен екі есе артқан. Бұл – игі бастамалардың жүзеге асуына, мұқтаж жандар мен жастарды қолдауға бағытталып отыр. 2025 жыл – үкіметтік емес ұйымдардың ел дамуына қосқан үлесінің зор екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Алдағы кезеңде азаматтық қоғам институттары әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, халықтың өмір сапасын арттыратын бастамаларды одан әрі жалғастыратынына сенім мол.