Қоғам • 01 Қаңтар, 2026

Қазақстанда ең ірі биофармацевтикалық кешен салынады

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда құны 103 млрд теңгеден асатын заманауи толық циклді биофармацевтикалық кешен салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.  

Қазақстанда ең ірі биофармацевтикалық кешен салынады

Фото: pixabay.com

Инвестициялық келісім

Жоба Мемлекет басшысының фармацевтика саласында отандық өндіріс үлесін 50%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Құжатқа сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі мен Khan Tengri Biopharma ЖШС арасында «Алатау» арнайы экономикалық аймағында заманауи өндірістік кешен салу жөніндегі инвестициялық келісім жобасы мақұлданды.

58 түрлі дәрі-дәрмек өндіріледі

Жаңа кешен озық технологиялармен жабдықталып, 58 түрлі дәрілік препаратты шығаруға мүмкіндік береді. Ерекше назар толық өндірістік циклді, соның ішінде белсенді фармацевтикалық ингредиенттерді (API) өндіруді іске қосуға аударылады.

Өндірістік портфельге 27 халықаралық патенттелмеген атау енеді. Олардың қатарында – онкологиялық, аутоиммундық, сирек кездесетін, қабыну ауруларын емдеуге арналған препараттар бар.

Инвестиция және экспорт

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 103 млрд теңгеден асады, нәтижесінде 180-нен астам тұрақты жұмыс орны ашылады.

Биофармацевтикалық кешенді іске асыру елдің фармацевтика саласын дамытуда стратегиялық маңызға ие. Жоба – жергілікті өндірісті кеңейтуге, импортқа тәуелділікті азайтуға, әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектерді кезең-кезеңімен алмастыруға бағытталған.

Сонымен қатар өндірілетін өнімнің бір бөлігі ЕАЭО, ТМД елдеріне және Таяу Шығыс нарықтарына экспортталмақ.

Соңғы жаңалықтар