Аймақтар • 07 Қаңтар, 2026

Су құбырындағы цифрлық жоба

70 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президенттің биылғы Жолдауында көтерілген түйткілді жайттың қатарында суды үнемдеу мәселесі де бар. «Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ. Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс», деді Мемлекет басшысы.

Су құбырындағы цифрлық жоба

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мәселен, Аты­рау өңі­рінің орта­лығы мен оған таяу орналасқан елді ме­кен­­дердегі, Мақат ауданын­дағы тұрғындарды сумен қам­титын жетекші мекеме – «Атырау облысы Су Ар­на­сы» КМК. Мұнайлы ша­һар­да арнайы құрылғылар­мен тәулігіне шамамен 120 мың текше метр су тазартылады. Оның ішінде Амангелді және Алмалы ауылдарындағы су тазартатын құрылғылар­дың өнімділігі – тәулігіне ­600 текше метр. Мақат кен­тінде тәулігіне 3 мың текше ­метр суды тазартуға арналған құрылғылар бар.

Атырау қаласында су жет­кізетін құбырдың ұзын­дығы 1 441 шақырымға созылады. Күнделікті тұты­на­­тын су шаһар маңын­дағы ауыл­дарға 1 316, Мақат пен ­Дос­сор кентіде 125 шақы­рым құбырмен жеткізі­ле­ді. Су қысымы 53 сорап стан­са­сын­да көтеріледі. Бұл кәсіп­орын 311 шақы­рым кәріз құбырына иелік етеді.

«Атырауда сумен жаб­дық­тау және су бұру жүйе­сінің жұмысын тиімді бас­қару мақсатында диспет­чер­лік пункт жұмыс істеп тұр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-комму­нал­­дық шаруашылық басқар­ма­сының тапсырысына сәйкес «Атырау облысы Су Арнасы» мекемесінде арнайы жүйе іске қосылды. Бұл жүйені кәріз сорғы стансаларына, сорғы көтеру стансаларына, су жинау құрылғыларына, жылыту бекеттеріне, су жинайтын резервуарларға, көпқабатты тұрғын үйлерге су есептегіш жабдықты қон­дыру көзделді. Қазір 90-ға жуық кәріз сорғысына, 36 сорғы көтеру станса­сы­на, көпқабатты 521 тұр­ғын үйге су есептегіш құ­рылғы қондырылды», дейді кәсіп­орын директоры Мейірім Қалауи.

Кейінгі жылдары Атырау қаласының оң жағалауында орналасқан №5 су сүзгі стансасы пайдалануға берілді. Бұл жобаның мақсаты – Жайық өзенінен алынған суды сапалы тазартып, қала тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету. Жаңа стансада тәулігіне 50 мың текше метр су тазартылады. Жайық өзенінен қалқыма­лы және жағадағы бірінші көтеру сорғы стансалары арқылы алынады. Стансада әрқайсысы 10 мың текше метр болатын үш су сақтау резервуары орнатылған.

«Қалқымалы станса су деңгейі төмендеген жағ­дай­да да үздіксіз жұмыс істей береді. Су тазарту тұндыру, сүзу және натрий гипохлоридімен залалсыз­дандыру арқылы жүр­гізіледі. Бұл реагент станса жанындағы қондырғыда ас тұзынан өндіріледі. Жуу-шаю суларын қайта пай­­даланатын жүйе су үнем­­деуге мүмкіндік бере­ді. Тазар­тылған су үш резер­вуар­да сақталып, екінші сорғы стансасы арқылы тұр­ғындарға жеткізіледі», дейді облыстық энергети­ка және тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық басқар­ма­сының өкілі Амангүл Айтбай.

«Атырау Су Арнасы» КМК-ның бас технологі Жәмила Исаға­лиеваның дерегіне сүйенсек, Жайық өзенінен алынған табиғи судың лайлығы мау­сымға және ауа райына байланыс­ты құбылып тұрады. Кейде 28–30 пайыз шамасында болса, кей мезгілде 80 пайызға дейін жетеді.

«Суды тұтынушыларға жеткізбестен бұрын бір­не­ше кезеңнен тұратын меха­никалық және химиялық тазарту үдерісі жүзеге асырылады. Бұл жұмыстың нә­ти­жесінде ауызсу құрамы 0,5 пайызға дейінгі мөл­шер­де лайдан тазартылады. Осылайша, санитар­лық талаптарға толық сәйкес келетін деңгейге жеткізі­ле­ді. Қазір кәсіпорында төрт су тазарту стансасы жұмыс істеп тұр. Біз суды бірне­ше сатылы сүзгіден өткізіп, зертханалық бақылаумен сапасын тексеріп отырамыз», дейді Ж.Исағалиева.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар