Қоғам • 02 Қаңтар, 2026

1,6 мың шақырым жол жөнделіп, 2 мыңға жуық жаңа вагон беріледі

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Президент тапсырмалары аясында теміржол инфрақұрылымын дамытудың белсенді кезеңі басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

1,6 мың шақырым жол жөнделіп, 2 мыңға жуық жаңа вагон беріледі

Фото: Ашық дереккөз

Вице-министрдің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша теміржол саласы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді: тасымалдау көлемі шамамен 318 млн тоннаға жетті. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 327 млн тоннаны құрайды деп болжанып отыр. Транзиттік тасымал саласында жыл сайынғы тұрақты өсім 20% деңгейінде сақталып келеді.

«Биыл «Достық – Мойынты» және «Алматы айналма жолы» сияқты ірі жобалар аяқталды, олардың жалпы ұзындығы – 911 шақырым. Бұл желінің өткізу қабілетін 5 есеге арттыруға және транзиттік тасымалдарды жеделдетуге мүмкіндік берді», деді Жәнібек Тайжанов.

Вице-министр алдағы жоспарларға да тоқталып өтті:

  • «Қызылжар – Мойынты» және «Дарбаза – Мақтаарал» учаскелеріндегі стратегиялық жобалар аяқталады.
  • «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» бағыттарын жаңарту жұмыстары жүргізіледі.

Теміржол қызметтерінің сапасын жақсарту үшін паркті ауқымды түрде жаңарту көзделген. 2026 жылға қарай:

  • 236 локомотив;
  • 1,4 мыңнан астам жүк вагоны;
  • 191 заманауи жолаушылар вагоны жеткізіледі.

Сондай-ақ жол жөндеу жұмыстарының қарқыны да жоғары. 2025 жылы 1,5 мың шақырым жол жөнделсе, 2026 жылы тағы 1,6 мың шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) мен «Солтүстік – Оңтүстік» дәліздері халықаралық саудадағы маңызын арттыра түспек. ТХКБ аясында отандық сауда флоты 4 пароммен толықтырылып, 2026 жылы контейнерлер тасымалы 90 мың ЖПЭ-ге жетеді деп жоспарланған.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен вокзалдарды жаңғыртудың кешенді бағдарламасы жүріп жатыр.

«Осылайша, 2026 жыл Қазақстанның заманауи әрі орнықты, бәсекеге қабілетті көлік жүйесін қалыптастыратын негізгі инфрақұрылымдық жобаларының аяқталып, іс жүзінде жемісін бере бастаған кезеңі болады», деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар