Елорда • 05 Қаңтар, 2026

2026 жылы Астанада қандай өзгерістер болады?

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Құрылыс қарқыны бәсеңдемейтін бас шаһарда 2026 жыл стратегиялық маңызы бар нысандардың ел игілігіне берілуімен және қалалық ортаның сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілуімен ерекшеленбек. Ұзақ жылдарға созылған жобалардың түйіні тарқатылып, Астананың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыратын тың бастамалар іске қосылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

2026 жылы Астанада қандай өзгерістер болады?

Фото: yerlansakenov

Көлік саласының серпіні: LRT дәуірі басталады

Астана жұртшылығы асыға күткен LRT жобасы 2026 жылдың көктемінде халық игілігіне беріледі. Көп жылға созылған бұл құрылыс нысаны ресми түрде қоғамдық көлік ретінде есігін ашады. Қазіргі таңда сынақ жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінде қалаға 4 құрам жеткізілген. Әуежай маңындағы Депо іске қосылып, қала бойынша станциялардағы соңғы әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Станцияларда негізінен желдету, жылыту жүйелері мен эскалаторлар мен лифттерді орнату секілді ішкі жұмыстар қалды.

1

Айта кетерлігі, 2026 жылдың мамырына қарай әуежайдан LRT станциясына дейінгі жабық өткел құрылысы аяқталуы тиіс.

Сәулет және ресми мекендер: Мемлекеттік қабылдау үйі

Ақордаға қарама-қарсы бетте, Есіл өзенінің жағасындағы көпір маңында Мемлекеттік қабылдау үйі бой көтереді. Құрылысы аяқталуға жақын бұл нысан жоғары деңгейдегі мәртебелі меймандарды қабылдауға арналған.

2

Болашақта мемлекет басшылары осы жерде кездесіп, соның әсерінен кортеждер бағыты өзгерсе, Мәңгілік ел даңғылындағы кептеліс азайып, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасалар еді деген үміт басым.

«Мыңжылдық» аллеясының жаңа кейпі

2026 жылы көптен күткен «Мыңжылдық» (Мынжылдык) аллеясын абаттандыру жұмыстары басталады. Бұл жоба Жаңа вокзал маңындағы құрылыстардың сәулеттік үйлесімін түбегейлі өзгертеді. Осы уақытқа дейін қоғамдық кеңістіктерден кенде қалып келген бұл аудан заманауи кейіпке енеді.

3

Кейбір тұстарда үйлердің тығыз салынуына байланысты кеңістіктің тарылуы байқалғанымен, бұл аймақ қаланың ең танымал демалыс орындарының біріне айналады деп күтіледі.

Спорттық нысандар: «Қазақстан» және Қажымұқан стадионы

«Қазақстан» спорт кешенінің 2026 жылы модернизациясы толық аяқталуы тиіс. Бұған дейін апатты деп танылып, инвестордың ауысуына байланысты жұмысы тұралап қалған кешенде енді бассейн мен хоккей алаңы халыққа қызмет ететін болады. Әсіресе, «Алматы» ауданының тұрғындары бұл нысанның ашылуын тағатсыздана күтіп жүр.

4

1936 жылы іргесі қаланған Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның орнына салынған жаңа жабық арена 2026 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі. 3 600 орындық бұл нысан қыс мезгілінде де спорттық шаралар мен жаттығулар өткізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, жердің нысаналы мақсаты сақталып, көрермен сыйымдылығы артады.

5

Сауда мен бизнес: «Евразия» СО-ның трансформациясы

2026 жыл елордадағы ең көне сауда орталықтарының бірі – «Евразия» үшін бетбұрыс кезеңі болмақ. Кәсіпкер Серік Төлбасы нысанды сатып алғаннан кейін, оны заманауи «mixed-use» платформасына айналдыруды көздеп отыр.

7

Мұнда гастрономиялық базарлар, жаңа брендтер, көркем архитектура мен тұрғындар үшін ойластырылған демалыс аймақтары пайда болады. Бұл ауданның сауда концепциясы түбегейлі жаңарады.

Жасыл белдеу және руханият

«Даму» (Damu Park) саябағы: Әл-Фараби даңғылы мен Керей-Жәнібек хандар көшесінің қиылысында (Capital park ауданы) орналасқан бұл саябақ 2026 жылдың жазында ашылады.

8

Мұнда тоған, спорттық аймақтар, сауда павильондары мен дәмханалар болады.

Борис Оленев

Православ храмы мен рухани кешен: Ұлттық ғарыш орталығы маңында жаңа рухани-ағартушылық кешені бой көтереді. 2025 жылы Патриарх Кирилл негізін қалаған бұл жобаның алғашқы ғимараты 2026 жылы дайын болады. Болашақта мұнда мектеп, балабақша, медициналық және әкімшілік мекемелерді қамтитын 7 ғимараттан тұратын қалашық пайда болады.

Жаңа Конгресс-холл

Бейбітшілік және келісім саябағы маңында салынып жатқан жаңа Конгресс-холл да 2026 жылы есігін ашады. Депутаттар қалашығына жақын орналасқан бұл нысан тыныш локацияда болуымен ерекшеленеді.

9

Мүмкін, алдағы уақытта маңызды халықаралық кездесулер тұрғын үйлермен қоршалған Тәуелсіздік сарайында емес, дәл осы жерде өтетін болады.

Соңғы жаңалықтар