Қоғам • 05 Қаңтар, 2026

Геннадий Шиповских: Елімізді ірі көлік хабына айналдыру – стратегиялық мақсат

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Геннадий Шиповских Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Геннадий Шиповских: Елімізді ірі көлік хабына айналдыру – стратегиялық мақсат

Геннадий Шиповских Президент сұхбатында көлік және логистика саласы кеңінен қамтылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, Еуразияның дәл ортасында орналасқан.

«Бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік. Осы артықшылықты тиімді пайдаланып, елімізді Еуразия кеңістігіндегі ірі көлік хабына айналдыру – стратегиялық мақсат. Сұхбатта соңғы жылдары атқарылып жатқан нақты жұмыстар айтылды. Жақында іске қосылған «Достық – Мойынты» теміржол магистралі Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Ал алдағы уақытта жаңа теміржол желілері іске қосылып, 2030 жылға дейін мыңдаған шақырым теміржол салынып, жөнделеді», деп жазды Г.Шиповских әлеуметтік желіде.

Сонымен қатар, депутат «Орталық – Батыс» күре жолының құрылысы туралы сөз еткен. Оның айтуынша, аталған күре жол ел ішіндегі қатынасты жеңілдетіп, өңірлер арасындағы байланысты нығайтады. Бұл тек логистикаға ғана емес, жалпы көлік саласының дамуына серпін беретін маңызды жоба.

«Президент көлік пен логистиканың бүгінгі таңда геосаясаттың да ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Қазақстан халықаралық көлік дәліздерін дамытуға белсенді қатысып, «Бір белдеу – бір жол», «Солтүстік – Оңтүстік» және Транскаспий, яғни Орта дәліз бағыттарын ілгерілетіп келеді. Жалпы, бұл сала – тек жол мен теміржол ғана емес, бүкіл экономиканы біріктіретін маңызды жүйе. Сондықтан порттарды, әуежайларды, вокзалдарды жаңғырту, сервисті жақсарту және цифрлық шешімдерді енгізу – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі», делінген жазбада.

Соңғы жаңалықтар