Фото: istockphoto.com
Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылдың қорытындысын шығарып, жүйелі реформалардың нәтижелерін жариялады. Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асқан шаралардың арқасында еліміз БҰҰ-ның Адами даму индексінде бірден 7 сатыға жоғарылаған.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елдегі жалпы өлім деңгейі 2,6%-ға, ал нәресте өлімі 18,7%-ға төмендеген. Бұл көрсеткіштерге саланы қаржыландыруды 3 есеге ұлғайту арқылы қол жеткізілді: 2025 жылы медицина бюджеті 3 триллион теңгені құрады.
Жыл бойы ауылдық жерлерде 655 жаңа нысан (фельдшерлік-акушерлік пункттер мен амбулаториялар) іске қосылып, үш ірі республикалық клиника пайдалануға берілді. Сонымен қатар онкологиялық аурулармен күресте маңызды қадам жасалып, елімізде алғашқы протондық терапия орталығы ашылды.
«Саланың басты құндылығы – адам. Біз медицина қызметкерлерін қолдауды жүйелі түрде күшейтіп келеміз және сапалы әрі қолжетімді медициналық көмектің әрбір азаматқа жақын болуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз», делінген министрлік хабарламасында.