Экономика • 06 Қаңтар, 2026

«Қара алтын» арзандаса, қазына ортаймай ма? Венесуэла факторының қазақ экономикасына әсері

190 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мұхиттың арғы бетіндегі Венесуэланың басына бұлт үйірілсе, жаһандық мұнай нарығы елең ете қалатыны белгілі. Әлемдік «қара алтын» картасында өзіндік орны бар бұл елдегі саяси-экономикалық тербелістер Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Бюджеттің бүйірін толтырып отырған мұнай бағасы құбылса, Ұлттық қордың жағдайы нешік болмақ? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовпен тілдескен едік.

«Қара алтын» арзандаса, қазына ортаймай ма? Венесуэла факторының қазақ экономикасына әсері

Фото: istockphoto.com

Дағдарыс нарығындағы алып

Бүгінгі таңда Венесуэланың мұнай өндірісі бұрынғы айбынынан айырылған. Бір кездері тәулігіне 3-4 млн баррель мұнайды нарыққа шығаратын елдің қазіргі ахуалы мәз емес. Сарапшының айтуынша, бұл тоқыраудың астарында терең жүйелі себептер жатыр. 

«Венесуэла қазіргі таңда жобамен бір күнде млн баррель тәулігіне мұнай шығарады. Осыдан бес жыл бұрын бұл көрсеткіш жарты млн баррельден де түскен болатын. Тарихқа үңілетін болсақ, әрине олар 3-4 млн баррельге дейін жеткен кезінде. Бірақ инфрақұрылымның ескіруіне, инвестицияның құйылмауына, сыртқы технология мен инновацияның қолданылмауына және компетенцияның жеткіліксіздігіне байланысты олардың мұнай-газ саласы күннен-күнге тоқырауға ұшырап барады. Кен орындарындағы қысым төмен түскен. Екінші фактор – олардағы мұнайдың тығыздығы жоғары, яғни «ауыр мұнай» болуы. Бұл мұнай кәдімгі сағыз секілді қою, кей жерде ақпауы да мүмкін. Оны өңдеу үшін орасан зор қаражат керек, сондықтан өзіндік құны өте қымбатқа шығады.

Үшінші фактор – ішкі тұтыну. Бір миллион баррель шықса да, оның қаншасын экспортқа сата алады деген сұрақ туады. Қазақстанда екі млн баррель шықса, оның 70%-ын сыртқа сатып, ақша табамыз. Ал Венесуэла үшін бұл – үлкен сауал. Себебі санкцияларға байланысты олар мұнайын кез келген елге сата алмайды. Ресейдің мұнайы секілді, санкцияда болған соң бағасы төмен. Инфрақұрылымды жаңартып, импульс беретін компания да, инвестор да қазір сыңай танытып отырған жоқ», дейді Абзал Нарымбетов.

1

АҚШ Венесуэланың астанасы Каракасқа әуе соққыларын жасады

Мұнай бағасы және бюджет 

Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуі Қазақстан үшін әрқашан сезімтал тақырып. Десе де, сарапшы бұл мәселеге байыппен, прагматикалық тұрғыдан қарау керек деп есептейді. 

«Қазақстанға келетін болсақ, Венесуэла факторы нарықтық бағаға қатты әсер ете қоймайды. Қазіргі мұнай бағасы 60 доллар төңірегінде, бұл – төмен баға. 2022 жылы 100 долларды, 2023 жылы 80 долларды көрдік. 2024 жылы 70 болса, қазір тіпті төмендеп барады. Бір ескеретіні, 2016–2019 жылдардағы 60 доллар мен қазіргі 60 доллардың салмағы екі бөлек, өйткені доллардың сатып алу қабілеті өзгерді.

Қазақстан бюджетіне келсек, 2024–2025 жылдары мұнай 75 доллардан төмен болса, дефицит болатыны белгілі еді. Бірақ бұл дефицит жылда болып келеді. Біз 2007 жылдан бастап Ұлттық қордан жылына орта есеппен 10 миллиард доллар алып келеміз. Бұл кәдімгі үшінші бюджет сияқты болып кетті. Сондықтан Ұлттық қордың азаюы тек мұнай бағасына ғана байланысты емес. Баға 100 доллар болғанда да біз қордан ақша алдық. Соңғы 15-18 жылдағы үрдіс солай. Мұнай бағасы күрт түссе де, көтерілсе де бұл алу процесі тоқтай қояды деп ойламаймын. Ал Венесуэладағы оқиғалар бағаға жақын арада айтарлықтай әсер етпейді», дейді сарапшы.

Еуропалық одақ: Венесуэланың егемендігі сақталуы тиіс

Теңіз бен Қашанғанның басымдығы

Венесуэланың ауыр мұнайы мен Қазақстанның жеңіл мұнайын салыстыру – екі бөлек дүние. Біздің негізгі кен орындарымыз халықаралық келісімшарттармен бекемделген. 

«Венесуэла мұнайы – ауыр, ал Қашаған мен Теңіз мұнайы – жеңіл, конденсаты көп. Сондықтан біздің мұнайдан өнім көп шығады және мұнай-газ химиясында қолдануға тиімді. Қазір Теңіз айналасында полиэтилен, полипропилен өндіретін кластерлер салынып жатқаны сондықтан. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ – Қазақстан мұнайының 70%-ын, ал экспорттың 80%-ын құрайды. Бұл үш жоба мұнайын 100% сыртқа жөнелте алады, оларды ішкі нарыққа күштей алмайсыз, келісім солай.

Мысалы, Теңіздегі болашақ кеңейту жобасына 50 млрд доллар құйылды. Инвесторлар (Chevron, ExxonMobil, Лукойл, ҚазМұнайГаз) 2033 жылға дейін осы қаражатты қайтарып алуға тырысады. Олар үшін мұнай бағасының 50 немесе 60 доллар болғаны маңызды емес, олар өз шығындарын бағамен емес, өндірілген көлеммен есептейді. Сондықтан бұл инвесторларға сыртқы саяси факторлар қатты әсер етеді деп айта алмаймыз. Олар өз репутациясына, техникалық және экологиялық сапасына өте қатты мән береді», дейді сарапшы

Сарапшының пайымынша, Венесуэланың қайтадан әлемдік нарықта ықпалды ойыншыға айналуы үшін кемінде 4-5 жыл, бәлкім 10 жыл уақыт пен орасан зор инвестиция қажет. Оған дейін «қара алтын» нарығындағы ауанды өзге факторлар анықтайтыны анық.

«Біздің журналистер қауымы кейде популистік логикаға бой алдырып, сыртта не жазылса соған елеңдейді. Бірақ мәселеге реалист, прагматик ретінде қарау керек. Венесуэлаға алып мұнай-газ компаниялары қайтып оралмайынша, санкциялар шешілмейінше үлкен өзгеріс болмайды. Ал санкция – Ресей мысалында көргеніміздей, бір күнде алынатын дүние емес», деді Абзал Нарымбетов.

Соңғы жаңалықтар