Фото: ТЖМ
Осы уақытқа дейін Қазақстанның ұлан-ғайыр аумағына байланысты әрбір өңірде УҚТ (ультрақысқа толқын) радиобайланыс жүйесі дербес қалыптасып келді. Алайда техникалық шешімдердің бытыраңқылығы мен бірыңғай стандарттың болмауы төтенше жағдайларда бөлімшелерді басқару тиімділігін төмендеткен еді.
Байланыстың орнықтылығы мен жеделдігіне қойылатын жоғары талаптар республикалық деңгейдегі бірыңғай орталықтандырылған жүйені құруға негіз болды. Осы мақсатта Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық Ұлан және Ішкі істер министрлігі өкілдерінен құралған ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.
Жаңа желі қалай жұмыс істейді?
Жұмыс тобы радиоқамтудың басым аймақтарын, инфрақұрылым объектілерін орналастыруды және жобаны іске асырудың кезеңділігін егжей-тегжейлі пысықтады. Жыл бойы жүргізілген монтаждау жұмыстарының нәтижесінде негізгі елді мекендер мен басты көлік бағыттары бірыңғай радиожеліге біріктірілді.
«Қабылданған шешімдердің қорытындысы бойынша еліміздің барлық өңірлері бірыңғай радиожелісіне біріктірілді. Бұл жүйені одан әрі кеңейтуге, оның ішінде шалғайдағы аудан орталықтары мен жетуге жолы қиын аумақтарды қамтуға толық жағдай жасады», деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Жүйені дамытудың келесі кезеңдері де нақты белгіленген:
2026 жылы Астана, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында тұрақты радиосигналды қамтамасыз ету үшін қосымша базалық станциялар сатып алынады.
SmartOne диспетчерлік платформасын қолдана отырып, аудандық бөлімшелердің ретрансляторларын транкингтік желіге біріктіру жоспарланған. Бұл шалғайдағы нысандарда, автожолдар мен орман алқаптарында сапалы байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Дамудың маңызды кезеңі – HyTalk коммутациялық жабдығын пайдалану. Бұл технология транкингтік желілерді, 3G/4G/LTE кең жолақты желілерін және Интернетті бірыңғай коммуникациялық кеңістікте тоғыстырады.